Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Оқушысы қолжазбаны цифрлық форматқа көшіретін қосымша жасап шығарды

0 2  315

14 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Алар Берікұлы қолжазбаны цифрлық форматқа көшіретін қосымша жасап шығарды, деп жазды Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы мамандандырылған «Жас дарын» мектебінің 11-сынып оқушысы Алар Берікұлы қолжазбаны цифрлық форматқа көшіретін қосымша жасап шығарды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Карантин уақытында қашықтықтан оқып, ғылыми ізденістерін дамытқан жас өнертапқыш сол арқылы мектеп архивін цифрландыруға үлес қосуға тырысқан.

– Android жүйесіне арналған бағдарлама екі ай ішінде Java платформасында OpenCV және DL4J ашық кітапханалары негізінде жасалды, – дейді Алар Берікұлы. – Мені нейрондық желілер қызықтырады. Басында Java арқылы жаңадан нейрондық желі құрастырған едім. Алайда ондағы үйрену мен болжау жылдамдығы төмен болғандықтан, жұмысты DL4J-ға көшірдім.

Жасанды интеллект саласында жаңалық ашуды мақсат тұтқан Аларға Торайғыров Университетінің доценті Дария Әбікенова көмектесті.

Бағдарламаның жұмыс принципіне келсек, аталған мобильдік қосымша қазақ тіліндегі қолжазбаларды сканерлеп, оны электрондық форматқа көшіреді. Сол арқылы ескі құжаттар мен хаттарды қайта терудің қажеті болмайды.

– Бағдарламаны әлі дамытуға болады, – дейді Алар Берікұлы. – Мысалы, дәрігер рецептін оқыған адамдар медициналық терминдерді іздеп әуре болады. Бағдарлама бөлек жазылған сөздерді ғана тани алады. Бірақ кейбір адамдар олай жазбайды. Сол себепті қолжазба мәтін мен реккуренттік нейрондық желіні біріктіру арқылы кез келген қолжазбаны еркін тани алатын жүйе жасауға болады.

11-сынып оқушысының ұстазы Айдар Шайхимов айтып өткендей, қосымша толығымен әзір болып, патент алынғаннан соң Play Market-те орналастырылады. Айтуынша, «Жас дарын» мектебінің оқушылары одан бөлек Е-кітапхана және Е-асхана бағдарламаларын әзірлеген. Оларға басқа мектептер де қызығушылық танытуда.

Қазақстанның ғылымына үлес қосуға бекінген Алар Берікұлы алдағы өмірінде IT немесе нейрондық желілер саласында ізденістерін жалғастыруға ниетті. Ол үшін жақсы білім керек, дейді. Сол себепті ол мектеп бітіргеннен соң ҚазҰУ, ҚБТУ, AITU секілді білім ордаларының біріне оқуға түсуді мақсат тұтуда.

Түпнұсқа авторы: Айбек Жұматов

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.