Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Семейде «Абай Құнанбайұлы» орталық мешіті ашылды (ФОТО)

0 1  025

Наурыз мейрамына орай Семей қалалық «Абай Құнанбайұлы» мешіті жамағатқа есігін ашты. Түркі жұртының төл мейрамы қарсаңында ел игілігіне берілген нысанның ашылуына Семей қаласының әкімі Нұрымбет Аманұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы және ел ағалары арнайы қатысты.

Семей қаласының қақ ортасындағы құрылысы ұзақ жыл бойы тоқтап қалған бұл мешітті кәсіпкер Дулат Тастакеев қолға алып, жақында ғана толықтай аяқтаған болатын. Салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үй мешіттің ашылуымен барша Семей жұртшылығын құттықтады.

«Бүгін – тарихи күн. Абай елі мұны көп күтті. Осы мешіттің ашылуын біз де ұзақ күттік. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында барша Семей халқының игілігіне беріліп отыр. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді. Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды мақсат етуі керек. Өйткені бұл жер елдің діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосатын орын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты менің құзырымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – деп айтады», – деген. Осы орайда қазақ даласында мешіттер салына берсін, иманды қоғам арта берсін дегіміз келеді. Алаштың рухани астанасына дем беріп, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс! Алла разы болсын!» – деп өзінің ақ тілегін жеткізе отырып, бүгінгі әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.

Тұсаукесер рәсіміне еліміздің әр өңірінен келген өнер, әдебиет, мәдениет майталмандары ақжарма тілегін жеткізді. Игі шарада сөз алған Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман қатар келген қос тоймен құттықтады.

Мешітте 2500 адам бір уақытта намаз оқи алады. Ғимараттың ішінде діни жоралғыларды өткізуге арналған кең бөлмелер қарастырылған. 2008 жылы іргесі қаланып, құрылысы тоқтап қалған құлшылық ордасының құрылыс жұмыстары 3 жылдың ішінде аяқталды. Ал сыртқы абаттандыру жұмыстарына Түркістан облысы демеу білдіріпті.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.