Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әділдік туы  

0 3  052

Әділдік – барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, сөзі мен ісін, міндеті мен ақысын, діні мен діліне, байлығы мен мансабы және туыстығына қарамай теңдік жасау. Әділдік жасау адамилық құндылықтың басында тұрғандықтан, Ислам діні барлық мұсылмандардан әділдікті талап етті.

 Әділдіктің ұғымы өте ауқымды, ол сенімде, ғибадатта, сөзбен істе, тіпті адам ойында да әділдік  қажет. Сондықтанда әділдіктің Исламдағы алар орны өте биік. Жеке адам болсын немесе қоғам болсын әділдіксіз биік шыңдарға шыға алмайды.

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы «Зұлымдық», әділдік талап етілген жерде табылмаса, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтанда әділдіктің пайдасын айтқанда зұлымдықтың зардабы қоса айтылады.

Алланың көркем есімдерінің бірі «Ал-Адл» (Әділетті), Алланың адамзатқа әділдігі имандымен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді.

Шариғатымыз адам баласына әділдікті орнатуын және оған өте сақ болуын қаперіне салған. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

  إِنَّ ٱللَّهَ يَأْمُرُ بِٱلْعَدْلِ وَٱلْإِحْسَٰنِ وَإِيتَآئِ ذِى ٱلْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ ٱلْفَحْشَآءِ وَٱلْمُنكَرِ وَٱلْبَغْىِ ۚ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, Алла тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді.[1]

Сахабалар Пайғамбарымыз алдында мұсылмандықты қабылдап жатқанда әділдік етуге ант берген:

عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ قَالَ بَايَعْنَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى السَّمْعِ وَالطَّاعَةِ فِي عُسْرِنَا وَيُسْرِنَا وَمَنْشَطِنَا وَمَكَارِهِنَا؛ وَعَلَى أَنْ لَا نُنَازِعَ الْأَمْرَ أَهْلَهُ؛ وَعَلَى أَنْ نَقُولَ بِالْعَدْلِ أَيْنَ كُنَّا لَا نَخَافُ فِي اللَّهِ لَوْمَةَ لَائِمٍ

Убада бин Самиттен жеткен хадисте: «Біз Пайғамбарымызға қол бергенде; қиындықпен жеңілдікте, жайлы және жайсыз кезімізде бағынып тыңдауға, сондай-ақ басшыларға қарсы шықпай қайда болсақта әділдікті айтып, сол үшін ешкімнен қорықпауға ант еттік»[2].

Әділдіктің үш түрі бар:

1.Аллаға әділдік жасау.

Аллаға ғана табынып ғибадат жасау, сұраса Алладан сұрап, бір Алладан қорқып, Өзінен ғана үміт ету. Алла Тағала Құранда былай дейді:

أَمَّنْ خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَأَنزَلَ لَكُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءً فَأَنۢبَتْنَا بِهِۦ حَدَآئِقَ ذَاتَ بَهْجَةٍ مَّا كَانَ لَكُمْ أَن تُنۢبِتُوا۟ شَجَرَهَآ ۗ أَءِلَٰهٌ مَّعَ ٱللَّهِ ۚ بَلْ هُمْ قَوْمٌ يَعْدِلُونَ

(Сонымен, кім қайырлы? Олардың жалған құдайлары ма?) Жоқ, әлде, күллі аспан әлемі мен жерді жаратқан және сендер үшін көктен жауын жаудырған (Алла) қайырлы ма? Біз сол жауынның суымен көз жауын алатын бау-бақшалар өсірудеміз. Ал сендер (бау-бақша тұрмақ), оның бір ағашын да өсіре алмас едіңдер. Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, анығында, олар хақтан ауытқып кете баратын қауым.[3]

 Хәкім Абай бұл аятты төмендегі жыр жолдарымен жеткізеді:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

 Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

 Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

2.Адам өзіне әділдік жасау.

Бұл жерде ең бірінші білу қажет нәрсе біздің денеміз Алланың аманаты, «өзімнің денем, білгенімді жасаймын» деп айту Алланың берген нығметін жоққа шығару. Адам өз жанына немесе ден-саулығына, тіпті арына зиян келтіретін нәрсе жасауы Ислам дінінде күнә амал, сондай-ақ малын харамнан табу және адал малын орынсыз жұмсауда шариғат қайтарған әрекет. Алланың парыздарын орындамай, харамынан тыйылмай жазаға жолығу өзіне жасаған әділетсіздігі. Алла адам баласын ғазиз етіп жаратты, сосын өзін құрдымға кетіруіне тыйым салды, Құран Кәрімде бір сөзбен былай делінеді:

وَلَا تُلْقُوا۟ بِأَيْدِيكُمْ إِلَى ٱلتَّهْلُكَةِ ۛ وَأَحْسِنُوٓا۟ ۛ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلْمُحْسِنِينَ

Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер. Әрдайым жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Шүбәсіз, Алла (әр ісі тиянақты, игілікке жаны құмар) ізгі жандарды жақсы көреді. [4]

3.Адам басқалармен әділ болу.  Бұл әділдік өз алдына бір неше тараптарды қамтиды:

а) Сөйлеген сөзінде әділ болу.

ә) Тек ақиқатты айтып, өтірік куәлікке бармау, тура үкім шығару.

б) Жазалауда әділдік жасау.

г) Бітімге келгенде әділдік жасау. 

д) Адамдарға ақысын бөлгенде әділдік жасау.

Бұны Әбу Ханифаның әділ саудасынан көре аламыз.

Бірде Имам Әбу Ханифаға бір әйел келіп жібек матадан жасалған киім сатпақшы болады. Имам қанша тұратынын сұрағанда әлгі әйел киімді 100 дирхамға бағалайды.

Сонда Имам:

– Бұл киім оданда қымбат тұрады, – дейді. Әйел:

– Ендеше 200 дирхам, – деді. Әбу Ханифа сөзін қайталап:

– Бұл киім оданда қымбат тұрады, – дейді. Әлгі әйел 300 сосын 400 деп бағасын өсіре берді. Имам Әбу Ханифа:

– Бұл киім оданда қымбат тұрады, дей бергенде әйел:

– Сіз мені мазақ етіп тұрмысыз, – деп таңдана қарады. Сонда Әбу Ханифа:

– Мен бұны 500 дирхамға сатып аламын, – деп, жаңағы әйелдің тауарын лайықты бағасына сатып алған екен.

Ескеретін жәйт, егер әділдік орнында болмаса, ол жерде зұлымдық болады, үшінші жол жоқ. Ал Залым адам біреудің қарғысына қалып оңбайтыны айдан ашық, ақыретте болса жағдайы мүшкіл, Құранда:

وَلَا تَحْسَبَنَّ ٱللَّهَ غَٰفِلًا عَمَّا يَعْمَلُ ٱلظَّٰلِمُونَ ۚ إِنَّمَا يُؤَخِّرُهُمْ لِيَوْمٍ تَشْخَصُ فِيهِ ٱلْأَبْصَٰرُ

(Уа, Мұхаммед!) Алла (күнәға белшесінен батқан) залымдардың не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар деп ойлама. Ол бар болғаны, олардың ісін көздерді шарасынан шығаратын ғаламат күнге қалдыруда.[5]

 Алла баршамызға әділдікті ту етіп, биікте ұстауды нәсіп еткей!

 «С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Оңғар Хайридинов

 [1] («Нахыл» сүресі 16:90)

[2] Насаий-сахих

[3] («Нәмл» сүресі 27:60)

[4] («Бақара» сүресі 2:195)

[5] («Ибраһим» сүресі 14:42)

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.