Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұмра қажылығына екі жолдама табысталды

0 677

Алматы қаласының Бас имамы Төлеби қажы Дәділұлының бастамасымен өткен айда әлеуметтік желіде Ихсан ілімі аясында happy_zhanuya инстаграм парақшасында кезекті тегін марафон өткен болатын. Басты жүлде екі ұмра қажылығына жолдама болды. Отбасылық тегін марафонның негізгі шарттары асыл дінімізге қызмет етіп жүрген ұстаздарымыз бен имамдарымыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылып, тікелей эфирдегі сұхбаттарға қатысу болған. Екінші шарты әлеуметтік желілер арқылы сұхбаттарды таратып, кеңінен насихатталуына үлес қосу.

Жеті күнге созылған тегін марафонда елімізге белгілі дін мамандары ҚМДБ Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі – Сансызбай Құрбанұлы, Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы – Төлеби қажы Оспан, Төлеби мешітінің бас имамы – Ерсін қари Әміре, “Балаби қари” медресесінің директоры,исламтанушы – Арман Қуанышбайұлы, ҚМДБ РАНТ мүшесі, исламтанушы – Қабылбек Әліпбайұлы, Нұр-Мүбарак университетінің аға оқытушысы, PhD докторант – Оралхан Сейдманов, Алматы орталық мешітінің найб имамы – Ержан Базарбекұлы, Исламтанушы – Олжас Ханафин жанұя бақыты жайлы тікелей эфирде құнды мәліметтермен бөлісті. 

Марафонның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттап, жастарды ізгілік пен ізеттілікке баулу болатын. “Отан – отбасынан басталады” десек, ұл-қыздарымыздың және жастардың басты құндылығымыз отбасына деген ыстық, ықыласты сүйіспеншілігін арттыруда осындай марафон өткізудің пайдасы зор. Тегін марафон шарттарын толық орындап, тікелей эфирде ұйымдастырушылар тарапынан қойылған жеті сұраққа мүдірмей жауап беру арқылы Жүзболат Арайлым Жанболатқызы жеңімпаз атанып, екі адамға арналған Ұмра қажылығын қанжығасына байлады. Алайда қазіргі пандемия кезеңіне байланысты қажылық маусымы жабық. Маусым ашылған уақытта Арайлым Жанболатқызы өз әкесімен бірге Умра қажылық сапарына аттана алады. Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы екі адамға арналған Ұмра қажылығына жолдаманы Арайлымның өз қолына тарту етті. Алла қажылық сапарыңызды сәтті етсін.

Тегін марафон алдағы уақытта да өз жалғасын табады. 

azan.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.