Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Оразада орнықты һәм сауапты болу үшін не қажет?

0 1  366

Ораза дегеніміз, біріншіден, Алла Тағалаға бойсұну. Ол мұсылманның бойына бұйрықты орындатып, тиымнан қайтаратын тақуалықты шыңдайды. Ораза – нәпсімен күресу амалы. Адамның табиғатына сай жағымсыз қасиеттердің ең зияндылары – қарын тойдыру құмарлығы мен жыныстық құмарлық. Ораза мұсылманды құмарлықтың осы екі түрімен күресуге дағдыландырады. Бір ай бойы нәпсісімен күресіп үйренген мұсылман бұл күрестің салихалы өмірі мен бақытты ақыреті үшін маңыздылығын түсініп, бірте-бірте нәпсісін толық билеуге ұмтылады. Рамазан айының оразасы осы күресті нығайтуға жетелейді. Күрестің алдында нәпсісі оның билеушісі болған болса, енді, әрине оразаның талаптарына сабырлық танытқан болса, ол нәпсісі мен құмарының әміршісіне айналады. Құмарлық күші үздіксіз тәрбиені қажет етеді. Сол себептен рамазан оразасының бір айға созылуы тәрбиенің үздіксіз жалғасуын білдіреді. Оразаның нәтижесінде мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, Алла әмір еткен амалдарды орындауға ұмтылары ақиқат

Рамазан айында адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін сақтайды. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Ал, ораза ұстаған адамның денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы, адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәпсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Бір ай бойы күннің ыстығы мен суығына қарамай аш құрсақ жүрген адамның бойында сабырлық пен шыдамдылық сезімі күшейіп шыңдалады. Аштықпен нәпсісін тыйған мұсылман басқа қиыншылыққа да шыдайды. Сабырлы адам алдына биік мақсат қойып, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Алла сабыр еткендермен бірге», – дейді. «Асыр» сүресінде де Алла Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды»,-деп баян етеді.

Расында біз Рамазан айында күн ұзақ ашқұрсақ жүріп, сабырлылық тәрбиесін аламыз.Тіл үйіретін тәтті тағамдарға сілекейіміз шұбырғанымен, Тәңірдің разылығы үшін ішіп-жеуден тартынып, жан-дүниемізбен осы қасиетті терең сезінеміз. Кейде бір жұтым суға зар болсақ та, Хақ үкіміне құрметпен қарап, нәпсімізге тоқтау саламыз. Тәніміз азап шеккенімен, имани азыққа қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болады. Жан азығын Жаратушыдан алғаннан кейін, рухани терең тыныс алып, көңіліміздің мейманасы тасып, арқа-жарқа күйге бөленеміз.

Иә, адам баласы бойындағы сабырлық қасиетті тиісінше бағалай білсе, ұшпаққа шығатыны анық. Өйткені, Алла-Тағала: «Шынтуайтында сабыр қылушылардың қарымтасы сан мәрте еселеніп қайтарылады» – деп бұйырады. Олай болса, Рамазандағы тағат-төзімнің қарымтасын Хақ-Тағала сан мәрте еселеп, құлдарын сауаптан құр қалдырмасын, тұтқан оразамыз түңлігімізден нұр болып құйылып, шаңырағымызды шаттыққа, көңілдерімізді бақытқа кенелтсін!

Нұрсұлтан Шамшиден

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.