Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти маңғыстау облысының әкімімен кездесті (ФОТО)

0 922

28  мамыр. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz –  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлымен кездесті, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Кездесуге ҚМДБ тарапынан Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қатысты. Облыс басшысы киелі мекен – Маңғыстауға іс-сапармен келген Бас мүфти бастаған делегацияның қадамын жақсылыққа балап, игі ниетін жеткізді.

Ресми басқосуда өңірдегі діни ахуал сөз болып, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызы талқыланды. Сонымен қатар жастар арасында діни оңалту жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Серікбай Өтелгенұлы ізгілік жолындағы бастамалар мен игі қызметте жүрген имамдарды қолдау ортақ іс екенін жеткізді.

«Маңғыстау облысындағы діни ахуал – менің жіті назарымда. Сондықтан осы өңірдегі имамдардың білімін шыңдап, тәжірибесін арттыруға маңыз беріп келемін. Ендігі мақсат – елдің игілігі мен халықтың болашағы жолында бірлесе отырып қызмет ету. Осы бағытта сіздермен ынтымақтаса отырып, ортақ шараларды атқарудың маңызы ерекше», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар діни саладағы жобаларды жүзеге асыруға, діни оңалту шараларында ынтымақтастық танытуға уағдаласты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.