Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрандағы жастар

0 3  397

Құран Кәрімде жастарға қатысты арнайы тақырып арналмаса да кейбір жастардың мысалы керемет суреттелген. Әсіресе пайғамбарлардың жастық шағында асыл дінді қауымдарына жеткізуде көрсеткен жолдары біздерге үлгі-өнеге.

Пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардан бастар болсақ,  жас кезінен өмірдің мәнін, ақиқатын іздеумен болды. Туып өскен қауымы секілді пұттарға табынбады. Соның есесі, қайтарымы ретінде Алла Тағала қаситетті Құранда:

وَكَذلكَ نُري إِبرَاهِيمَ مَلَكُوتَ السَمَاوَاتِ وَالأرضَ وَلِيَكونَ مِنَ المُوقِنِيـنَ

«Ибраһимнің иманы берік болу үшін оған көк пен жердің ғажайыптарын көрсеттік»[1].

Жастайынан Алланың құдіретіне иман келтірген жас Ибраһим жастарға өнеге бола білді. Бойында қалыптасқан табиғи тазалық оған бір Алланың бар екенін паш етті. Қауымын соның ішінде әкесін дінге шақырып, былай деп ой тастаған:

إِذْ قَالَ لِأَبِيهِ يَا أَبَتِ لِمَ تَعْبُدُ مَا لَا يَسْمَعُ وَلَا يُبْصِرُ وَلَا يُغْنِي عَنكَ شَيْئًا

«Бірде ол әкесі Әзарға: «Уа әкетайым неліктен мүлдем естімейтін, көрмейтін, әрі өзіңе титтей де пайдасы тимейтін меңіреу пұттарға табынасың?»[2].

Қысқаша түсіндірмесі:  Әкесіне ерекше мейірімділік көрсете отырып, оған былай деді: «Әкетайым мына тастан жасалған пұтттарға неге құлшылық қыласың, олар естімейді, көрмейді, сізге әкелер ешбір жақсылығы да жоқ, тіпті жамандықтың бетін қайтара алмайды».

Қауымы оның айтқандарын тыңдамай қарсы шықса да дағуатын жалғастыра берді. Ең соңында пұттардың еш зияны да пайдасы да жоқ екенін дәлелдеу үшін адамдар жоқ кезде пұттарды тас-талқан етті. Құранда ол жайында:

تَاللَّهِ لأَكِيدَنَّ أَصْنَامَكُم بَعْدَ أَن تُوَلُّوا مُدْبِرِينَ (57) فَجَعَلَهُمْ جُذَاذاً إِلاَّ كَبِيراً لَّهُمْ لَعَلَّهُمْ إِلَيْهِ يَرْجِعُونَ

«Ішінен: «Алламен ант етемін! Бәрің кеткеннен кейін бір айласын тауып пұттарыңа әлі-ақ көресіні көрсетемін», – деді. Сөйтір, Ибраһим пұттардың күл-талқанын шығарды. Тек өздері қайтып келгеннен кейін істің мән-жайын содан сұрап білсін деп, қауымының ең үлкен пұтына тимеді»[3].

Сол кездегі Қалдани қауымының әдеті бойынша жылдың бір күнінде бір жерге жиналып, мереке өткізетін, сосын пұтханаға барып, пұттарға сәжде жасап табынып, үйлеріне қайтатын. Осындай мереке күні Ибраһим алейһиссалам пұтханаға кіріп, балтамен барлық кіші пұттарды қиратады да балтаны ең үлкен пұттың мойнына іліп, кетіп қалады. Қалданилер бүкіл пұттардың қирап жатқанын көріп мұны жасаған адамды жазаламақшы болады. Ибраһимді алейһиссалам әкеліп, «Мұны сен істедің бе?» деп сұрайды. ИбраҺим алейһиссалам; «Өзі тұрғанда кіші пұттарға табынғанды қаламай мойнында балта ілініп тұрған үлкен пұт істеді, сенбесеңдер өзінен сұраңдар», – дейді. Халық; «Одан сұра дейсің, пұттар сөйлемейді ғой», – дейді. Сонда Ибраһим алейһиссалам: «Олай болса сөйлей алмайтын, өздерін қираудан құтқара алмайтын пұттарға неге табынасыңдар» – деп қауымын пұтқа табынудан қайтаруға тырысады.

