Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Елорда имамдарының ІІІ аймақтық форумы өтті (ФОТО+ВИДЕО)

0 1  329
Бүгін Елорда төрінде ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы болып өтті. Алқалы жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз және бөлім меңгерушілері, Нұр-Сұлтан қаласының діни қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қасиетті Құран аяттарымен басталған форум жұмысына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы модераторлық етіп, бүгінгі басқосудың маңыздылығын атап өтті.

Ел бірлігін көздеген келелі жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Рахманберді Талғат Абайұлы, академик Дихан Қамзабек, белгілі журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғали, Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы Жабай Қалиевтер арнайы шақырылып, сүбелі баяндамалар жасады. ІІІ Республикалық Имамдар форумында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатындағы асыл қасиеттер айтылып, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына тигізер ізгі үлесі жайында кеңінен қозғалды. Осы бағыттағы сауапты істердің жаршысы болуға шақырып, ел ағалары Елорда имамдарына өз сенімдерін білдіріп, аманат жүктеді.

Алқалы жиын аясында ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған қос құжат жайында да арнайы баяндамалар жасалып, Елорда имамдарының біліктілігін арттыра түсті. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен Діни білім және діни кадрлар даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевтер «Діни рәсімдер тізілімі» және «Діни лауазымдар тізілімі» құжаттарын таныстырып, форум қатысушыларына толықтай мәлімет берді.

Форум соңында арнайы Үндеуі қабылданып, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Жәдігерұлы қатысушыларға ізгілікке үндеген үндеу мәтінін оқып берді.

Muslim.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.