Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адам өзін таныса, Құдайын таниды

0 1  364

Уа, достар, адам өзін-өзі анық таныса, жаратқан Алласын да біледі, Алланың өміріне де мойынсұнады. Сол себептен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «ман арафа нафсаһу фа кад арафа раббаһу». Мағынасы: бенде өзін анық білсе, Алла тағаланы да анық білер деген. Және Ғайса ғалейһис-сәләм айтқан: біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсақ, әуелі өз көзіңдегі ағашты алып таста деп. Мұның мағынасы: өз міндеріңді тазартсақ, кісінің мінін айтып ұқтыруға, кісіні түзетуге сонда жарарсың деген.

Енді адам өзін-өзі білмекке әуелі жоғарыда айтылған қайдан жаралдым, не үшін жаралдым, түбінде не болмақпын деген үш сөзді ойласа керек. Онан соң басыма пайда дүние, ахиретіме пайда не іс қылып жүрмін, халыққа не пайда келтіріп жүрмін, біреуге яки өзіме зиян қылғаннан саумын ба, – деп ойлау керек. Өйтіп өзін-өзі тексермей жүре берген адам хайуан, малыңнан да төмен болады.

Аятта: «улағиқа қаланғами бал һум адаллу улағика һумул-гафилуна» деген. Мағынасы: ол ақымақтар тура аяқты хайуан сықылды, бәлкім, одан да жаман, олар түк білмейтұғын меңіреулер деген.

Бұлардың хайуаннан төмен болатұғыны хайуандар білімсіз болса да, көбінің зияны өзгеге тимейді, адамның зиянкестерінің зияны бірталай халыққа тиіп, ел бүлдіреді. Енді байқадыңыз ба, адам өзін-өзі танымақ деген иесінің құлы екенін һәм ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып, адал пайдалы істі қылуға тырыспақ.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.