Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қабырда жауап сұрамақ һәм әлімсақ дегеннің мағынасы

0 1  892

Уа, достар! Адам өлгеннен кейін мүңкір-нәңкір деген періштелер келіп, сұрау алады. Сонда Құдайың кім, дінің қай дін, пайғамбарың кім деп, сондайларды сұрайды. Мұның жауабын осы күннен ұғып, жатқа үйрену керек.

Қабірге кірмек ақиреттің алғашқы есігі есепті, сонда түзу жауап бере алсақ, Алла Тағаланың жарылқағанының белгісі сол. Құдайым – барша ғаламды Жоқтан бар қылып жаратқан, Серіксіз, Мінсіз жалғыз Алла Тағала, пайғамбарым – ақыр заман пайғамбары Мұхаммед Мұстапа салла Аллаһу ғаләйһи уә сәлләм. Дінім – Ислам діні. Кітабым – Құран. Құбылам – бет Алла, ықтиқатта, яғни иман турасында мазһабым ахлул-суннати уал-жамағати, яғни пайғамбарымыздың сүндетіменен болған қауым, ғибадатта мазһабым имам Ағзам рахматул-лаһи ғалаиһи, оның шын аты Нұғман.

Мұхаммед ғаләйһис-сәләмнің үмметімін. Ибраһим ғаләйхис-сәләмнің милләтіненмін. Мұның себебі, ислам дінінің басы Ибраһим пайғамбардан басталған.

Аятта айтқан: «тат-табаға миллата ибраһима ханифан», мағынасы: үйреніңіздер Ибраһим ғаләйһис-сәләмнің милләтіне деген.

Анық әлмисактан бері мұсылманмын. Бұл әлмисақ дегенді біздің қазақтың, көбі білмейді, мұны анықтап ұғу керек. Құдай Тағала Адам пайғамбарды жаратқаннан кейін, қияметке шейін адам баласынан қанша жан жаралатұғын болса, солардың бәрінің жандарын Адам пайғамбардың аркасынан шығарып алып, оларға ацыл, ерік беріп, бәрінен де сұраған «әләсту би раббикум», яғни мен сендердің Құдайың емес пе деп. Сонда «қалу бәлә», яғни бәрі де айтты, рас, бізді жаратқан Құдайымыз — Сен деп. Сол иманды кітапта — иман фітри дейді. Сол себептен кәпірлердің күнәға батпай, жасында өлген балалары бейішке кіреді. Бастапқы — фітри иманын бұзбай өлген үшін.

 Және сонда барша жандардан Алла тағала уәде алған, дүниеге адам болып келгенде сол иманын бұзбай құлшылық қылып, күнәдан таза болып, Алланың бұйрығына мойынсұнуға. Сол уәденің атын әлмисақ дейді — аятта: «уа кад ахаза мисакакум ин кунтум мұғминина», мағынасы: Алла тағала сіздерден уәдені анық алды. Сол уәдені бұзбай, мұсылман болсаңыз деген.

Енді бұл дүниеге келгенде, солардың бірталайы уәдесін бұзбай, таза мұсылман болды, бірталайы дүниеге алданып, шайтанға еріп, антын, уәдесін бұзып, кәпір болды. Бірталайы иманын бұзбаса да, нәпсіге еріп, біз сықылды күнәкар бенде болып, бір Алла, өзің кеш, жарылқа деп зарлап жүр. Алла тағала күнәмізді өзі ғапу қылсын, Әмин.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.