Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мағауин мифі

0 1  415

Қазақ қоғамында мифке айналған тұлғалар бәлкім Әлкей Марғұлан болар, мүмкін Бауыржан Момышұлы шығар. Олар­дан басқа да төңірегінде түрлі миф қалыптасқан біраз тұлғаларды атауға болады.

Атақты «алпысыншы жылғылар» да оңай емес. Солардың дүмдісі Мұхтар Ма­ғауин екенін айтсақ, ешкім таласа қоймас.

Барлығы «Мұхтар Мағауин жыраулар тарихын үш ғасыр арыға жылжытты» деген әңгімеден басталды. Жыраулар тарихы одан соң бес ғасырға, одан кейін арғы-бергісін қосқанда тіпті жеті ғасырға, одан да әрі есте жоқ ескі заманға қарай ке­руен тартты. Жарық дүниедегі, соның ішінде қазақ халқының өмірінде де ақиқат шындықтың бәрі мифтен басталатынына бұл да бір мысал.

Бірақ осы жыраулар тарихының бә­рінің темірқазығы Мұхтар Мағауин­нің 1968 жылы баспа жүзін көрген «Қо­­быз сарыны» атты кітабы болып қал­ды. Мо­йындағысы келмегендерге жа­зушының өзі кесімді сөзін айтқан: «Шалкиізді, Қаз­ту­ған, Доспамбетті, қазақ хандығы кезе­ңін­дегі ұлы жыраулар поэзиясын мен аш­тым, енді менің атыммен әйгі болуы керек».

Мұхтар Мағауин туралы бірінші миф осылай туды. Ол біздің көз алдымызға хандар дәуіріндегі жыраулар ортасынан жарып шыққан жаршыдай елестейтін. Бұл мифті халық қалыптастырды ма, әлде Мағауиннің өзі қалыптастырды ма, мә­селе онда емес. Қазіргі заманның Қос­оба­сы – сайт желілеріндегі аты-жөнін жа­сырған комментшілердің талқысына салып кеп жіберсеңіз, екі тарабын да қолдай кететіндер жетіп артылады.

Біздің әуелгі міндетіміз – осы бірінші мифтің басын ашу. Бірде жасы жетпістегі Серік Негимовтің архивтен жүрегі кеу­десіне сыймай алқылдап келе жатқанын көрдім. «Бір керемет жаңалық таптым, бірақ парақтар бір-біріне жабысып қа­лыпты, осыған дейін бетін ешкім аш­паған екен», деді. Өзі етшең адам бой-бой боп терлеп, бет әлпеті көгістене діріл­деп, тап­қан жаңалығын кімге айтарын білмей алабұртқан ғалым әлі бастықпаған жас жігіттен бетер!

Сырт көзге тосын әсер ететін бұл кеп­ті алпыс алты, алпыс жетінші жылдары архив ақтарған жиырманың алтау-же­теуіндегі тапалтақ жігіттің басына кө­шіріп көріңізші. Көне жинақтан Шал­киіздің өлеңін тауып алғандағы Ма­ғауиннің күйін ойша елестетіңіз енді – «Бір сәт ме­нің демім бітіп қалғандай болды» дейді. Ал енді көптен іздеген «Қаз­туған Сүйінішұлы» деген жазуға тө­теннен тап келгенде басына түскен хал­ді қараңыз – «Ескі беттердің бірінің бел ортасынан асқан кезде дір ете түстім» депті.

Ол осылай он екі жырауды жарыққа қайта шығарды. «Ұзақ заман, аумалы ғасырлар іріктеген он екі асқар тұлғаның бас-аяғын байыптадым». Мен де «Қобыз сарыны» мен «Алдаспаннан» санап шық­тым, артық-кемі жоқ он екі екен: Қаз­туған жырау Сүйінішұлы, Асан қайғы Сәбит­ұлы, Доспамбет жырау, Шал­киіз жырау Тіленшіұлы, Жиембет жырау Бор­тоғашұлы, Марғасқа жырау, Ақтам­берді жырау Сарыұлы, Тәтіқара ақын, Үмбетей жырау Тілеуұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Көтеш ақын, Шал ақын Құлекеұлы. Мағауин осы аталған жыраулардың өлмес мұрасын қалың шаң басқан архивтен аршып алып, Қазақ хандығы дәуіріне өшпес рух дарытты.

