Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құнанбай қажының өлеңі

0 2  146

Біз «Ақындықтың Әбілхаят суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгі тірілік тапқан» (М. Әуезов) хакім Абай жайлы айтқанда Құнанбайдың тектілігі, тәрбиесі жайында жиі айтамыз. Ал, ақындығы жайынан сөз болғанда генетикалық жағынан сықақшыл, әзілқой, суырып-салма, шешен тілді Шаншардың (Абайдың нағашыларының руы) ата мінезі ғана емес, өз тұқымының, әсіресе Құнанбайдың әдеби қуаты мен құштарлығының да үлесі барын ескермейміз. Бізше Абайды Абай қылған бір құдірет аталарынан келе жатқан қанына сіңген сөз өнері. Сөзіміз негізсіз емес.

Ұлы Мұқаң (М.Әуезов) «Тобықтының сол күндегі берік, жүйрік, табан шөңгел биі» деп атаған арғы атасы Кеңгірбай (Абайдың 4-атасы айдоспен бірге туысқан Жігітектің баласы) да өлеңнен қара жаяу болмапты. Тобықты елі Шыңғысқа келгенде, Шұнай, Доғалаң  тауларына дейін жайлап отырған уақтардан Көкен тауына дейін, онан ары Семейтауды да қайтарып алыпты. Кеңгірбай би сол Семейтауда  маңындағы Арқалық бұлағын жайлап жүреді ғой. Бір жылы мылтықты солдаттар ертіп келген уақтыр көп кісімен бір түнде Кеңгірбай ауылын қоршап алады да, өзін Семейге алып кетеді.

Ел хабарланып, артынан қуа жеткен Көбей деген кісіні мылтық кезеген солдаттар Кеңгірбайға жақындатпайды. Сонда, Кеңгірбай өлеңдетіп бүй дейді:

Жар жағалай жүгірген ақ киімді,

Атым Көбей дегенде жұрт сүйінді.

Бір жастан, екі жастан тоқсан сиыр,

Мұны тапқан жігітке не қиынды.

Мұны естіген Көбей елге келіп: «Қабакем (Кеңгірбайды осылай атайтын болған) сөйлесіп, тайынша аралас тоқсан сиырға басын босатып алмақ болған екен, осыны жинауымыз керек»,- дейді. Бұл хабар Балқаштағы Тобықтыларға жетіп, Қараменде би екі кісі жібереді. «Бермек сиырдың жартысын біз төлейміз, қазір айдап жетуге қиын, ол жақтан жинап қырық бес сиыр беріңдер. Оған орай малды біз де айдатамыз. Кеңгірбайды босатып алыңдар»,- дейді.

Кеңгірбай жұмбақ өлеңмен өз жайын жеткізіп, ел-жұрты тоқсан сиыр беріп, басын босатып алған екен.

Қысылғанда мұндай өлеңмен жинақы, астарлы, қыздың жиған жүгіндей келісті бір шумақпен бүкіл істің беталысы мен шешімін жеткізген ақындық қуат емей неме.

Ал, Құнанбай қажы да сөз өнерінен кенде болмаған-ды. Оның шешендігі жайында ел аузындағы аңызға бергісіз әңгімелер мен Абай туралы естеліктерде де жиі ұшырасады. Бұл жайында Адольф Янушкевичтің өзі тамсана жазады. Яғни, 1848 жылдың 15 тамызында: «Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап, қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабылеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» дейді.

Оның билік айтып, дау-жанжалды шешуде әділ ғана емес, аузына құс тістеген ділмар да болғаны белгілі. Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде Құнанбайдың әдеби қуаты жайлы «Оның сөйлеген сөзін естігендер Құнанбайдың сөзі бұлақтай ағып, өлеңдей қисынып тыңдаушыны ұйытып жіберетін еді, деседі. Құнанбай нақыл сөздерді де қолданатын, бірді-жарым ауыз өлең де шығаратын адам болған. Бірақ, өлең жазып, оның жолына түспеген көрінеді» дейді. Демек, ол кісі де (Құнанбай қажының) өлең өнерінен де құр жаяу болмаған екен.

Бірқанша жылға созылған Тобықты елі мен Қаржас елінің арасында жер дауы бітімге оңай тоқтамай, төтенше төтенше съезге түсіпті. Сиезде тобықтылар атынан Құнанбай, Қаржас жағынан Мұса Шорманұлы шығыпты. Екі би біраз ырғасып, жөнді бітімге келе алмасай біраз отырыпты.

Мұса бір сөзінде: «Менің ата-бабама бақыт қонған, біздің мәртебеміз биік, салмағымыз басым, байтақ жатқан елім бай, көкорай шалғын жерім бар, шалқып жаткан көлім бар… » деп шалқи сөйлепті. Сонда Құнанбайдың айтқаны:

Пұт болдым деп мақтанба,

Пұттан ауыр батпан бар.

Биікпін деп мақтанба,

Асқар-асқар таулар бар.

Ар жағында аспан бар.

Басыма бақыт қонды деп,

Тосылмаймын енді деп,

Алдаушы жалған дүниеге,

Ғалып болып азбаңдар,

Қарсы келген дұшпаның,

Басын келіп изесе,

Оған да қыл бостандық,

Аяққа салып баспаңдар.

Бақ тайса ажарыңа қарамайды,

Біреуді біреу сырттан табалайды,

Басыңа қарапайым бір іс түссе,

Қылды деп білместікпен шамалайды.

«Адам басы Алланың добы» деген,

Дәм тартса әр тарапқа домалайды.

