Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мүмінге тән төрт сипат

0 1  482

Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Қайсы бір мүмін пенде болмасын, оның ара-тұра істеуді әдет еткен, не болмаса үнемі істейтін күнәсі болады. Ақиқатында мүмін сынаққа ұшыраушы, тәубешіл, ескерткен кезде еске алушы ұмытшақ етіліп жаратылған» (Һайсәми).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл хадисте мүміннің ахуалын баяндап тұр. Мүмін қателесетін, күнә істейтін, алайда түбінде тәубесіне келетін пенде. Осыған нұсқап Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзатқа тән бір кемшілікке ишара етті. Ол – күнә атаулыдан пәк болмауы. Сондықтан біреу күнәні біліп істесе, біреу білместікпен істейді. Біреу бір күнәні анда-санда істесе, біреу бір күнәні істеуде табанды. Бұны бір сөзбен «ғапылдық» деп айтады. Қандай болғанда да күнәсіз пенде жоқ.

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүмінге тән төрт сипат жайында айтты:

1.Сынаққа ұшыраушы. Яғни, Алла Тағала барлық пендесін, бірінші мәселеде мүмин пендесін түрлі жолмен сынайды. Мәселен, жақсылық береді, оған шүкіршілік етер ме екен деп, қиыншылық береді, оған сабыр етер ме екен деп? Оған қоса Алла Тағала жақсы көрген пендесін сынағанды қалайды. Бұның мәнісі: оны күнәдан тазарту, Ақыреттегі сұрағын жеңілдеті.

2.Мүмін пенде тәубешіл. Яғни, мүмін пенде өзінің күнәһар екенін мойындайды, әрі сол себепті үнемі тәубесіне келіп, Хақ Тағаладан кешірім тілейді.

3.Мүмін пенде ұмытшақ. Жалпы ұмытшақтық адам табиғатына тән. Біз қарынып тойса аш болғанымызды, аш болсақ тойғанымызды, тоңсақ ыстықтағанымызды, ыстықтасақ тоңғанымызды ұмытып кететін жаратылыспыз. Адам ата да сол ұмытшақтығы себебінен Алла Тағала жолама деген талға жолап, оның жемісін жеп қоймады ма?

4.Мүмин ескертуге құлақ асады. Яғни, Алла Тағала жайында айтылған шақта ол күнәдан тыйылады, тәубесіне келіп, күнәсі үшін кешірім тілейді, құлшылыққа ден қойып, Хақ Тағаланың разылығына ұмтылады, бейғамдық пен ғапылдықтан аулақ болуға тырысады. Міне, мүмин пенденің өзгеден негізгі ерекшілігі осы!

Ғуқба ибн Ғамир (р.а.) былай деді: «Нәбиге (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Уа, Расулуллаһ! Біріміз күнә істесе не болады?»,-деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Күнә істегені жазылады», – деп жауап берді.

– Кейін истиғфар айтып тәубе етсе ше?

– Күнәсі кешіріліп, тәубесі қабыл етіледі.

– Содан соң күнә істесе ше?

– Күнә істегені жазылады.

– Истиғфар айтып, тәубесіне келсе ше?

– Күнәсі кешіріліп, тәубесі қабыл етіледі. Пенде тәубеге келуден шаршамаса, Алла Тағала кешіруден шаршамайды» (Табарани).

«Біз Алла Тағаладан кешірім сұрап, кейін күнә істегеніміз. Содан соң Хақ Тағаладан кешірім сұрап, қайта күнә істегеніміз ұят емес пе?», – деген сұраққа имам Хасан Басри (р.а.): «Шайтан осындай оймен сендерді жеңуге тырысады. Сондықтан Алла Тағаладан кешірім тілеуден қайтпаңдар!», – деп жауап берген болатын.

Міне, мүмін осындай болады! Яғни, ол күнәһарлығын мойындап, Алла Тағаланың рахметінен үмітін үзбейді. Тәудеге келуде табанды болады. Ал Хақ Тағаланың рахметінен күдер үзу – имансыз пенденің сипаты.

Соңғы мәселе! Күнә істеп, кейін тәубеге келу. Содан соң қайта күнә істеп, қайта тәубеге келуді дұрыс түсінген жөн!

Біріншіден: адам баласы күнә істемей тұрмайды. Сондықтан біреулердің «Менің жүрегім таза! Сен күнәһар болғаннан соң намаз оқып, ораза ұстайсың» дегені – бекер. Осылай деген адам да күнәһар. Айтар болсақ, ол күнәһар болуына өзін күнә атаулыдан пәк көргеннің өзі жеткілікті!

Екіншіден: мүмін күнә атаулыдан барынша сақтануға тырысады. Бірақ ол өзінің әлсіздігін, ұмытшақтығын, қателесуші екенін мойындап, үнемі тәубесіне келіп, Алла Тағаладан кешірім тілеуден қайтпайды.

Үшіншіден: мүмін пенде күнә істеу ісіне немқұрайлы қарамайды. Яғни: «Күнә істесем, тәубеме келе саламын» деп күнәға беталды бара бермейді. «Күнә істесем, тәубеме келе саламын» деген ұстаным ғапыл, Ақырет ісіне немқұрайлы қараған адамның ұстанымы. Осылай бейғам жүргеннің нәтижесінде, хадисте айтылғандай жүрегі күнәнің қара дағымен қапталып қалса, не болады?!

Алла Тағала баршамыз тәубешіл пенделердің қатарында болуымызды жазып, күнә мәселесінде ғапыл, бейғам, парықсыз болудан сақтасын!

Абдуссамат МАХАТ

«Астана» медресе-колледжінің ұстазы

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.