Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

0 2  485

Ата-бабаларымыз қашан да дініне берік, салт-дәстүрін жоғалтпай ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқаны баршамызға айдан анық. Бүгінгі таңда Батысқа еліктеп жартылай жалаңаштанып, шаштарын ұзынды-қысқалы етіп еліктеп жүрген бауырларымыз бен қаракөз қарындастарымыз қаншама.

Бұрынғы апаларымызды мысал ететін болсақ ол кісілер шаштарын кеспек түгілі ер адамның алдынан көлденең кесіп өткен емес. Ер адам сөйлесе, бар ықыласымен тыңдаған, бір нәрсені әмір етсе, екі етпей орындаған. Себебі, асыл аналарымыз күйеуіне бойұсынудың Алла әмірі екенін жақсы білген.

Әйелдердің ерлеріне бойұсынуы жайында қасиетті Құранда былай келтіреді: «Егер адамдар әйелдеріне басшы (яғни, әйелді бағып-қағу, қорғау және тәрбиелеу- ер адамның міндеті). Өйткені, Алла Тағала (күш-қуат тұрғысынан) оларды бір-бірінен (ер адамды әйел затынан) үстем қылды әрі ер адамдар нәпақасын табушы. Ал, салиқалы әйелдер Аллаға және ерлеріне басы толықтай бойұсынады. Бүгінгі қоғамда осы Құран аяттарының рухын көре аламыз ба? Әй, қайдам. Керсінше, көп деген ер адамдар әйелдерінің алдында, әйелдер ерлерінің алдында өз міндеттерін аяқасты етіп жатқандықарына жиі куә боламыз. Әйелдер ерлеріне және оның ата-анасына қарсы келсе, ер азаматтар әйелдері мен ата-анасының орынын ауыстырып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Тіпті, сол әйелінің айтқанынан аса алмаған ерлеріміз өз ата-аналарын қараусыз қалдырып немесе қарттар үйіне апарып өткізіп жүрген бауырларымыз да бар.

Жақында бір танысымның әңгімесінен, ақ босағаны аттамаған болашақ келіннің өз жігітіне ата-енесімен тұрғысы келмейтін айтқанын естіп жағамды ұстадым. Әбу Хурейрадан (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай дегені риуаят етілген: «Күйеуі қасында болса, ол рұқсат етпеген жағдайда әйелге ораза ұстауға рұқсат етілмейді және ерінің рұқсатынсыз оның үйіне біреуді кіргізуге рұқсат етілмейді. Ал, ол ерінің дүние-мүлігінен оның әмірінсіз жұмсар болса, оған (күйеуіне) жарты сауап» (әл-Бұхари). Бұл хадис бізге алдыңғы хадисте баяндалған қағидаларды, яғни, күйеуге бағыну мен оның разылығына ұмтылу керектігін көрсетеді. Ендеше, нәпіл құлшылықтың өзінде ерінің қас-қабағын бағуды міндеттеген болса, ата-анаға қарайласудай маңызды міндетте күйеуін ыңқайсыз жағдайға қалдыру, оны ата-анасынан бөлуге әрекет жасау туралы не айтуға болады.

Өзі де болашақта сол кісілердің орнын басып ұл-қыз тәрбиелейтіндерін естен шығарып қоятын жандар да көбейіп келеді. Осы жасағандары ертеңгі таңда алдынан шықпасына кім кепіл болады? Ардақты Алла Елшісінің тағы бір хадисінде; «Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір араби келіп ең бірінші жақсылықты кімге жасайын?» дегенде үш рет “Анаңа” деп, төртінші рет “Әкеңе” деген екен. Осы хадисті тереңірек қарасақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Бірінші құрметті анаңа деген себебім ана деген сені өмірге әкелу үшін тоғыз ай көтереді, сол тоғыз ай арасында қаншалықты қиындықтар көреді. Екінші анаңа деп айтқан себебім ішіндегі баласын жарық дүниеге әклерде өлім мен өмірдің арасында болып қатты қиналысқа түседі, сондықтан екіншісін де анаңа дедім. Үшінші анаңа дегенім саған түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік жастанып, сен оң солыңды танығанша, есіңді білгенше жеркенбей нәжістен тазалаған анаң. Төртінші әкеңе деген себебім ол сол үйдің қамқоршысы, қорғаны болатын, рызық несібе тауып бала-шағасын асырауына себепкер болатын басшы”,-деген. Міне, осындай ардақты жандарды қараусыз қалдыруға итермелеген қарындасымызға “Алла тура жолға салсын” дегіміз келеді. Келіндердің келмей жатып салған қиғылығынан шаңырағы ортасына түскен талай отбасын көрдік. Бұл да болса біздің қоғамдағы қыз тәрбиесінің әлсіздігі мен аналар институтының солқылдақтығынан.

“Кімді қор тұтсаң, соны зар тұтасың” дейді дана халқымыз. Бүгін “келін” боп кекиіп, Алланың берген сыйына шүкірлік етпестен тайраңдасақ, ертең келініңіз де соны істейтінін ұмытпаңыз. Бұл – аңыз емес, ақиқат!

Дулат Қадырұлы

“Сәдуақас қажы Ғылмани” мешіті Бас имамның көмекшісі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.