Бұл жағдай Құран Кәрімде «Әнбия» сүресінің 52-аятының соңында айтылған. Бұл туралы Намрудқа хабарланады. Намруд Ибраһимді алейһиссалам шақыртады. Хазіреті Ибраһим Намрудтың сарайына барғанда оған сәжде жасамайды. Намруд неге сәжде жасамағанын сұрағанда «Мені жаратқан Алладан басқаға сәжде жасамаймын» дейді. Намруд Ибраһим алейһиссаламның дәлелдеріне жауап бере алмай жоққа шығарып, қабылдамайды. Бұған қатты ашуланған Намруд қасындағылардың да қолдауымен оны отқа жағуға шешім қабылдайды. Құран Кәрімде Ибрахим алейһиссаламның Намрудпен сөйлескендігі туралы мәлімет берілген:

أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِي حَاجَّ إِبْرَاهِيمَ فِي رَبِّهِ أَنْ آتَاهُ اللَّهُ الْمُلْكَ إِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّيَ الَّذِي يُحْيِي وَيُمِيتُ قَالَ أَنَا أُحْيِي وَأُمِيتُ ۖ قَالَ إِبْرَاهِيمُ فَإِنَّ اللَّهَ يَأْتِي بِالشَّمْسِ مِنَ الْمَشْرِقِ فَأْتِ بِهَا مِنَ الْمَغْرِبِ فَبُهِتَ الَّذِي كَفَرَ ۗ وَاللَّهُ لَا يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ

 «(Ей, хабибім!) Алла өзіне мүлік, сұлтандық бергендіктен азғындап, Ибраһиммен Раббы туралы тартысқан адамның (Намрудтың) хабарын есітпедің бе? Ибраһим «Менің Раббым өлтіреді және тірілтеді» – деген кезде (Намруд) «Мен де өлтіріп, тірілте аламын” деді. Ибраһим: «Алла күнді шығыстан шығарады, сен батыстан шығар», – деген кезде кәпір сасып қалды. Алла Тағала зұлымдық жасаған адамдарды тура жолға салмайды»[4] – деген.

Ибраһим алейһиссаламның отқа тасталуы Құран Кәрімнің «Саффат» және «Әнбия» сүрелерінде хабар беріледі:

قَالُوا ابْنُوا لَهُ بُنْيَانًا فَأَلْقُوهُ فِي الْجَحِيمِ

 «Кәпірлер арнайы бір ғимараттың ішінде от жағып, Ибраһимді ішіне тастаңдар деді»,[5] – делінген.

Бірақ, ол отқа тасталған кезде от гүл бақшасына айналады. Бір аңызда ішінде от жанған ғимарат су айдынына айналған. Отындар да балықтарға айналған. Құран Кәрімде:

قَالُوا حَرِّقُوهُ وَانصُرُوا آلِهَتَكُمْ إِن كُنتُمْ فَاعِلِينَ (68) قُلْنَا يَا نَارُ كُونِي بَرْدًا وَسَلَامًا عَلَىٰ إِبْرَاهِيمَ (69) وَأَرَادُوا بِهِ كَيْدًا فَجَعَلْنَاهُمُ الْأَخْسَرِينَ

«Кәпірлер: «Егер бір нәрсе істейтін болсаңдар, Ибрахимді отқа жағыңдар. Осылайша, құдайларыңа көмектесіңдер» – деді. Біз «Ей, от! Ибрахимге салқын бол!» – дедік. Олар Ибрахимге осылай тұзақ құрмақшы болды. Бірақ, біз олардың өздерін одан да ауыр зиянға ұшыраттық»[6], –  делінген.

Алланың құдіретімен жас Ибраһим үшін оттың күйдіруші қасиеті жойылып, жәннаттың бір бақшаларына айналып шыға келеді.

Құрандағы  жастар жайында қиссалар жалғаса келе Ибраһимның баласы Исмайылға тоқталады.  Ол Алланың әміріне бұйұсынып, құрбандыққа басын тіккен бүлдіршін еді. Алла Тағала бұл ұлы сынақ жайында Құран Кәрімде былай дейді:

قَالَ يَا بُنَيَّ إِنِّي أَرَى فِي المَنَامِ أَنِّي أَذْبَحُكَ فَانظُرْ مَاذَا تَرَى قَالَ يَا أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ سَتَجِدُنِي إِن شَاءَ اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ.

«Балақайым! түсімде өзіңді құрбандыққа шалып жытыр екенмін бұған не дейсің?!» – деді. Сонда бала жігіт еш абыржымастан: «Уа, әкетай! Сен өзіңе бұйылғанды істе, Алла қаласа менің өте сабырлы жандардың бірі екенімді көресің», – деп жауап берді»[7].