Міне, содан бастап Мұхтар Мағауин деген есім-сой да дуалы ауыз бен уәлі сөз­дің нысанасына ілікті. Сол кезде ол бар-жоғы жиырма сегіз-ақ жаста болатын. Одан соң басқа ештеңе жазбаса да тарихта қала­тынына еш күмән жоқ. Тіпті сол жасында өмірден өтіп кетсе, қазақ аспанынан ағып түскен тағы бір жұлдыз атанары бек мүмкін еді. Рухани орта онсыз да жоғары ба­ғалаған сол еңбек, жазушының елу сегіз жа­сында «Мен» атты роман-хамсасы шық­қаннан кейін біржола мифке айналды. Қалай?!.

«Қобыз сарынындағы» зар мен «Ал­даспандағы» шерден аспан төңкеріледі.Бұл кітаптардың жарыққа шығу хикаясы да сол зар мен шерден бір кем емес. Біріншісі, бүкіл Әдебиет институты ескіше хат таны­майды. Екіншісі, тал­қылауға қатысқан ға­лымдарда бұл тақырыпқа деген түп атасы бимағлұм өшпенділік бар. Үшіншісі, кедейлердің өкіметіне шетінен ел бастаған, қол бас­таған, алқалы жиында билік айтқан бай-шонжарлардан шыққан жыраулардың түкке де керегі жоқ. Төртіншісі, көне жырлардан саяси қате іздеген қырағы партия қайраткерлері де оңай-оспақ адамдар емес. Қала берді, екінің бірі: «Сен «Алдаспанды» шығарғансың!» – яғни, сенімсіз, күмәнді адамсың деп көзге шұқығысы келіп тұра­тын болды».

Бірінші миф – осы. Жалпы, кез келген жазушыға шығармасына тыйым салынса, одан асқан бақыт жоқ. Бірақ шығарма соған тати ма, татымай ма, оны уақыт көр­сетеді. Кеңес заманында партиялық сынға ұшыраған, баспаханада беттері қырқылған, аман қалғандары жасырын түрде тараған кітаптардың арасында «Алдаспанның» аңызы ұзаққа кетті. Бұл кітап оның затын да кемел қылды, атын да даңққа кенелтті. Егер жыраулар тарихын үш ғасырға әрі жылжытпаса, Мұхтар Мағауин қандай тұлға болар еді?

Оған жазушының үлкен шығар­машы­лық эмоция үстінде отырып өзі берген баға өте қатал. «Шалкиіз, Доспамбет, Қаз­туған, одан соң Бұқар жыраулар болмаса, жұрт білген Мұхтар Мағауин деген жазушы да болмас еді, шамалы өрнегі, шектеулі өрісі, тапалтақ тұрғысы бар, жабайы жазарманның қатарын толтырар едік». Мұны оқығанда ол туралы бірінші миф сейіліп сала бергендей болады. Бірақ аңыз онымен біткен жоқ.

Себебі бәрі алдын ала ақылды баспен құрған жоспармен келе жатыр. Бұл жерде айтса нанғысыз, өмірде болмаса сенгісіз жағ­даяттар бар. Оның басындағыдай же­тістікке жоспарсыз жету еш мүмкін емес. Бертінде жарық көрген қазақ тарихы туралы кітап жазуды жиырма жасында ішке түйіп қойғаны да бір қызық дерек. Жиырма бес жасында аспирантура бітіретіні, жиырма сегіз жасында «Қобыз сарыны» монографиясымен ғұламалыққа қадам басатыны, отыз жасында ғылымды талақ етіп тастап кететіні, бәрі де алдын ала жасалған жоспарда түзілген.

