8 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Францияның еліміздегі елшісі Дидье Канесспен кездесті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.
Басқосуда Бас мүфти елшіге елімізде діни салада атқарылып жатқан іс-шаралар, оқу-ағарту бойынша жүзеге асқан игі жобалар, мешіт-медреселердің жұмысы туралы айтып берді. Өз кезегінде елші Дидье Канесс Франциядағы діни ахуал, адам құқығы мен бостандығы жайлы Бас мүфтиді хабардар етті.
Тараптар халықтың діни татулығы мен достық қарым-қатынасын нығайтудың, сонымен қатар, осы бағытта өзара ынтымақтастықты арттырудың маңызы жайлы пікір алысты. Наурызбай қажы Тағанұлы дүниежүзі халықтарын бірлік пен бейбітшілікке үндеп келе жатқан Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің рөлін айрықша атап өтті. Елші аталған халықаралық басқосуға Франция тарапынан делегация келетінін, осы бағытта арнайы келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді.
Басқосу соңында Бас мүфти мәртебелі мейманға кәде-сый тарту етті.