Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Америкадағы Қазақстан елшісімен кездесті

Бас мүфти Америкадағы Қазақстан елшісімен кездесті

0 70

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Елшісі Мағжан Жанботаұлы Ілиясов мырзамен кездесуден бастады.

Кездесу барысында тараптар шетелдегі қазақ диаспорасымен рухани байланысты нығайту, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ рухани-мәдени дипломатия бағытындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бас мүфти елшілік тарапынан сапарды ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

Бас мүфти хазрет өз сөзінде:
«Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттердің өзара қарым-қатынасы тек саяси және экономикалық байланыстармен шектелмей, рухани-мәдени дипломатия арқылы да тереңдей түсуде. Бұл бағытта біздің ел дүниежүзі деңгейінде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін тұрақты түрде өткізіп, бүкіл адамзатты діни татулық пен ортақ мақсатқа үндеп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында: «Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі “Бірлігіміз – әралуандықта” қағидатына сүйенеді», – деп атап өткен болатын», – деді.

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебін дәріптеу жұмысын жалғастыра беретінін, бұл бағыт шетелдегі отандастардың рухани тұтастығын сақтауда маңызды екенін тілге тиек етті.

Кездесу соңында тараптар елшілік пен ҚМДБ арасындағы өзара үйлесімді жұмысты одан әрі жалғастыру шетелдегі қазақстандықтардың ұлттық және рухани болмысын сақтау ісіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.












Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.