Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаңа кітап жарық көрді

0 1  091

5 наурыз. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – «Имам Нәуәуидің 40 хадисі» атты кітап қазақ тіліндегі түсіндірмесімен жарық көрді, деп хабарлайды sunna.kz тілшісі.

Бәрімізге белгілі соңғы жылдары елімізде мұсылмандықты насихаттаған, дініміздің асыл құндылықтарын паш еткен діни әдебиеттер көптеп басылуда.  Оқырманның сұранысына орай да көптеп жарық көріп жатқан кітаптар қанша рет басылып шықса да халқымызға көптік етпейді.

«Меже» баспасынан Әл-Әзһар университетінің түлегі, белгілі исламтанушы Айбек Әбдіқадырұлының «Имам Нәуәуидің 40 хадисі» атты кітап шығарды.

Талай жыл Мысырда жинаған тәжірибесі мен Мысыр ұстаздарынан алған тәлімінің жемісі істептті бұл кітап жайлы автордың өзіне жолығып жаңа кітапбының жарық көруімен құттықтадық. Өзінің әлі сиясы кеппеген кітабы жайлы автор былай дейді:

«Біз үшін Алла Тағаланың сөзінен кейінгі ең қастерлі  сөз – Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың хадисі екені даусыз. Себебі пайғамбар айтса қалт айтпайды. Оның сөзі – әлемдердің Раббысынан келген бір нұр іспетті. Ол жүректерге жан бітіріп тура жолға бастайды. Ақыретте тозақтан құтылуды көксеген адамға екі дүниенің бақыты мен шаттығын сыйлайды. Сондықтан да тарихтың әр кезеңдерінде түрлі ғалымдар пайғамбарымыздың хадистеріне түсіндірме жасап, шағын кітап күйінде халыққа ұсынып отырған.

Бұл Ислам әлеміне әйгілі кітап. Әйгілі болуының себебін имам Науауидың (р.а.) ерекше ықыласы мен Алла Тағаладан қолдау тапқанымен байланыстыруға болады деп ойлаймыз. Бұл түсіндірмені жазуда «әл-Азхар» университетінің көрнекті ғалымы, Каирдегі «Захир Бейбарыс» мешітінің имамы доктор Хишам Кәмил Хамид Шәфиғи Азхаридің «Әл-ануар әл-Мухаммадия» атты еңбегін негізге ала отырып, өзге кітаптарда айтылған әрі қазақ оқырмандарына пайдалы болады деген мәліметтермен толықтырдым.

Мұнда әуелі хадистің мәтінін келтіріп, сосын хадисті жеткізген сахабаны таныстырдық. Содан кейін хадистің жан-жақты түсіндірмесін беріп, одан алынатын («әл-әнуар әл-Мухаммадия» кітабында көрсетілген) ғибраттарды келтірдік».

Сонымен қатар Айбек Әбдіқадырұлы аталмыш кітаптың видео-дәрістерін де Ютуб арнасынан жариялай бастады. Авторға сәттілік тілей отырып осындай еңбектерді көптеп жазуына тілектестігімізді білдірдік.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.