Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Оразаның қасиеттері

0 1  821

Хақ Тағала Өзіне бойсұнған пендесіне мол игілікті уәде еткен. Бұл Жаратушы Иенің шексіз рахымдылығының белгісі. Болмаса құлдың міндеті – Тәңірінің әмірін орындау ғана.

Әрбір жаратылыста Алла Тағаланың Әл-Хаким[1] сипатын байқаса болады. Мәселен, Хақ Тағала «Зәрият» сүресінің 56-шы аятында: «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етсін деп жараттым»,-деген.

Ғалымдар бұл аятты: «Хақ Тағала: «Жын мен адамзаттың ішіндегі бақыттыларын Өзіме құлшылық етсін, ал бақытсыздарын Маған қарсы келсін деп жараттым»,-дейді»,-деп[2] тафсирлеген.[3]Демек, Алла Тағала бізді жаратылғандардың абзалы етіп,[4] Өзіне құлшылық етуімізді бұйырғанның мәнісі – бізді екі дүние де бақытты ету. Осы ақиқат жүрегіне жеткен пенде шүкіршілік етсін, болмаса тәубеге келіп, ойлансын.

Алла Тағала «Мүлк» сүресінің 2-ші аятында: «Алла Тағала қайсыларың жақсы амал істейтіндеріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты»,-деді. Демек, Хақ Тағаланың діні, адамның күнделікті қарым-қатынас, тіршілігі – емтихан ғана. Осы емтиханның негізінде кім Тәңіріне, кім нәпсісіне құл екені анықталады.[5]

Жаратушы Ие баршамызға екі дүниенің бақытына қол жеткізуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Оразаның қасиеттері мәселесіне келер болсақ, пенде Рамазан айында ауыз бекітумен Жаратушысына ерекше жақын болады. Өйткені:«Адам (ғаләйһис-саләм) баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі. Алла Тағала айтады: «Оразадан тыс. Өйткені ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі, ораза кезінде пенде Мен үшін шәһуеті мен асынан тыйылады».[6]

Ораза – жан ләззаты. Жаратушы Иенің талабы себебінен жаны мен тәні қалаған нәрседен тыйылуы пенденің өз Тәңіріне деген сүйіспеншілігі мен имандылығының белгісі. Мұсылман Хақ Тағаланың разылығын барлық нәрседен үстем қоюмен мұсылман. Біреу нәпсі қалауын қанағаттандырумен рахаттанса, мұсылман Алла Тағаланың әміріне бойсұнумен ләззат табады.

Ораза – нәпсі тәрбиесі. Нәпсі аш болса, дененің басқа ағзалары тоқ болады. Ал нәпсі тоқ болса дененің өзге мүшелері аш болады. Тоқ нәпсі дене мүшелерін жамандыққа жетелейді. Ал оразамен жүрек тазарады.[7] Нәтижеде адам бойында өзін-өзі қадағалау және нәпсіні тежеу қабілеті пайда болады.[8] Ал өзін-өзі қадағалау және нәпсіні тежей білу тақуалық[9] сипатына жатады. Осы себептен Хақ Тағала «Бақара» сүресінің 183-ші аятында: «Уа, мүминдер! Бұрынғыларға[10] парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Тақуалық еткен боларсыңдар»,-деген.[11]

Ораза – зинақорлықтан[12] тыяды.Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Ей, жастар! Үйленуге жағдайы болғандарың үйленіңдер. Өйткені үйлену көзді тыйып,[13]әуретті[14] сақтайды.[15] Үйленуге жағдайы болмаған ораза ұстасын. Себебі, ораза шәһуетті тыяды»[16],-деген.[17] Демек, ораза – зинақорлыққа қарсы құралдың бірі.

Пәктік, адал мінезділігін сақтаған адам қашанда ел арасында абыройлы әрі Жаратушысының разылығына лайық. Ал ар-намыстан жұрдай болып, мінез-құлығын көрсеқызарлық және зинақорлықпен ластаған пенде қашанда айыпталуға лайық, Тәңірі үшін жеккөрінішті жанға айналады.