Маған сенбесеңіз, «Менді» оқыңыз. Өзінің жазуынша «Шын фанатик ұлтшыл, ұлы ұстаз Бейсембай Кенжебаевтан» тап­сырма алып тұрып, оның иығынан аса қа­рауға қандай шәкірттің дәті барады. Ол және жазушының кәмелеттік жастан жаңа асқан студенттік шағы кө­рінеді. «Университетті бітірген соң, ас­пирантураға алып қалам, қазақ хандығы дә­уіріндегі әдебиетті зерттейсің, дайындала бер», – депті ұлы ұстаз. Одан кейінгі: «Мен дайын­далдым, болашақ ғы­лыми жұмыстарға ғана емес, үлкен жазушылыққа», – деген сөйлемге леп бел­гісін қойғыңыз келіп, қолыңыз жүгі­ріп-ақ кетеді.

Жазушының өмірінде мұндай жоспар­дың болғаны «Мен» ғұмырнамалық роман-хамсасында тайға таңба басқандай анық жазылған. Тіпті оның жоспарына «Жігіт ағасы жасына жетпей үзіліп кететін шы­ғармын» деген ой да кедергі бола алмаған. «Ол кезде мен жиырма сегіз, жиыр­ма тоғыз жастан аспаймын деуші едім» дейді өзі. Оның ойындағы бұл жас «Қобыз сарынының» жарық кө­руімен сәйкес келеді. Жоғарыда «сол жасында өліп кетсе, қазақ аспанынан ағып түс­кен бір жұлдыз атанар еді» дегеніміз – содан.

Бірақ оның алға қойған жаңа өріс – «жазушылық еңбек тұрғысында соншама зор – қырық жылдық нақты жос­пары» да болған. «Аласапыран» романы сол жоспардың ішінде, аспирант кезінде-ақ ойластырылғаны неге тұрады. Басқасы басқа, қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың арасынан тағдырыма не жазыпты екен, қанша жыл өмір сүреді екем деп, алақанына кім шұқшиып қарапты дейсіз. «Менің алақанымдағы өмір сызығы тым қысқа, бас бармақтың бұлшығына қарай қысқа тартып, келтесінен үзіледі екен», – дейді Мұхтар Мағауин. Соған сенгені сонша, «Қазір ойлаймын, мүмкін маған әуелде берілген жас – сол, өзім ша­малаған жиыр­ма сегіз-жиырма тоғыз шығар», – дейді тағы да.

Енді мынаған қараңыз. Ол өз жоспары бойынша әлі елу жыл ғұмыр кешуге тиіс, алдағы қиын істер мен ауыр күрестерде жеңілмес үшін, денсаулығы да мықты болмаса болмайды.

Ол үшін не істеу керек? Қазақтың жастары кеше де, бүгін де ескере бермейтін, әр­кімге сабақ болатын сөз осы арада ай­ты­лады. Университеттің төртінші кур­сында оқитын жиырма бір жастағы сту­дент асқазанын бір қабындырып алған­нан кейін темірдей тәртіпке көшіпті: «Сұлтанмахмұттың, Шоқанның, тағы бас­­қа да ұлы дарындардың келте тағдыры көпке мәлім – өзімді өзім қатты күтетін болдым. Асты мезгілімен, дәмдеп, талғап, нәрлі, қымбатынан ішетін болдым. Таңер­тең аш қарынға, кешке төсекке жатарда екі-үш қасықтан таза бал жеймін. Қанша тығыз жүрсем де сегіз-тоғыз сағаттан ұйық­таймын»…

Осыдан кейін мен бұл кісі жасы ұл­ғайған шағында шетелде тұруды да бұ­рыннан-ақ жоспарлап қойған екен-ау деген ойға келдім. Ол отызға жетпей өлермін деп Сұлтанмахмұтқа бір ұқсағысы келсе, киім киісі мен жүріс-тұрысы жағынан өмірін Еуропада өткізген Мұстафа Шоқайға екі ұқсағысы келген тәрізді. Адамның ішкі жан дүниесі сырт­қы бол­мысынан көрініс табатыны рас бол­са, бұған имандай сене беруіңізге болады.

