Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Талдықорғанда тағы бір мешіт ашылды (фото)

0 1  515

23 қазан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Талдықорған қаласында жаңадан бой көтерген «Тәубе» мешітінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Сәулеті мен сәні келіскен 3 мың орындық «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қорының тікелей демеушілігімен салынған болатын.

Құлшылық үйінің ашылу рәсіміне «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Әбішұлы, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы, өңірдің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы, аудан-қала бас имамдары және біртқатар қонақтар қатысты.

«Мешіт салудың сауабы» туралы насихат айтқан Бас мүфти ғибадат үйінің бас имамы қызметіне тағайындалған дін қызметкерін көпшілікке таныстырды.

–«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан қорыққан кісі ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі» делінген «Тәубе» сүресінде. Дәл осы сүреде Алла Тағала:

«Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол – біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын» де деген аят бар. Міне бүгін Алланың қалауымен бір Аллаға тәуекел етіп, осындай құлшылық үйін ашып отырмыз. Неліктен «Тәубе» сүресінен мысалдар келтіріп отырмын? Өйткені бүгінгі ашылғалы тұрған мешіттің аты – Тәубе. Дінімізде тәубенің орны маңызды.

Құранда Алла Тағаланың тәубе етуші құлдарын жақсы көретіні айтылса, хадис-шарифте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары – жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері» дейді. Міне, мешіт – тәубе ететін орын, мешіт – тәрбие мен тәлім, имандылық ордасы, – деп атап өтті ҚМДБ төрағасы.

Сонымен жаңа мешітке Бас мүфтидің бұйрығымен Керімбек Дәуітов Талдықорған орталық «Иман» мешітінің наиб имамы қызметін сақтай отырып, имам болып тағайындалды. Ол Алматы облысы, Көксу ауданының Талапты ауылында туып-өскен.

Білімі:

2000-2001 жылдары Ислам институтын;
2001-2004 жылдары Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетін тәмамдаған.
2014 жылы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында 2 айлық курста білімін жетілдірген.
2018 жылы Түркия Дін істері басқармасының шақыртуымен Түркия астанасы Анкарада 2 ай білім алған.

Қызметі:

2004-2014 жылдар аралығында Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің бас имамы.
2014-2020 жылдан Талдықорған орталық «Иман» мешітінің наиб имамы қызметін атқарып келеді.

Үйленген, 6 баласы бар.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.