Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Әзірет Сұлтан» мешітінің мәлімдемесі

0 962

7 мамыр. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz –Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Елорда өкілдігінің ұйытқы болуымен 1000-ға жуық отбасыға азық-түлік үлестірілді, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған  sunna.kz тілшісі.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінің ауыртпалығы қазіргі таңда барша отандастарымызға оңай тиіп тұрған жоқ. Қимыл-қозғалыс шектеліп, кейбір жұмыс түрлерінің мүлдем қысқарып жатқаны сияқты жайттардың жұртшылық арқасын аяздай қарып жатқаны да жасырын емес. Ел басына осындай қиын-қыстау күн туған шақта мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан әлеуметтік көмектердің, қаржылай қолдаудың маңызы айрықша екені айтпаса да түсінікті. Қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын жариялауы да, ең алдымен, ел тұрғындарының арасындағы бірлік-берекені нығайтып, халық басына түскен бейнеттің жүгін жеңілдетуге бағытталған болатын.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да игі шараға өзіндік үн қосып, қайырымдылық шаралары қатарын арттыра түсуді күн тәртібіне шығарған еді. Содан бері еліміздің барлық өңірлерінде түрлі қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға мүмкіндігінше жәрдем беріліп келеді. Қасиетті Рамазан айы есігімізден енісімен, бұл игі шаралардың ауқымы да артып, көлемі де көбейіп келеді.

Сондай игі шаралардың бірі бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып өтті. Құлшылық ордасына алдын ала жазбаша түрде өтініш білдірген мұқтаж отбасылардың тізімі түзіліп, Елорда өкілдігінің ұйытқы болуымен 1000-ға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік қоры үлестірілді. Бас шаһардағы құлшылық ордаларының шәкірттері мен жамағатынан құралған еріктілер тобы арқылы азық-түлік сөмкелері мұқтаж жандарға табысталып, карантин ережелеріне сәйкес тарату және жеткізіп беру жұмыстары жүргізілді.

Дегенмен, аталмыш оқиға әлеуметтік желі арқылы желдей тарап, «Әзірет Сұлтан» мешітінде тегін азық-түлік таратып жатыр екен деген бейсауат ақпараттың арқасында құлшылық ордасына қарай ағылған адамдар нөпірі пайда болып отыр. Мешіт маңайына топтасып, тегін азық-түліктен құралақан қалмайын деген жандардың буынсыз жерге пышақ ұрып, карантин ережелерін де сақтамағаны қынжылтады.

Осы орайда, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті ресми түрде қайырымдылық шарасының аяқталғанын, жоспарланған меже бойынша азық-түлік сөмкелерінің түгелдей таратылып біткенін хабарлайды. Алдағы уақытта мұндай қайырымдылық шаралары алдын ала айтылып, арнайы түзілген тізімдегі жандарға хабар берілетінін ескертеміз!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.