Ол ішкі жан дүниесімен де, сыртқы кескін-келбетімен де үлкен әкесін істі, өз әкесін сотты қылған кеңес адамына еш ұқ­сағысы келген жоқ. Оның осы бол­мысы «Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар тарихын үш ғасырға жылжытты», «бес ға­сыр­ды жырлатты» деген тақырыптармен таң­­баланған бірінші мифпен үйлесе кетіп тұр.

Жазушы жан тереңіндегі бұл сырды постмодернистік тәсілмен: «Әулетімізде үш адам атылған, әлденеше азамат жа­лаға кеткен, қаншама жан мешін жылғы аштықта құрбан шәйіт, соның бәрі ес біл­геннен ойымда, көз ашқаннан кө­­кірегімде тұрған, менен шерлі, менен зарлы, менен қайғылы кім болды екен», деп береді. Өз қайғысын ұлт қай­ғысы, ұлт қайғысын өз қайғысы етіп шен­дестіре көр­сетеді. Қара сөзбен жазған сөйле­мінің со­ңы өзі жатқа соғатын жорық жыр­лары­ның қайырымына ұқсай кеткені де тегін емес.

Әдетте бірінші мифті адам өзі жасай­ды. Екінші, үшінші, одан соңғы миф­тің бәрі халықтікі. Сол халықтың ойын­ша оның көркем шығармалары да әлдеқан­дай бір қарсылыққа ұшырауға тиіс секілді. Жиырма төрт жасында жазған «Кеш­құ­рым» атты алғашқы әң­гімесі «Жұлдыз» журналына өтпей-өт­пей зорға өтіп, кейін бү­кілодақтық «Ого­нек» журналынан сый­лық алып қана жұлдызы жаныпты. Бірақ басқа әң­гіме, повесть, романдары үлкен сынға ұшы­рағанын көргеміз де, естігеміз де жоқ. Алайда, жазушының өзі алғаш төрт-бес көркем кітап шығарғанын, соның бір де біреуіне рецензия жариялан­бағанын айтады. «Архив хикаясы» атты шығармасының орыс тілінде шыққан қазақ жа­зушыларының таңдаулы әңгіме­лерінің жинағына қараулықпен кіргізіл­мей қалғанын жазады.

Бір ғана «Архив хикаясы» әңгімесіне жеке тоқталсақ, оның да ізінен кішігірім аңыз ерген туынды болғанына өзіміз де куәміз. Архивке басымен жұтылып кеткен ға­лымдардың арасында «архив ауруы» деген түсінік бар. Мағауиннің өзінің де ар­хивте өткізген жылдары соған келеді. Тап­қан жаңалығын біреу біліп қоя ма деп кү­діктену, қай жерде қандай қолжазба бар екенін ешкімге айтпау, қанша ішін жарып бара жатса да мерзімі жетпей еш жерде жа­рияламау жайында айтқан ойларының аңысы да сол. Бұл басқаның емес, Мұхтар Ма­ғауиннің төл тақырыбы деп еріксіз ен саласыз.

Архивтен «Мағжанның жекелеген өлеңдерін оқымай тұра алмайтын шақ­тары», «Жасыл шабдар түсті мұқабамен түп­телген, жүз жылдық ескіліктің сүй­кім­ді иісі аңқып тұрған әдепкі кесімді ға­жайып кітаппен» қауышқан кездері, Рес­публикалық кітапхананың көне де сирек, кейбірін ашып көруге де тыйым салынған кітап қоймасына жасырын жол тауып түс­кен сәттері, бәрі-бәрі де қиял-ғажайып ер­тегіге бергісіз оқиғалар. Бұл – әңгіме сю­же­ті емес, Мағауиннің өз басынан өткен жайт­тар.