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Үш адам бар. Қиямет күні Алла Тағала олармен сөйлеспейді. Оларды есіне алмайды, тіпті, оларға назарында салмайды. Олар үшін қатты азап бар. Ол: зинақор, көрсеқызар қарт, халқына жалған сөйлейтін патша және менменсінген кедей бейшара».[18]

Исламда зинақорлық Алла Тағалаға серік қосу, ішкілік ішу, ұрлық жасау, жалған сөйлеу сияқты ауыр күнәлар қатарына жатады.

Ерлер бөтен әйелге, сондай-ақ әйелдер бөтен ер кісіге көз салуды, некесіз жыныстық қатынас жасауды Ислам харам еткен.[19] Мұндағы мақсат – адам баласының жан-тәнінің тазалығын қорғау.

Адамның ең әлсіз жері – нәпсіқұмарлық. Лағынеті шайтан адамның осы ең осал жерінен ұстап, түрлі тәсілмен азғырады. Жаман істі жақсы етіп көрсетеді. Ал шайтанның азғыруына ергендер мәңгілік жәннатты бір сәттік алданыш ләззатқа айырбастап, өздеріне-өздері мәңгілік көр қазып жатады.

Шайтан ісіне жол ашудың бірі – әр жыныстағы кісілердің бір-біріне, не біреуінің ұзақ қадала қарауы, көзін алмай, ынтықтық ниетін білдіруге тырысуы. Бұл – жаман ниеттің, төсекқұмарлықтың бастауы. Себебі, барлық іс-әрекет адамның жанарынан бастау алады. Сондықтан да ғұламалар: «Көз – жүрек есігі»,-деп көрсеқызарлық пен күнә істеуден ерекше ескертсе, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) хазреті Әлиге (родиял-лаһу ғанһу): «Тыйым салынған нәрсеге қайта-қайта көз салушы болма. Себебі, байқаусызда бірінші рет қарағаның жай көз салғанға жатса, екінші рет қайта қарағаның – күнә!»,-деген.

Алла Тағала «Нур» сүресінің 30-шы аятында: «Мүминдерге көздерін бөгде әйелдерге қараудан сақтасын әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын деп бұйыр»,-десе, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадала қарау – Ібілістің улы садақ оғы»,-деумен[20] барлық мұсылмандарды ерлері мен әйелдерін қарағанда, көз тікпей, зиналықтан сақтануға міндеттеген.

«Көзді сақтау» дегеніміз кісілердің тек жерге қарап, не болмаса көзін жұмып жүруі емес. Бұлай етудің мүмкіндігі де, қажеттілігі де жоқ. Бұл сөздің мәні: әр жыныстағы кісілердің бір-біріне қарағандағы назары оның сәні мен сұлулығын көзбен ішіп-жегендей, қыздырма әрі ұзақ тесіле қарау арқылы қызыққа батып, ләззат алудан сақтану.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтіне сәйкес әлі бұзыла қоймаған жасөспірімді жаман әдеттен сақтап, жезөкшелік сияқты құрдымға кетірер Ібіліс жолына кетуінен қайтарып, бұзықтықтың жұқпалы дертінен құтқаруға бар күшімізді жұмсайық! Дұрыс ақыл-кеңес берейік. Жақсылық есігі алдымызда, ал оның кілті өз қолымызда. Өзіміз, ұрпағымыз баянды өмір сүрсін десек, әрекет етейік, бақыт есігін ашу үшін талмай тер төгейік!

Ораза – рахымдылықтың қайнар көзі. Ауыз бекіткен адам кедей, жарлылардың ахуалын сезінеді.[21] Бұл өз кезегінде мұқтаждарға деген рахымшылық және қамқорлық сезімдерін пайда етуі сөзсіз.

Рахымшылдықтың адам өмірінде ерекше орын алатыны бәріне мәлім. Осыған қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Өзгелерге рахымшылық етпегеннiң өзi де рахымшылыққа бөленбейдi»,-десе,[22] екінші бір сөзінде: «Алла Тағала басқаларға рахымшылық етпеген пендесін рахметiне бөлемейдi»,-деген болатын.[23]

Абдуссамад Махат

 

[1] Әл-Хаким – Алла Тағаланың «Дана» сипаты.

