Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Үш жолаушы

0 1  300

Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ертеректе жолаушылап шыққан үш кісінің уақиғасын баяндайды.

Әлгі үш жолаушы түнейтін жер таппаған соң бір үңгірге кіріп, демалып жатқанда таудан үлкен тас түсіп, үңгірдің аузы жабылып қалады. Сонда олар өздерінің жалғыз Алланың разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Аллаға жалбарынғанда үңгірдің тас құлаған аузы ашылып құтылады.

Сонда үш жолаушының бірі: «Уа, Алла Тағала! Менің жасы келген кәрі әке-шешем бар еді. Таң атысымен ата-анамның жағдайын жасамай тұрып, бала-шағама көңіл аудармайтынмын. Бірақ бір күні шаруамен жүріп үйге келсем, астарын ішпей ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей екеуіне сүт сауып дайындадым. Екеуінің шырт ұйқыда жатқанын көріп, олардан бұрын бала-шағамды тамақтандыруды дұрыс көрмедім. Сөйтіп таң атқанша олардың оянғанын күтіп, таң атқанда олардың сүттерін бердім. Иә, Алла! Мен сол істі тек қана Сенің разылығың үшін шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас кішкене ғана орнынан қозғалды.

Екіншісі: «Уа, Алла! Менің қолымда туысымның қызы тұрды. Мен оны қатты ұнатқандықтан маған жаман ой келді. Бірақ мен ойымды іске асыра алмадым, ол қашып кетті. Арадан көп жылдар өткен соң ашаршылық заман болды. Сонда әлгі қыз күн көре алмай маған келді. Менің ақша беріп, оңаша қал деген ұсынысымды қабыл алды. Мен енді ғана жақындай бергенімде, ол: «Мен саған арымды арам жолмен таптауға ризалығымды бермеймін», – деп қарсылық білдірді. Оның осы сөзінен кейін мен оған қатты ынтық болып тұрсамда арам ісімнен бас тарттым. Оған берген алтынымды да кері алмадым. Уа, Алла! Егер мен сол істі Сенің разылығың үшін ғана шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас тағы да орнынан аз ғана қозғалып ашыла бастады.

Үшіншісі: «Уа, Алла! Мен бір жылдары жалшы жалдап, жұмыс істеткен едім. Барлығына өз еңбектерін төледім. Бірақ біреуі өз еңбегін алмай кетіп қалған болатын. Сөйтіп жылдар өткен сайын сақтап қойған оның сыбағасы өсе берді. Арадан жылдар өткен соң маған келіп: «Менің жалақымды берсеңіз», – деп сұрады. Мен оған: «Мынау көріп тұрған түйе, сыйыр, қой – бәрі сенің жалақыңнан көбейген малың. Бәрі сенікі, тіпті малдарды бағып жүрген қызметшілер де сенікі», – дедім. Сонда ол: «Мені мазақ қылып тұрсыз ба?», – деп сенімсіздік білдірді. «Жоқ мен сені мазақ қылып тұрғаным жоқ», – дедім де бар мал-мүлкін алдына салып бердім. Уа, Алла! Мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас түгелдей ашылып, олар үңгірден шықты».

Міне, бұл қиссадан ұғарымыз адам баласының кез келген ісі шын ықыласпен, риясыз көңілден Алла Тағаланың разылығы үшін орындалатын болса, тіпті бұл дүниенің өзінде таршылықтан, қиыншылықтан құтылуға септігі тиеді.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.