Қысқаша түсіндірмесі: Құран аятынан көріп отырғанымыздай жас бала болса да, мүдірместен Алланың әміріне қарсы келмеді. Сол мезетте еш қобалжымастан өзінің құрбандыққа дайын екенін жеткізіп: «Уа, әкетай! Сен өзіңе бұйылғанды істе» деп, қасқайып батырлық көрсетті. Ол сөзін жалғастыра келе: «Алла қаласа менің  өте сабырлы жандардың бірі екенімді көресің», деп, құрбандыққа мойнын ұсынды. Міне, жас Исмайыл осындай өжет еді.

Жастық шақ адам бойында нәпсінің дамыл бермей ойнақшып тұратын кезі. Санаулы секундтарда бұрқырап таситын сезім толқынын тізгіндеу әр адамның қолынан келетін оңай іс емес. Оның үстіне саған көз тіккен ынтық назарлар көп болса, бұл мүлдем орындалуы қиын іс. Бұл тек тақуаларға, Алланы шын сүйген құлдарына нәсіп болатын амал. Әңгімеміз пайғамбарлардың ішінде ерекше көркемдік иесі Жүсіп пайғамбар жайында. Ол үлкен сынаққа душар болған еді. Қожайынының сұлу әйелінің назарына түсіп, ол  оны қайткен күнде де тұзағына түсірмекші болды. Алайда тақуалыққа толы жас жүрек бұған жол бермеді. Ол үшін салтанатты өмірден терең зындан абзал еді. Ол сол әйелдің иелігінде құл бола тұра бұл күнә істі жасаудан бас тартты. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл оқиға жайында:

قَالَ رَبِّ السِّجْنُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِمَّا يَدْعُونَنِي إِلَيْهِ ۖ وَإِلَّا تَصْرِفْ عَنِّي كَيْدَهُنَّ أَصْبُ إِلَيْهِنَّ وَأَكُن مِّنَ الْجَاهِلِينَ

«Сол кезде Жүсіп: «Уа, Раббым! Мыналардың маған істе деп отырған істерін істегенше, зынданға жабылғаным артық. Егер олардың бәлесінің бетін ары қылмасаң, оларға көңілім ауып, надандардың біріне айналуым ғажап емес», – деп, Аллаға жалбарынды»[8].

Қысқаша түсіндірмесі: Жүсіп пайғамбар әйелдердің оған қатысты зымиян ойларын сезген кезде Раббысына жалбарынып дұға жасады: «Раббым мен үшін бұл күнәға барғанымнан мәңгі зынданда қалғаным артық, зындан мен үшін күнә амалдарыма қалқан болса соған ризамын, егер мені олардың алдап-арбауынан құтқармасаң, күнәһарлардан боламын ба? – деп қорқамын» – деді. «Күнәһарлардан боламын ба деп қорқамын» – деген Жүсіп пайғамбардың сөзі пайғамбарларға тән дұға жасаудағы әдеп.

Құрандағы жастар жайында әңгімеміз жалғаса келе Мұса пайғамбардың қиссасымен әрі қарай өрбиді. Перғауынның зәулім сарайында тоқтықта, туған баласы секілді өмір сүрсе де үлде мен бүлдеге оранған жағдайы оны құлдықта болған қауымына қайтуына кедергі болмады. Ол өзінің пайғамбарларға тән сипатынан ажырамады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَلَمَّا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَاستَوَى آتَينَاهُ حُكماً وَعِلماً وَكَذَلِكَ نَجزِي المُحسِنِينَ

«Мұса ержетіп, ақылы толған шақта, оған химет ғалым бағыштадық»[9].

Оның күш-жігерінің жемісі ретінде Алла Тағала оны және оның қауымын құлдықтан босатты.

Құрандағы жастар жайында әңгімеміз жалғаса келе «Кәһф» сүресінде үңгір адамдарының қиссасымен тамадасақ:

نَحْنُ نَقُصُّ عَلَيْكَ نَبَأَهُم بِالْحَقِّ إِنَّهُمْ فِتْيَةٌ آمَنُوا بِرَبِّهِمْ وَزِدْنَاهُمْ هُدًى

«Ал, енді олардың басынан өткен бар ақиқатын баяндап береміз. Олар Раббыларына шын көңілден иман келтірген бір топ жас жігіттер еді. Біз өз кезегімізде олардың тура  жолда деген құштарлығын одан сайын арттырып, сенімдерін күшейте түстік»[10].