Дихан ақсақалмен арадағы әңгімесі тіптен ғажап. Ол кісі «Соғыстан бұрын Бұқар жырау туралы зерттеу еңбек жазып, қолжазбасын архивке тапсырған сияқты едім, соны таба алмай жүргенім», – дейді. Сонда Мұқаң: «Көлемі сексен бет, латынша мәшіңке, нашарлау, сарғыш қағазға енсіз басылған, үстінен көк сиямен жүргізілген түзетулері бар – солай ма?» – деп табан астында сарт еткізеді. «Қалай жазылғаны есімде жоқ», – дейді Дихан ақсақал мына таңғажайыпқа сенерін де, сенбесін де білмей. Себебі арада қы­рық жыл өтіп кетіпті, ал Мұқаңның ол қол­жазбаны көргеніне жиырма үш жыл болыпты. Ал керек болса!

«Архив хикаясы» әңгімесі автордың өз басынан өткен осы оқиғаларға ұқ­сас, тіпті рухтас десе де дәлел жетер­лік. Ке­йіпкерлердің арасындағы пси­холо­гиялық күрес жағынан Ғабит Мүсіре­пов­тің әйгілі «Этнографиялық әңгімесін» еске салады. Мұхтар Мағауиннің өзі де бұл шығармасын классикалық әңгіме деп есептейді. Мұндай шығармалар кезеңдік бір көріністерді беретін хрестоматиялық туындылар қатарына жатады. Оқырман есінде жүретін белгілі дүниелердің ішін­де де бұл екі әңгіменің шоқтығы мүлдем бөлек. «Архив хикаясының» сюжетін әңгі­ме­леп беру қажет емес, оны тұшынып оқу керек.

Мұхтар Мағауин туралы жұрт ойлап тапқан үшінші миф – «оның жауы көп» деген әңгіме. Кейінгі жазған мейірімге толы естеліктерін оқып отырып қайран қал­дым. Әсіресе Мұқағали Мақатаев туралы эссесі жүрегімді қозғап жібергендей болды. Екеуінің арасындағы адами қарым-қатынасты соншалықты жылы сезіммен жазған. Оны жақын білмейтін адам мы­на кісі өзіне өзі ұқсамайды ғой деуі де мүмкін. Маған Мағауин шындығында өзі айта беретін «бәлшебектікке» қаны қатып қалған, содан да оны-мұныға дәті берік, бірақ ар жағы ел жайлауға көшкендей сән-салтанаты жарасқан, берекесі мен мерекесі тең қатар адам секілді елестейді.

Бір жолы қалың көпшіліктің арасында кездесіп қалдым. Опера және балет театрының фойесінде, киім өткізетін жақ­қа қарай түсетін баспалдақтың ал­ды. Қасында жеңгеміз бар, екеуі де сырт киім­мен тұр. Мұндағылардың бәрі өзіміз­дің қаламдастар болса да, бейтаныс ортада таныс біреуді ұшыратқандай іштарта күлімсіреді. Ол кезде көрінген жерде суретке түсіре беруге болатын ұялы телефон атымен жоқ кез ғой деймін. Әйтеуір бір фо­тограф келе қалды да, жеңгеміз үшеуміз қатар тұрып суретке түстік. Сондағы фотосурет менде әлі бар, ол сына­ғанда бала демей, шаға демей, кімді болсын қосақ арасына қосып жіберетін ақар-шақар адамның бейнесі емес.

Ел не десе, о десін, бірақ бұл кісінің жү­регі бәрібір жұмсақ. Мұздай қатады, қар­дай ериді. Мұхтар Мағауинге қараған­да, Шерхан Мұртазаның қабағы қатулау қайта. Шерхан Мұртаза екеуін бір-бірі­мен сыйласпайды деп ойлайды. Біреулер соны пайдаланғысы келеді. «Оһ, шіркін, екеуі шайнаса кетсе, одан үлкен майдан бол­майды» дейді. Шын мәнісінде қалай болды?

