Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазгидромет: Қараша айында ауа райы қандай болады

0 879

3 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – «Қазгидромет» РМК қараша айындағы ауа райы болжамын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Мәлім етілгендей, қазаннан қарашаға өткен кезде ауа температурасының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Көпжылдық деректер бойынша, республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы 7-10°С-қа, ал қиыр солтүстік-шығыста 12-14°С-қа төмендейді. Ауаның орташа айлық температурасы тек оңтүстіктің шеткері аумақтарында +1+6°С болып сақталады. Ал қалған аумақта қазірдің өзінде термометр минусқа түскен: солтүстік өңірлерде -6-9°С, қиыр шығыста -11-14°С, қалған аумақта -0, -5°С.

Республиканың солтүстігінде, сондай-ақ шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын азаяды. Ал қалған аумақтарда, керісінше, көбейеді.

Бір ай бойы жауын-шашын (көбінесе қар түрінде), бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ, тұман жиі күтіледі.

Қараша айының басында ҚР солтүстік жартысы мен орталығында, одан кейін шығыста жауын-шашын (жаңбыр, қар) және ауа температурасының түнде -3-11°С, күндіз -5+3°С дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі. Одан әрі бірінші онкүндіктің екінші жартысында температура түнде -6+2°С дейін, күндіз +3+8°С дейін жоғарылауы болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде -5-13°С, күндіз 0,-8°С дейін төмендеуі ықтимал.

Еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, күндіз ауа температурасы +13+22°С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашын (жаңбыр, қар) және температураның түнде -5-10°С, оңтүстік-батыста -3°С, күндіз -3+5°С дейін төмендеуі болжанады.

 Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында онкүндіктің бірінші және екінші жартысында жауын-шашын күтіледі. Бірінші онкүндіктің басында ауа күндіз +10+18°С дейін жылынады, онкүндіктің ортасында және соңында температура түнде -5+3 дейін, оңтүстік-шығыста -10°С дейін, күндіз +3+10°С дейін, Алматы облысының таулы аудандарында 0°С дейін төмендейді деп күтілуде.

Республиканың солтүстік жартысындағы ең суық күндер екінші және үшінші онкүндіктердің соңында болжанады. Термометр бағандары түнгі сағаттарда -10-20°С дейін, қиыр солтүстікте -22-27°С дейін, күндіз -5-18°С дейін төмендейді. Бірінші онкүндіктің соңында – +12+20°С.

 Бір ай ішінде жылы және аязды күндердің жиі өзгеруі күтілуде, әсіресе елдің солтүстік жартысында.

Осылайша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормаға жуық болады. Елдің солтүстік-батысында – нормадан 1°С жоғары, оңтүстіктің, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында – нормадан 1°С төмен болады деп күтілуде.

Қараша айы жауын-шашынды болмақ. Республиканың тек оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп болжануда.

Қараша айында қар жамылғысы пайда болады және тұрақты сақталады. Көпжылдық деректер бойынша қар жамылғысының белгіленген күні:

 – солтүстік және шығыс өңірлерде – бірінші онкүндіктің соңында және қарашаның ортасында:

– Қазақстанның орталық бөлігінде – қарашаның екінші жартысында;

 – елдің батысы мен оңтүстік-шығысында – қарашаның аяғы мен желтоқсанның бірінші жартысында;

– республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-батысында желтоқсанның үшінші онкүндігінде.

«Бір айға арналған болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керек. Ол кейіннен онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады», – деді Қазгидрометтен.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.