Жұрт «Бәрекелді, Құнекең тауып айтты», – депті. Әрине, «аузы – дуалы, сөзі – куәлі». Қаз-қатар тізілген сөз дестесімен айшықты өрілген өмір философиясы.

Қажыдан келген жылдың қысында Құнанбай үйінде түстеніп отырған бір топ адам ішінен біреулер «Шаруа қайтсе оңалады, малжан қайтсе аман болады?» деп сұрапты. Құнанбай қажы:

– Шаруаң оңға айналған шақта,

Мінген атың жүреген болады.

Асыраған итің үреген болады,

Қатының қадірлі болады,

Қызың ажарлы болады,

Малың базарлы болады,

Шөбің шығымды болады,

Малыңа жұғымды болады,

Ұлың білімді болады,

Құлың сенімді болады,

деп, бір қайырып, аяғын былайша термелейді:

Шаруаң солға айналған шақта:

Мінген атың шабан болады,

Асыраған итің жаман болады,

Қатының сараң болады,

Қызың ажарсыз болады,

Малың базарсыз болады,

Шөбің шығымсыз болады,

Малыңа жұғымсыз болады.

Ұлың білімсіз болады,

Құлың сенімсіз болады…

Билер сөзінің сарынын сақтаған бұл жолдардан Құнанбайдың биік парасатымен қоса, тілінің шұрайын, ойының қуатын, өлең өнерінде болуға тиіс көркемдік тәсілдерді байқаймыз.

Көркемдік демекші, Құнанбайдың бүгінде халықтық мақал-мәтелге айналған шешендік сөздері де болған. «Ер болсаң бопсаға шыда», «Арымнан – жаным садаға, жанымнан – малым садаға», «Жаралы кісі жамалар, жамалар да қуанар», «Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шындықтың арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын», «Көптен ажал да жасқанар, адалдан арам да жасқанар», «Елге еңбек етсең, бермесін аласың, Қиянат етсең тамұқта жанасың», «Арсыздық малға байланысты, адамдық арға байланысты», «Көптің күшіне сен, Басшының ісіне сен» деген нақыл сөздер сол Құнекеңдікі екен.

Бұл сөздердің жинақылығы, айшықтылығы, ершімділігі сияқты көркемдігі мен терең философиялық мағынасы қуатты әдеби қабілеттің арқасында ғана мүмкін болуға тиіс. Демек, А.Янушкевичтің «абызша сұңқылдап» деуінің астарында Құнанбайдың тілдік құнарының, кең-мол пішілген көркемдік ойлау қуатының сөзбен сомдалған сұлбасы жатыр.

Ахат Шәкәрімұлының естелгінде айтылуынша, Құнанбай Омбыға айдалғанда жолдас болған, Сібірге айдалып, арып-ашып елге оралған, руы Керей, Бейсеке деген адам бейшара қалпында елге барудан арланып Құнанбайдың ауылын іздейді.

Қалашыларға ілесіп, бірде жаяу, бірде мінгесіп, Семейден шығып ел шетінде ілінгенде бір кісінің    өгізін сұрап мініп Құнанбай ауылына жетеді.

Бейсеке Құнанбайдың үйіне көп кісінің үстіне келеді де, есік жақта отырып қалады.  Сәлден кейін көзі түсіп, есік жақтағы Бейсекені таныған Құнанбай орнынан тұрып Бекеңге қарай бара жатып айтқан өлеңі екен дейі:

Жаңылмас, қате баспас хан бола ма?

Тапжылмас, табан таймас жан бола ма?

Бәйгеге күнде қоссаң алдын бермес,

Тұлпарда арықтаса сән бола ма?

Кер заман кез келсе адам жаңылмай ма?

Кемеңгер келелі істе танылмай ма?

Айнымас таза жүрек, сенімді дос,

Тарығып, талған кезде табылмай ма?

Шықпайды жан, кесімді қаза келмей,

Асыл ерлер өтті ме наза көрмей?

Елі үшін еңбек етіп азап тартқан,

Мақшарда бейіске енер, жаза көрмей!

Құшақтап көрісіп, қасынан орын берген Құнанбай неше күн күтіп, кетерінде жақсылап киіндіріп, ат мінгізіп қайтарады. Құнанбай өмірден озғанға дейін осы Бейсеке деген кісіге соғымын, керек-жарағын беріп тұрған екен.

«Әу» демейтін қазақ жоқ екенін білеміз. Бірақ, Құнанбайдың бізге жеткен бұл өлеңінен мол ақындық қуатын, терең поэтикалық иірім ғана емес, кісілік келбеті, аға сұлтанның ар шырайы менмұндалап тұрмай ма?

Тіпті, Әуезов Мұхтар ақсақалдың деректеріне сүйенсек «Өзі оқымаса да балаларын оқытып жүрген Құнанбай бір баласы Халиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына Сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді» екен. Бұл хакімнің әкесінің өз ортасынан оза шығып, биікке талпынған әдеби ізденісін әйгілейді. Ал, бұған естілік, дегдарлық, сөз өнерінде деген құштарлық пен ықылас дегеннен басқа не деуге болады. Текті тектілігін осылай «шыға шауып, шығандап қылық» қылып білдірсе керек.

Демек, осындай әкеден туған Абай тектен текке ақын болмаған сыңайлы.

Оразбек САПАРХАН

Пайдаланға әдебиеттер:

1.Янушкевич Адольф. Қазақ даласын жасалған саяхат туралы жазбалар (Орыс тілінен аударған Мұқаш Сәрсекеев). – Алматы; Жалын. 1979 ж. –272 бет.

2.Даланың дара ділмарлары. –Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2001, – 592 бет.

3.Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы», 2014. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б.

4.Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.