Мағауин өз естелігінде «Бір газет мен туралы жақсы мақала берді, ондай ма­қаланың бас редактор Шерхан Мұр­тазаның қолдауынсыз берілуі мүмкін емес еді» депті. Бұл аз десеңіз: «Қобыз сарыны» шықты. Мадақталып жатыр. «Қазақ әдебиетінде» Марғұлан сөйледі. Тағы бір басылымдарда Рахманқұл Бердібаев және басқа зиялы, білімдар азаматтар. Мен ренжіп жүрген «Лениншіл жас» (Бас редакторы – Шерхан Мұртазаев) бәрінен озып, «Жас ғалым ашқан жаңалық» деген тақырыппен, бұрын ешкімде болмаған жағдай – суретімді қоса басып, аяулы ағам Бүркіт Ысқақовтың жақсы мақа­ласын жар­қыратып берді», – деген жазбасы және бар. Шерхан Мұртаза Мұхтар Ма­ғауин­ді сыйламаса, сондай қадамға бара ма? Мұхтар Мағауин Шерхан Мұр­та­заны құрмет­темесе, қырық жылдан кейін осындай есте­лікті жаза ма?

Мағауин туралы төртінші миф – шы­ғармашылық бәсекеге бас тіккен жан­кешті өмір, архивтен жиғаны мол білімдарлық, ойнамайтын-күлмейтін кірпияздық, бабы келіскен бекзаттық, бойына шаң жуытпайтын ақсүйектік. «Тура екі апта бойы жас қымыз іштім. Күніге он-он екі сағаттан ұйықтадым», – депті үлкен жұмысты бас­тар алдында. «Төңкеріске дейін жарық көрген бес жүз кітапты және содан бері жинақталған мың сегіз жүз қолжазбаны түгел адақтап шығам», – депті ғылымға атойлап ат қойған ша­ғында. «Бәрібір маған жетпейді, бәрібір мен артық жазам деген сенім болды», – депті ғылымнан кетіп, жазушылыққа бет қойған кезінде.

«Біссімілла» демей іс бастамайтын мұ­сыл­ман баласының салты салтанатына айналған мұндай қаламгер кемде-кем. Әр кітабын жазарда аламан бәйгеге түсетіндей баптанатының өзі жатқан бір хикая. Әр жолы қажылыққа жү­ретіндей қамданатын себебі, жа­затын кітабы ермек үшін де, атақ үшін де емес. Егер солай болмаса, «Қобыз сарыны» мен «Алдаспанды» былай қойып, «Аласапырандай» асқақ рухты роман қайда, «Шақан Шерідей» ширыққан шығарманың да жөні басқа, «Шыңғыс хандай» төрт томдық ғибратты кітап жазылар-жазылмасы да неғайбыл еді. Демек, жоғарыда атап өтілген төртінші миф те тақыр жерден пайда болған жоқ, ол Мағауиннің ұлт үшін жасар еңбегінің өзіндік һәм өмірлік ритуалынан туған десек, қателесе қоймаспыз.

Ол осындай жанкешті еңбе­гімен біздің қоғамдағы жазу­шының орнын нақ та нық белгілеп берді.

Бесінші миф – «оған не айтсаң да жақпайсың». Соны білген қаламдастары оны мақтауға да қорқады. Мен де осы жайын­да ойландым. Бекежан Тілегенов туралы жылы пікіріне таңқалдым. Мағауиннен басқа біреуден Бекежан Тіле­­генов деген үлкен жазушы бар де­генді естіген емеспін. Сөйтсем Бекежан Тілегенов «Тұйық өмір­дің құпиясы» деген кітабында өзі Орта­лық Комитетте қызмет істеп жүргенде Мұх­тар Мағауинге қарсы жасалған біраз қия­натты алақанға салып­ты да беріпті. «Алдаспан» жинағындағы «панисламистік, ұлтшылдық, кер­тарт­­­палық» идеяларды қа­лай әшке­ре­легендерін өздері емес, басқа біреулер істегендей тәптіштеп тұрып жазыпты. Жазу­шылар одағының жиынында жап-жас күнімде өз құлағыммен естігенді, енді көзіммен көріп таңырқамасқа амалым да қалмай отыр.