Қысқаша түсіндірмесі: Уа Мұхаммед (с.ғ.с.)! Саған бір замандары болған ғажайып оқиға жайында еш өзгертпестен баян етеміз. Пұтқа табынушылар билік құрған мемлекетте Аллаға және Иса пайғамбарға иман келтірген бір топ жастар еді. Сол қаладағы имансыздардың зұлымдығынан діндерін сақтау мақсатында Алланың разылығы үшін қашып шығып, үңгірді паналайды. Алла жастарға рақымын төгіп, оларды үңгірде күннің сәулесінен жасырады. Ұлы Жаратушыға сенім білдірген иманды жастар 300 жыл өткеннен соң ғана ұйқыдан оянып, дінсіздер тұрған өз қаласына қайта оралады.

Үңгір адамдарының оқиғасы:

Бұл керемет ғажайып оқиға бір топ иман келтірген жастар жайында. Олар дінсіз, қатыгез залым басқарған қоғамда өмір сүрді. Ол қоғамның адамдары пұтқа табынатын, оларға арнап құрбандық шалатын. Діндері әмір еткен жоралғыларға бағынбаған адамдарды ауыр азаптың астына алатын. Сол қауымның ұлықтарының балаларынан болған көзі ашық бір топ жастар адасқан қауымының артына ермеді, бұттарға табынбады, бүкіл әлемді, тау мен тастарды, аспан мен жерді жаратқан ұлы жаратушының бар екеніне иман келтірді. Алла Тағала олардың имандарын қуаттап тура жолға салды және олар бұл жолға адасқан жақындарын да тартты. Олар пұттардың құлшылыққа одан мінәжат сұрауға лайық емес екенін жеткізді. Сол елдің патшасы бұлар жайында хабар естіген кезде оларды өлтіруге пәрмен берді. Олар патша сарайындағы жанашырларының көмегімен бұл хабарды естіп, лезде бұл елді тастап, еркін құлшылық жасау үшін басқа елге қашпақшы болды. Алланың қалауымен ол жастар қаланың сыртында орналасқан үңгірге бет алып соның ішінде уақытша паналамақ болды. Дем алу үшін жантайған кезде барлығы ұзақ ұйқыға кетті. Алланың қалауымен Оның құдіретімен олар үш жүз жылдай ұйықтады. Алла Тағала Құран Кәрімде оларды үңгірдегі ұйқысы жайында:

وَتَحْسَبُهُمْ أَيْقَاظًا وَهُمْ رُقُودٌ ۚ وَنُقَلِّبُهُمْ ذَاتَ الْيَمِينِ وَذَاتَ الشِّمَالِ ۖ

«Оларды көрсең ояу екен деп ойлайсың, әйтсе де олар ұйқыда еді. Оларды оңға және солға аунатын тұрамыз»[11].

Қысқаша түсіндірмесі: Оларды көрген адам ояу екен деп ойлап қалады, өйткені көздері ашық халде болатын. Жер олардың денесін жемес үшін біресе оңға, біресе солға аунаттырып.

Алла Тағала оларды ұйықтатуы арқылы Өзінің құдіретімен зұлымдардың құрсауынан босатты.

Адамдардың абзалы болған Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)   жас кезінде замандастарымен салыстырғанда оқ бойы алда еді. Жақсы мінезі, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауы, байсалдылығы, әдептілігімен баурап алатын. Адамдар оның осындай қасиеттеріне қарап таңданатын. Мекке халқы оның турашылдығы мен адалдығына байланысты Оны әл-Әмин (өзіне әрдайым сенуге болатын адам) деп атаған. Осылайша, ол жас кезінде осы атымен халық арасында танымал болды.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Әнғам» сүресі, 75-аят.

[2] «Мәриам» сүресі, 42-аят.

[3] «Әнбия» сүресі, 57-58 аяттар.

[4] «Бақара» сүресі, 258-аят.

[5] «Саффат» сүресі, 97-аят

[6] «Әнбия» сүресі, 68-69 аяттар.

[7] «Саффат» сүресі, 102-аят.

[8] «Юсуф» сүресі, 33-аят.

[9] «Қасас» сүресі, 14-аят.

[10]«Кәһф» сүресі, 13-аят.

[11] «Кәһф» сүресі, 18-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.