Елбасы Қазақстан мұсылмандары үшін ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына назар аударып, бұл ағымның мәнін ұғындыру қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы Серікбол Хаманұлына ғұлама-ғалым Имам Әбу Ханифа қақында бірер сұрақтарымызды қойып, сұхбатқа тартқан едік…
– Әбу Ханифаның (р.а) өмір баянына қысқаша тоқталсаңыз?
– Имам Ағзам Әбу Ханифаның аты Нұғман ибн Сабит (р.а.) Ирактың Куфа қаласында 699-жылы дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны Әбу Ханифа немесе Имам Ағзам деп атап кеткен. Себебі ислам әдебі бойынша үлкен ғалымдардың аттары тура атамай, жұрт құрметтеп лақап атымен атайтын болған.
– Имам Ағзамның (р.а.) өмір сүрген ортасы және ұстаздары жайлы ой бөліссеңіз?
– Имам Әбу Ханифа (р.а.) өмір сүрген уақытта Куфа Ислам әлемінің ең ірі ілім орталықтарының бірі еді. Аталмыш елді мекенге сахабалардың көп бөлігі қоныс аударды. Олардың ілімдерін бойына сіңірген табиғин ғалымдары өсіп жетілді. Сол сахабалар мен табиғиндердің ілімімен шыңдалған табиғиндердің бірі Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) еді. Ол өмірінде бір реуяттарда төрт бір реуяттарда жеті сахабаны көрген деген көз қарастар бар. Әбу Ханифа өмірінде Әнәс ибн Мәлик, Абдулла ибн Әбу Ауфә, Сәһл ибн Саъд, Әбу Туфайл атты сахабалармен кездескені туралы реуяттар кездеседі.
Имам Ағзам ұстаздарына келер болсақ, Абдулла ибн Масғуттан Әлқама ибн Қайс ибн Абдулла ибн ән Нәқағидан Ибраһим бин Язид Қайс ән Нәқағидан Хаммад бин Сүлеймен еді.
– Ханафи мазһабының қайдан бастау алғаны және имамдары туралы ғалымдардың айтқан сөздерінен бірер мысал келтірсеңіз?
– Ханафи мазһабы негізін қалап, оны нығайту жолындағы фиқһ ғұламаларының жасаған қызметін дін ғұламалары былай баяндайды. «Фикһ ілімінің Абдулла ибн Мәсғут (р.а.) екті, Имама Әлқама өніп шыққан егінді суарды, Ибраһим ән-Наһаһни піскен астықты жинады, Әбу Ханифа оны дирменге тартты, Имам Әбу Юусуф ұннан қамыр иледі, Имам Мұхаммед нан пісірді. Міне, барлық халық осы күнге дейін Имам Ағзам дайындаған ұннан жасалған нанды жеп келеді» деді.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!
Дайындаған: Бақытбек Әбу-Баһадүр