Айтайын дегенім, Мағауинге мақтау жақпайды емес, шын­дықты айтпаған жақпайды. Ол өмірге, қоғамға, айналасына өте сергек қарайды, бар бол­ғаны сол. Алдынан «Өзінің дең­гейінде мақтай алмадым» деп маңдайлары тасқа тиіп шық­қандар, сөздерін «Мұқаңның деңгейінде шындықты айта алмадым» деп түзетсе бек жақсы болар еді. Әйтпесе «Мұқаңа қалай мақтасаң да жақпайсың» деген сөздің бекер екенін мен де білем, сұраған адам болса бәлкім оңашада айтып та берермін.

Ал алтыншы миф Мұхтар Мағауиннің атында, яғни есім-сойында болып тұр. «Атың үлкен екен» депті Ғабит Мүсі­ре­пов алғаш танысқан кездерінде. Мың сыр­лы терең адам Мұхтар Әуезовті ғана емес, Абайдың ұлы Мағауияны да, сол арқылы Абай топырағын да меңзесе керек. Шындығында да Мағауия деген есімнің бір тылсым сиқыры бардай көрінеді. Әуелгіде ол өмірден ерте кеткен боздақ сияқты елестеуші еді, кейін өмір­баянымен жақын таныса келе біраз сырға біз де қанықтық. Адамның өмірінде оның азан шақырып қойған есімінің де ықпалы аз болмайды деген жалпы рас сөз. Біздің кейіпкеріміздің де аталары көзі ашық, көкірегі ояу, көңілі сара адамдар болғаны да көп жайдан хабар берсе керек.

Ал бұдан, Мұхтар Мағауиннің есім-сойынан не миф көріп отырсың деуіңіз мүмкін ғой. Оны айтқан себебім, қаламгер өзі «Бір атаның аруағын арқалаған жалғыз­бын» дейді. Өзінің басындағы жалқы тағ­дырды барша қазақтың ба­сына теліп айтады. Шынында да қазақ­тың асыл сүйегін ақ пен қызылдың қырғынынан, іле-шала болған екі бірдей ашаршылықтан, одан кейінгі сталиндік қуғын-сүр­гіннен аман қалған жалғыздар жалғастырды емес пе. Соның бірі бүкіл сыйлықтарын атап айт­пай-ақ та қоюға болатын Мұхтар Ма­ғауин бүгінде сонау Америкада тұрып жатып жа­сы сексенге толып отыр.

Қазақтың қасиетті саны жетінші миф осыдан шықты. Біреулер «өкпелеп кетті», енді біреулер «балаларын сағалап кетті» дейді. Содан «ойбай, анау екен», «ойбай, мынау екен» деген тағы бір миф қалып­тасты. Оның бәрін бірдей жоққа шығара да беруге болмайды. Бірақ тап осы сұраққа Мұхтар Мағауиннің өзі әлдеқашан жауап беріп қойған сияқты. «Диссидент емеспіз – бұдан соңғы дүние­ден де үміт бар», – деген екен жазушы кеңес заманындағы қуғын-сүргінге қатысты айтылған бір сөзінде. Біздің де ішіміз қимайтын бір сөздің түйіні осында жатқанын несіне жасырамыз.

Міне, сөйтіп бір заманда жиырма жеті, жиырма сегіз жастан аспайтын шығар­мын деген қаламгер сексенге үлкен шығар­машылық құлшыныспен қадам басты. «Мимен көп жұмыс істеген адам ұзақ жасайды» деген менің өзімнің пәлсапам бар еді. Мұхтар ағамызды отыз­дың өтке­легінен аман өткізген бес ғасырлық жы­раулар тарихы болса, бүгінде сексенге жеткізген төрт томдық «Шыңғыс хан» атты тарихи романы болуы да бек мүмкін-ау.

Өзі қалыптастырса да, өзгелер қалып­тастырса да, көзі тірісінде мифке айналу кімнің қолынан келер дейсіз. Кейде шындық ұмытылса да, миф ұмытылмайды. Мұхтар Мағауин белгілі бір дәрежеде мифке айналған тұлға, ол жазған атышулы «Мен» де – миф. Біздің орта сол мифке енді қанша ерерін бір Алла ғана біледі.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.