20 қазан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Елорададағы «Aqmeshit» мешітінде ІХ республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» қарилар байқауының жеребе тарту рәсімі өтті.
Екі күнге жалғасатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 72 үміткер қатысқалы отыр. Аймақтық іріктеу кезеңдерінен оқ бойы оза шапқан сайыскерлер 4 аталым, яғни, Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ, мәнерлеп оқу бойынша бақ сынамақ. Ал бүгінгі рәсім барысында үміткерлердің реттік нөмірі белгілі болды.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтетін қарилар байқауы еліміздегі пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтай отырып өтеді және жалпы жұртшылыққа «Хикмет» студиясының YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы, сонымен бірге Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан тікелей көрсетілім ұсынылады.
Жеребе тарту рәсімінде үміткерлерге жарыс ұйымдастырушылары, пандемияға байланысты байқаудың қалай өтетінін баяндап, сақтық шараларын ескеруді сұрады. Сондай-ақ әр аталым бойынша сайыс кезінде залда басқа аталым бойынша жарысқа шығатын үміткерлер отырмайтыны ескертілді.
Рәсім соңында байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, дұға жасалды.