Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти: жұма намазын уақытша тоқтату туралы шешім баршамызға ауыр тиді

0 1  406

25 наурыз. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы отандық телеарналарға беру барысында жұма намазының уақытша тоқтатылуы туралы айтты, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

«Дін саласында қызмет етіп жүргенімізге жиырма жылдан асты. Жамағат тарапынан қойылған әртүрлі сұрақтарға жауап беріп, қажетті кезде пәтуасын да айттық. Алайда Ғұламалар кеңесінде жұма намазына қатысты пәтуа шығару оңай болмады. Дін саласындағы барша қызметкерлерге ауыр тиді. Әрине, бұл уақытша сынақ деп есептейміз.

Мұндай шешімді тек біз емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. Тіпті кейбір елдер азан шақырған кезде халықты үйде намаз оқуға үндеуде. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қай жерде жұқпалы ауру тараған болса ол жерге бармауды және сол жерден кетпеуді бұйырған. Мұндай пәтуа шығарудың шариғатта негізі бар. Мақсат – індетті өзгелерге таратпау.

Мұсылман – өзгелерге қолымен де тілімен де зарар тигізбейтін жан. Мешіт – жамағаттың ең көп жиналатын рухани ордасы. Адам өмірі аманат болғандықтан, оны сақтау – баршаға міндет. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бұл шешімін мұсылман жамағаты дұрыс қабылдауда» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.