ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2020 жылдың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 19 өкілдіктің бас имамдарын «ҚМДБ 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Жылдың қорытынды жиынында Бас мүфти сындарлы сәтте жақсылықтың жаршысы бола білген имамдар қауымына, мешіт қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
«Сынаққа толы 2020 жылды да аман-есен өткердік. Ел басына күн туғанда жақынына жанашыр болған азаматтардың алғы шебінде ақ сәлделі имамдарымыз жүрді. Карантин уақыты Рамазан айына тұспа-тұс келгенде мешіттерде бас қосып, ауызашар бере алмаса да, ауызашар қоржындарын таратып, оразаның қуанышты сәттерін жамағатқа сездіре алған да, Құрбан айт келіп, қашықтан құрбан шалуға өкіл болып, көптің аманатын мойнына жүктеген де имамдарымыз еді. Күні кеше өткен имамдардың IV республикалық онлайн-форумында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері дін қызметкерлерінің еңбегін бағалап, алғысын білдірді. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарманың 30 жылдығы құтты болсын»,- деді Бас мүфти.
Айта кетелік, «ҚМДБ 30 жыл» мерекелік медалі бас имамдардан бөлек өңірлердегі 68 имамға тарту етілді.