Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Исар – бауырыңның қалауын өз қалауыңнан жоғары қою

Исар – бауырыңның қалауын өз қалауыңнан жоғары қою

0 74

Исар деп мұсылман бауырыңның қалауын өз қалауыңнан жоғары қоюды айтады. Бұл бауырмалдықтың шыңы саналады. Ислам тарихының алғашқы кезеңдерінде меккелік мүшріктер мұсылмандарға қатты қысым көрсетеді. Алғашында аз болған мұсылмандар мал-мүлкін, үй-жайын тастап, Мәдинаға қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол кезде Мәдина мұсылмандары (ансарлар) оларды құшақ жая қарсы алып, үй-жайларымен, дүние-мүлкімен, тіпті, кәсіптеріне дейін бөліп береді. Алла Тағала ансарлық сахабалардың бұл істеріне разы болып, Құранда: «Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім сараңдықтан сақтанса, міне, солар құтылушылар», – дейді («Хашыр» сүресі, 9-аят).

Аталмыш аяттың түсуіне қатысты Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) мынадай оқиға жеткен: «Бірде Алла елшісіне (с.ғ.с) бір адам келіп: «Мен (әбден) азып-тоздым», – дейді. Мұны естіген Алла елшісі (с.ғ.с) біреуді өзінің әйелдерінің біріне (оған тамақ алып келсін деп) жібереді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жары: «Сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, менде судан басқа ешнәрсе жоқ», – дейді. Оны басқа әйеліне жібереді. Ол да дәл сол жағдайды айтады. Әлгі жіберген адам осылайша оның барлық әйелін аралап шығады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Мына адамды түнемекке кім қабылдайды?» – деп сұрайды.

Бір ансарлық сахаба: «Мен, уа, Алланың елшісі», – дейді. Әлгі сахаба оны үйіне алып келіп, әйеліне: «Алла елшісінің (с.ғ.с) қонағына құрмет көрсет», – дейді. Хадистің басқа нұсқасында әйеліне: «Сенде бір нәрсе бар ма?» – дейді.

Әйелі: «Менің балаларыма беретін астан басқа ешнәрсем жоқ», – дейді.

Сонда сахаба: «Балаларды бір нәрсемен алдандыра тұр. Егер олар тамақ жегісі келсе, ұйықтауға жатқыз. Қонақ келген кезде шамды өшіріп, біз де тамақ жеп жатқан секілді болайық», – дейді. Содан соң олар өздерінің орындарына отырады да, қонақ тамақ жеп болған соң (өздері) аш қарынмен жатады. Таң атысымен үйдің иесі Пайғамбарға (с.ғ.с) келгенде ол: «Алла сендердің түнде қонақтарыңмен қалай шығысқандарыңа разы болды!» – дейді» (Бухари, Муслим).

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.