Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ: маңыздысы – сана-сезімнің өзгеруі…

0 2  638

АҚЫЛ АЙТУ ӘДЕБІ

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы

 

Қазір қоғамда ұжымға тренинг өткізетін, азаматтарға ақыл-кеңес беретін адамдар саны артып келеді. Әрине, бұл – игіліктің көрінісі. Алайда арзан ақыл айтып, адамның қалтасын қаққан кейбір кісілердің әрекеті бізді де толғандырмай қоймайды. Тренинг өткізіп, теңгені күрекпен жинап, жұрттың наразылығына ұшыраған жандар аз емес. Ақыл айтуды ақша табудың көзіне айналдырған адамдардың бұл әрекеті кімді болсын бей-жай қалдырмас.

Біздікі «байдың асын байғұс қызғаныпты»-ның кері емес. Әркім өз ырыздық-несібесін теріп жейді. Алланың ризығы әркімге әртүрлі жолмен келеді. Маңыздысы – ақшаны адал жолмен табу, тренингке ақы төлеген адамның ризалығын алу. Осы күнде «бизнесі жоқтар бизнес тренинг өткізетін болды» деген сын-пікірлерді жиі еститін болдық. Біздің айтпағымыз: ақыл айтатын адам қандай болу керек? Кеңес беруші кісі өзінің тұлабойына қандай әдептерді жинақтауы тиіс?

Ақыл айтудың бірнеше әдебіне тоқталсақ. Біріншіден, ақыл-кеңес беруші адам өзгеге айтқан сөзіне әуелі өзі амал етіп, соған лайықты, үлгі болуы керек. Бұлай емес екен, оның сөзі құмға сіңген су секілді… Айнала-төңірекке айтқан насихатқа, ақыл-кеңеске бірінші өзі амал етпейтін адамды пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты сөккен. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» («Сафф» сүресі, 2-3-аяттар) деп қатаң ескерткен.

Біздің төл мәзһабымыздың негізін қалаушы, үлкен ілім иесі Әбу Ханифадан бір кісі кеңес сұрап келеді. Баласы балды шамадан тыс жейді екен. Оның осы әдетін тыйғысы келіп, ақыл сұрап келгенде әйгілі Әбу Ханифа баланы қырық күннен кейін қайта алып келуін сұрайды. Арадан қырық күн өтеді. Ғұлама балаға бар болғаны: «Балды көп жей берме» дейді. Сонда баланың ата-анасы ғұламадан: «Құдай-ау, осы сөзді айту үшін бізді қырық күн күттірдіңіз бе?» деп аңтарыла сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Сендер балаларыңды алдыма әкелген кезде мен де бал жейтін едім. Содан бастап бал жеуді тоқтатып, енді ғана айта алдым» деген екен…

Екіншіден, ақыл айтушы адам кеңес сұрап келген кісінің жағдайын жан-жақты білуі шарт. Демек, біз оның жан-дүниесін қаншалықты танимыз деген сауал туындайды. Бұл – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихат айтудағы әдіс-тәсілінде көрініс тапқан. Бір мәселенің төңірегінде бірнеше кеңес сұрап келген кісіге Алла Елшісі олардың табиғатына, мінез-құлқына орай әртүрлі жауап қайырған. Біріне: «Ашуланба, сабыр ет» десе, екіншісіне: «Ата-анаңды құрметте, көршіңмен қарым-қатынасыңды түзе» деген насихатын жеткізген.

Бұл ретте кеңес алушы адамның болмысын жан-жақты білуіміз қажет. Жүсіпбек Аймауытов бабамыздың: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек» деген сөзінің мәнісі осы болса керек. Сонда адам психологиясын терең білген сайын оны басқару, яғни дұрыс жолға бағыттау ісі жеңілдей түседі.

Үшіншіден, ақыл айтушы адам даналық жолын ұстанғаны абзал. Қарапайым мысал: арақ ішіп жатқан біреуге ақыл айту – «ақымақтық». Бұл қадам мәселені одан сайын күрделендіре түседі. Мас күйдегі кісі: «Өз ақылым өзіме жетеді» деп қырсықтық танытуы – заңды құбылыс. Мастығы тарқап, өзіне келіп, сөз ұғар сәтке жеткенде айтылған ақыл оған әсер етуі әбден мүмкін. Демек, ақыл айтуда адамның жағдайына аса мән беру ләзім. Сөзұғар жағдайға жеткен пендеге айтқан насихат оның санасын сілкиді. Ондай жағдайда емес екен, оған сөз шығындап, артық энергия жұмсап әуре болмай-ақ қойған абзал.

Бұл ретте мына бір нәрсені ескеру керек: әбден шарасыз күйге түсіп, көмек сұрап келген кісіге «жұмыс істе, ақша тап» деп ақыл айтып, оны жазғырғаннан гөрі қолына аз да болса қаржы-қаражат ұстату – «ақылгөйсіп» сөйлегеннен мың есе артық. Әрине, «жақсы сөз – жарым ырыс». Ал ізгі амал – сөзден қайырлы. Қазір сөздің емес – нақты амалдың заманы. Адамдар бос уәде мен әдемі сөзден әбден шаршаған… Көп сөйлегеннен бір рет көмектескен артық. Демек, ақыл тек сөзбен өлшенбейді. Кейде бір ғана амал көп сөзден артық әсер етеді.

Төртіншіден, ақыл ешқашан ашуланған күйде айтылмайды. Бұл екінші тараптың «тілін ұзартып» жіберуіне әкеп соғады. Ақыл жанашырлықпен, қамқорлық сезіммен айтылады. Сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Жұмсақтық жолын ұстанып, себеп-салдарын байыппен түсіндіріп, жетесіне жеткізіп тұрып айтсақ, міне, бұл ақылға қонымды іс болмақ. Ислам ғұламаларын ашуланған сәтте пәтуа беруден тыятыны сондықтан. Адам ызаланып тұрған сәтте эмоцияның жетегімен біреудің көңіліне қаяу түсіріп, оған қиянат жасап қоюы әбден мүмкін.

Бесінші, байланысты үзбеу, қамқорлық жасау – сөзді өткізудің әдемі тәсілі. Бұл – көп жағдайда балаға қатысты жүзеге асатын амал. Онымен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу керек. Өз ойын ашық айтуына мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Күніне бір уақытты арнау – бала тәрбиесін жүйелі қадағалауға, қиыс кеткен қадамын түзеп, оған ақыл айтып отыруға мүмкіндік береді.

ТҮЙІН: Расында, өмірдегі ең қиын іс – өзіңді тану, оңайы – өзгеге ақыл айту.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деп баяндаған. Адам өзгерсе, оның көршісі, одан кейін қоғам өзгереді. Маңыздысы – сана-сезімнің өзгеруі…

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.