Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

МЕШІТ ӘДЕПТЕРІ

0 3  131

Мешіт – Алланың үйі. Оған келушілер де Алла үйінде барынша әдеп сақтау ләзім. Себебі, біз мешітке барғанда Аллаға құлшылық жасау үшін, тәубе етіп рухани тазару үшін келеміз.

   Мешітке барар кезде жақсылап дәрет алып, әдемі киімдерін киіп, хош иістерін себініп барған жөн. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ей, адам баласы Алла үйіне барған кезде жақсы киімдеріңді киіңдер» (Ағраф-31). Әбу Һурайрадан келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.а) «Кімде-кім үйінен тазаланып Алла үйіне қарай шықса, әрбір басқан қадамына күнәсі кешіріліп дәрежесі көтеріледі» деген. (Муслим)

   Мешітке кірген кезде оң аяқпен аттап, «Бисмилләһи, Аллаһумма ифтахлии әбуәбә рахматик» деген дұға оқылады.

   Сонымен қатар, мешіт ішіндегі жамағатқа зиян тигізбеу, дауыс көтеріп сөйлемеу секілді әдепке көңіл бөліп алдыңғы қатарға өту үшін әдепсіздік танытпай ыңғайлы орынға отыру қажет. Егер мешітке кірген кезде уақыты болса екі ракағат намаз оқған жөн саналады. Себебі Ханафи мәзһәбында екі ракағат намаз оқымай отыру мәкруһ болып есептеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.а) бір хадисінде былай дейді: «Егер мешітке кірсеңдер, екі ракағат намаз оқымай отырмаңдар». (Бұхари. Муслим)

   Мешітке келген адам сарымсақ, жуа т.б жағымсыз иіс шығаратын нәрсе жемей барғаны дұрыс жөн. Себебі мұсылман Алланың үйіне барғанда ықыласпен таза ниетпен барады, егер жағымсыз иіс шығып тұрса басқа адамға әсер етіп ол адамды ыңғайсыз хәлге түсіріп, ғибадатқа деген ықыласын кетіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.а) бір хадис шәрифінде: «Кімде-кім сарымсақ және жуа жесе (иісі кеткенге дейін) мешітке кірмесін» деді.

   Алла үйіне барғаннан кейін бос әңгімеден, жағымсыз қылықтардан, дауыс көтеріп сөйлеуден, артық жүрістен сақтану қажет. Егер Құран оқитын болса да дауысын бәсеңдетіп, басқаға зиян келтірмей оқығаны дұрыс. Өзінен басқа адамның да құлшылық жасап жатқанын да естен шығармау керек.Әби Сағид Әл-Худуриден риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.а) мешітте иғтикафта еді, дауыстап Құран оқып отырғандарды естіді де пердесін ашып былай деді: «Сендер Аллаға құлшылық жасап жатқан жоқсыңдарма? Олай болса Құран оқығанда  бір-бірлеріңе дауыс көтеріп, зиян келтірмеңдер». (Нәсәи)

   Сонымен қатар имам мінберде құтпа айтып тұрғанда қасындағы адамға сөйлеме деп айту да дұрыс емес. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.а) былай дейді: «Егер жұма күні имам құтпа айтып тұрғанда қасындағы адамға сөйлеме деп айтқан болса, бос сөз айтқан болып есептеледі» деді. (Бұхари. Муслим)

   Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.а) қасыңдағы адамға сөйлеме деп айтудан тыйған болса, нәпіл намаз оқу және бас қада іс-әрекеттерден сөз қозғау артық болар. Алланың үйінде әдеп сақтап тақуалықпен құлшылық қылып, Алланың рахметіне бөленуімізді нәсіп етсін!

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы,

Исламтанушы, Серікбол ХАМАНҰЛЫ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.