Түркістанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының шәкірттеріне арнайы дәріс оқыды.
«Ихсан – пенденің рухани кемелдігінің көрінісі. Ихсан дәрежесінің маңыздылығына байланысты нәпсі тәрбиесіне қатысты бүкіл бір ілімді ғалымдарымыз «Ихсан ілімі» деп атаған.
Адам баласы айналасына назар аударар болса, Алла Тағала жаратылыстардың барлығын ең кемел шеберлікпен көркем етіп жаратқанын байқайды.
Қасиетті Құранда: «Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркем етті. Адам баласын балшықтан жаратты», – деп айтылған («Сәжде» сүресі, 7-аят).
Сол жаратылыстардың ішінде адам баласын құрметті еткен. Оны ақыл-сана арқылы өзге жаратылыстарынан ерекшелеген. Өзіне соншалық нығмет берген Жаратушысына шүкірлік ретінде адам баласы да Оның әмірлерін ең көркем түрде, яғни ихсани дәрежеде орындауға тырысуы қажет. Қасиетті Құранның «Қасас» сүресінің 77-аятында Алла Тағала: «Алла саған көркем жақсылық еткеніндей сен де көркем түрде жақсылық істе», – деп айтқан. Адамзатқа ақиқатты жеткізуші, Алла Тағаланың ең сүйікті құлдары болған пайғамбарлардың барлығы ихсан иелері еді», – деді Бас мүфти.








