Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ПАЙҒАМБАРҒА ﷺ ҚОЙЫЛҒАН ҮШ СҰРАҚ

0 11  439
Мұхаммед пайғамбар ﷺ пайғамбарлық міндетін алғаш бастаған кезде-ақ меккеліктердің тарапынан көптеген қарсылықтарға жолығады. Мүшріктер бір ғана Құдайға құлышылық етуі қабылдай алмаған еді. Сонымен қатар олар Мұхаммедті ﷺ Алланың елшісі деп мойындаудан түбегейлі бас тартады. Осылайша олар әз елшіге ﷺ, оның соңынан ергендерге сөзбен болсын, іспен болсын, қолдарынан келгенше қастық қылып бағады.   

Бірде меккелік пұтқа табынушылар Пайғамбарды ﷺ масқаралап, тығырыққа тірейміз деген оймен сұрақ жолдамақшы болады. Ол үшін Назар бин Харис және Укбат бин Әби Муита атты екі шабарманды жасақтап Пайғамбар ﷺ жайлы Мәдинада тұратын яһудейлік Әһлі кітап ғалымдарынан пайғамбардың келуі жайында хабар алдырмақ болады. Меккеліктер екеуіне Мұхаммедтті ﷺ сипаттап, оның қасиеттерін, қандай дінге шақырып жатқанын жеткізіп, оған жалпылама баға беруді сұрап келуді тапсырады.  

Маңызды тапсырма алған екі шабарман Мәдинаға аттанады. Келе сала яһудей ғалымды тапқан олар Мұхаммед ﷺ жайлы баяндап:

«Сендер нағыз Кітап иелері болғандықтан тайпалас туысымыз жайлы көбірек білу үшін сендерге келіп отырмыз»,- дейді.

Сонда яһудейлер:

«Оған мына үш сұрақты қойыңдар. Егер ол шынайы пайғамбар болса, барлығына жауап береді. Егер жауап бере алмай қалса, өзін-өзі танытқысы келіп жүрген біреу болғаны, оған не істеймін десеңдер өз еркілерің»,- дейді.
«Біріншіден, таңғажайып тарихы бар, таңсәріде жолға шыққан бозбалалар жайлы әрі олардың мақсаты жайлы сұраңдар.
Екіншіден, билігі шығыстан батысқа дейін жеткен адам жайлы сұраңдар.
Одан соң Рух жайлы әрі оның кім екендігі жайында сұраңдар»,- дейді.

Сонымен қатар, меккеліктерге егер Мұхаммед осы сұрақтарға жауап берер болса, шынайы пайғамбар деп қабылдап, оның соңынан еруді өсиет етеді.

Назар бин Хариса мен Укбат бин әби Муита Меккеге келіп, болған жайтты құрайыштықтарға жайып салады.

Артынша меккелік мүшріктер әз Елшіге ﷺ келіп яһудей үйреткен сұрақтарды қояды. Сонда Алла елшісі ﷺ: «Ертең келіңдер, жауап беремін»,- деп оларды қайтарып жібереді.

Алайда Жаратушыдан келетін уахи он бес күнге кешігеді. Сол кезде меккеліктер «жауабын ертең беремін деп еді, он бес күн өтті әлі жоқ» деп қуана жеңістерін тойлауды бастап кеткен еді. Әз Елші ﷺ қатты қапаланып жүрген күндердің күнінде Жебірейіл періште уахи алып келеді. Бұл уахи:

«Қандай да бір іске бел буғаныңда, «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін»,-деп айтушы болма»,- деп Пайғамбарға ескерту ретінде келеді.

Уахи етілген аяттарда Алла Тағала яһудейдің сұрағындағы үңгір иелері (Асхабул кахф) жайлы, Зұлқарнайын пайғамбар мен рух жайлы жауаптар жібереді.

Бірінші сұрақтың жауабы «Кәһф» сүресінің 9- аяты болды:

«Сонда сен Біздің бірінен-бірі асатын аяттарымыздың (айқын дәлелдеріміздің) арасынан тек «Асхабу кәһф» (үңгір иелері) және Рақимды (үңгір иелерінің есімдері жазылған тас тақтаны) ғана ең таңғажайып аят деп ойладың ба?»

Ал екінші сұрақтың жауабы осы сүренің 83-85-аяттары болды:

«Олар сенен Зұлқарнайын жайлы сұрайды. Оларға: «Сендерге ол жайлы да ғибратты әңгіме айтып берейін»,- де. Расында, біз оған жер бетінде тегеурінді зор билік нәсіп еттік әрі діттеген мақсатына жетуіне септігін тигізетін (ақыл-парасат, ілім, күш-қуат, байлық әрі билік сынды) әр алуан мүмкіндіктер бердік. Сөйтіп, ол күндердің күнінде жасағын бастап, (батысқа қарай) жол тартты (жорыққа аттанды)».

Үшінші сұрақтың жауабы уахи етілген «Исра» сүресінің 85- аятында болды. Ол жерде Алла Тағала мүшріктерге:

«Сондай-ақ олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл жайлы сендерге тым аз ілім берілген»,- деп айт»,- деген жауапты уахи етеді.

Осы уахидан кейін меккелік мүшріктер ешқандай қарсы жауап қайтара алмай қалады. Алайда Мұхаммедтің ﷺ пайғамбарлығын қабылдауға олардың тәкаппарлықтары жібермеді… 

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.