[2]«Жәмиъул-Баян ъан та`ауили аййил-Құран».

[3] түсіндірген.

[4] Имам Бухари Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте Хақ Тағала Өзін зікір еткен пендесін періштелерге мақтаныш ететіні жайында айтылған. Неге? Себебі, біріншіден: адам баласына ізгілік істеумен бірге, күнә істеу қалауы берілген. Мұндай жағдайда адам баласы бойында күнә істеу сипаты бола тұрып Жаратушысының әміріне итағат етуі мақтаныш еткенге тұрарлық. Екіншіден: Адам (ъаләйһис-саләм) жаратылатын сәтте періштелер Алла Тағалаға: «Жер бетінде бұзықтық істеп, онда қан төгетінді жаратпақсың ба?»,-деген болатын. Мұның себебі: адам баласы күнә істеуге бейім болуы еді. Ал, періштелерге, керісінше, күнә істеу сипаты жат. Осы себептен олар: «Біз Сені Саған мақтау айтумен Сені кемшіліктен пәктеп, ұлықтаймыз»,-деп айтқан болатын. Үшіншіден: адам баласының ғибадаты періштелердің ғибадатынан абзал болуының себебі: адам баласы көзге көрінбейтін нәрсеге (мысалы жәннат, тозаққа) иман келтіру себебінен ғибадат етсе, періштелер Ақырет әлемін көріп ғибадат етеді. Бұған қатысты Алла Тағаланың: «Егер олар жәннат пен тозақты көрсе Маған қалай құлшылық етер еді?!»,-деген сөзі бар. Осы айтылған себептер салдарынан адам баласы періштеден артық. («Фадаил-аъмәл»)

[5] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[6] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті.(«Сахиху Муслим»)

[7]«Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах». Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Жүрек ыдыс тәрізді»,-десе, («Муснадүл-Имами Ахмад»)екінші бір сөзінде: «Адамның денесiнде бiр кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Егер ол айныса, түгел дене бұзылады. Ол жүрек емес пе?»,-деген. («Сахихүл-Бухари») Осыдан жүрек пен жүрек тазалығының маңыздылығын байқауға болады. Хақ Тағала жүректі ыдыс тәрізді етті. Ал, жүректің абзалы – жақсылық және дұрыстықпен толған жүрек болса, жаманы – бұзақылық және терістікке толған жүрек. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[8]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[9] Имам Ибн Кәсир айтады: «Тақуалық – өзіне «итағат» және «тыйым салынған істі істеуден бас тарту» ұғымдарын қамтыған сөз». («Мухтасару тафсири Ибни Кәсир»)

[10]яғни, сендерден бұрын болған үмметтерге. («Тафсирүл-Жәләләйн»)

[11]яғни, Алла Тағала харам еткен істерден тыйыларсыңдар. («Мухтасару тафсири Ибни Кәсир»)

[12] зинақорлық – ойнастық.

[13] яғни, әйел адамды көргенде көрсеқызар болудан тыйып.

[14] әурет – жыныстық мүше.

[15] яғни, зинақорлыққа (ойнастыққа) барудан сақтайды.

[16] яғни, әйелмен жақындасу сезімін бәсеңдетеді.

[17]хадисті Жәрир ибн Абдуллаһтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Тухфатүл-Ахуази»)

[18]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті.(«Сахиху Муслим»)

[19]яғни, тыйым салған.

[20]Хадисті Абдуллаһ ибн Масъұдтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Табарони риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

[21]«Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[22]хадисті Жәрир ибн Абдуллаһтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[23]хадисті Жәрир ибн Абдуллаһтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

 

Хақ Тағала Өзіне бойсұнған пендесіне мол игілікті уәде еткен. Бұл Жаратушы Иенің шексіз рахымдылығының белгісі. Болмаса құлдың міндеті – Тәңірінің әмірін орындау ғана.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.