Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қанат Алшынбаев: «Құлшылықтың мәні – Алланы сүю»

0 2  138

18-сәуір /SUNNA.KZ/ – ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігінің тапсырмасы аясында, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазановтың ұйымдастыруымен қасиетті Ережеп айының құрметіне мешітімізде ауызашар берілді. 

Алла Тағала: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар. Ей, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла Тағала сабыр етушілермен бірге» – десе, тағы бір аятта сабыр және намазбен жәрдем сұрау керектігін әмір ете келеді де:«Бірақ Алладан қорыққандардан басқаларға ауыр келеді» деп, Құдайдан шын қорықпайтындарға намаздың ауыр жүк екенін көрсеткен. Онда былай дейді: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді». («Бақара» сүресі 152, 153, 45-аят)

Осындай игі ниеттің негізінде, Нұр-сұлтан қаласы AQ MESHIT мешітінің найб имамы Қанат Алшынбаев бейсенбілік ауызашар дастарханына жиналған жамағатқа «Құлшылықтың мәні» атты тағылымы мол уағыз-насихат айтты. Мешітімізде дәстүрлі түрде бейсенбі күндері тұрақты түрде ақшам намазынан кейін  ауыз бекіткен мешіт жамағатына арнайы ауызашар беріліп келеді.

Аталмыш ауызашар уағызында имам Қанат Алшынбаев қасиетті Құран аяттарында жаратушы Хақ Тағаланың адамзатқа жіберген аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өнегелі өсиеті хадистерден дәлелдер келтіре отырып, жасаған құлшылығымызды шынайы көңілмен және жауапкершілікпен атқару керектігі жөнінде айтты.

«Ғибадат-құлшылық – адамның кемелденуіне, еш нәрсеге қанағаттанбайтын жүрегі жай тауып, шексіз рахатқа қауышуына, денінің саулығына, ақыл-ойының жетілуіне, мінез-­құлқының толысып көркеюіне ықпал етеді. Һәм ғибадат-құлшылық – тойымсыз асау нәпсісінің тізгінделуіне себеп. Біз ғибадатымыз арқылы о дүниелік мәңгілік рахатқа, шексіз бақытқа қол жеткіземіз. Құлшылық  дегенде тағы бір ескере кететін жайт – адамдардың игілігі үшін істелген кез келген сауапты іс те құлшылыққа жатады», – деді исламтанушы Қанат Алшынбаев.

Сондай-ақ, уағызға 100-ге жуық жамағат жиналды. Жайылған дастарқанға ақсақалдар ақ батасын беріп, Құран оқылды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.