19Сөзімізді Ардақты елшінің: «Мұсылман – саф (таза жүректі), жомарт, ал фажир (күнә істеуде шектен шыққан адам) – айлакер һәм арсыз» деген хадисімен бастайық. Пайғамбарымыз (с.а..с) бұл жерде мұсылманды саф (таза жүректі) дей отырып, көңіл айдынының тазалығын, біреу жайлы жаман ойға берілмейтіндігін, солай болуы қажет екенін айтады.
Жақсылықтың жаршысы мұсылман қалайша түзу ниетті болса, өзге мұсылман бауыры жайлы да солай ойлауы тиіс. Тіпті өзін төмен санаса да, бауырын өзінен ар-дайым артық көргені жөн. Керісінше жағдайда әлемде өзінен таза адам таппай қалады. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ екенін парықтаған жан адамның бойындағы болмашы кемшілікті зорайтып жіберіп, жақсы қасиеттерін көрмей қалады. Құран кәрімде:
«(Бір нәрсеге) Көзің нақты жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл бұлардың бәрі көргеніне, естігеніне жауапты»[1] деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, ол жайлы жа-ман ойламауға шақырады.
Тағы бір аятта Жаратқан жаббар иеміз бізге қарата:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ
«Иман келтіргендер, күмәннің (жаман ой) көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә»[2] деп бұйырады. Жаман ой адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынастың түбіріне балта шабатын қасиет.
Әбу Хұрайрадан келіп жеткен бір хадисте Адамзаттың ардақтысы «Жаман ойдан аулақ болыңдар. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді көруге және есту-ге құмартпаңдар. Жеке бас өмірлеріңе қатысты мәселелерді де тіміскілеп, білуге тырыспаңдар» деген-ді.
Жаман ойлау кез келген мәселеде жағымсыз нәтижелерге бастайды. Әсіресе ол бір отбасыға сыналап кірсе, ол ошақты ойрандамай қоймайды. Тарихта орын алған мына бір оқиғаны айта кетсек артықтық етпес.
Хажжаждың Зейнеп деген қарындасы Мұғира атты кісіге тұрмысқа шыққан екен. Мұғира өте секемшіл, ал Зейнеп керісінше аңғалдау болса керек. Бір күні таңертең ерте тұрған Зейнеп дәрет алмай тұрып тісін шұқып отыр екен. Сол кезде жұбайы байқап қойып:
– Әй, Зейнеп, егер тістеріңнің арасындағы нәрселер таңғы астың қалдықтары болса, ол сенің сабырсыздығың (яғни, ешкімнің хабарынсыз таңғы ас ішкенің), ал егер ол түнгі тамақтың қалдықтары болса, ластығыңның дәлелі. Екі жағдай да маған ұнамайды.
Төркініңе кет, – дейді ойланбастан. Қайтып келген қыздарына үйіндегілер:
– Әй, Зейнеп-ай, ерте бастан өзің таңғы асты
ішпеуің керек еді немесе түнде жатарда тістеріңді таза-лап жатқаныңда ғой, – деп кейіс білдірген кезде, Зейнеп:
– Таңертең ертемен тістерімді шұқығаным жұрттан бұрын таңғы асты ішкендігімнің де, түнде тістерімді тазаламай жатқандығымнан да емес. Түнде жатарда тістерімді мисуакпен тазалап жатқан болатынмын.
Таңертең тұрғанда сол мисуактың талшықтарының тістерімнің арасына тұрып қалғандығын байқап, со-ларды тазалап жатқан едім, – дейді. Көрдіңіздер ме, асығыстықпен жаман ойдың нәтижесінде жасалған шешімнің неге апаратынын.
Шайтанның уәсуәсасы да адамға жаман ой салып, түрлі психологиялық ауруларға ұшыратады. Бірнеше күн бұрын бір жолдасымен ренжіскен адам, осы ренжісудегі болған жайтты есіне түсіріп, «сен сол кез-де былай деуің керек еді» деп жаман ой салып, «оның саған істеген алдыңғы да жамандықтары бар» деп оның бұрыңғы істеген істерінің барлығын өзіне қарсы қояды.
Осылайша жолдасы жайлы жаман ой ойлаған сайын, оған деген жек көрініші арта береді де, ол адамды қас жауындай жек көреді. Бұл шайтанның уәсуәсасынан, жаман ойдан құтылудың шарасы жоғарыдағы аят-та «Күмәннің (жаман ой) көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә», – деу арқылы жоқ жерден өзіміздің күнәға ұрынып қалмауымызды айтып ескертіп тұр. Тіпті күнә істегенін көрсеңіз де көрмеген сыңай танытып, бауырыңыз жайлы жаман ойдан сақтанып, оны жұртқа жаймай, керісінше «Уа, Алла тағалам, күнәһар пенделеріңді кешіре гөр. Мені ондай жағдайға душар етпегейсің» деп өзінің ондай жағдайға түсіп қалмауы үшін дұға етуі керек.
Пенде болған соң ұрыс-керіссіз өмір жоқ қой. Сондай жағдайда Пайғамбарымыздың: «Мұсылман мұсылманмен үш күннен артық араздасып, араласпай қоюларына болмайды», – деген хадисін еске алып, тез арада жарасуға тырысу қажет.
Жаратқан иеміз жайында да жаман ойға берілмеу қажет. Құдай тағалаға деген жаман ой қандай десең, ол Алла тағала жасаған күнәларымды кешірмейді деп жаман ойлау. Шын жүректен жасалған тәубені Жасаған иеміз әрдайым қабыл алып, кісі ақысынан басқа кез келген күнәні кешіретіндігі көптеген аят-хадистер-де айтылған. Бір құдси хадисте Алла тағала «Құлым мен жайлы қандай ойда болса, ақыретте оған со-лай қатынас жасаймын» деп бізді жақсы ойлауға шақырған.
Сол секілді тек қана адамдар жайлы емес, айнала-мызда орын алып жатқан оқиғалар туралы да жақсы ойлау қажет.
Әбу Дарда былай дейді: «Адамдар жек көретін үш нәрсені мен жақсы көремін: кедейлікті, науқастықты, өлімді. Кедейлікті жақсы көремін, өйткені ол тұрақтылық береді. Науқастықты жақсы көремін, өйткені ол күнәларымды өшіреді. Өлімді жек көрмеймін, өйткені ол мені Аллаға қауыштырады».
Құранда айтылғандай жек көру де, жақсы көру де шариғаттың шеңберінде орынды болмақ. Өйткені адам бір нәрсені жек көрсе, ол оған зиянды да, пайдалы да болуы мүмкін. Сол секілді бір нәрсені жақсы көрсе, ол пайдалы да зиянды да болуы мүмкін. Сондықтан
Құранда:
كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِتَالُ وَهُوَ كُرْهٌ لَّكُمْ ۖ وَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۖ وَعَسَىٰ أَن تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
«Сендердің жақсы деп ойлағандарың жаман, ал жаман деп түйген нәрселерің жақсы болуы ғажап емес»[3] делінген. Сонымен қатар «Тәубе» сүресінің 124 аятында:
وَإِذَا مَا أُنزِلَتْ سُورَةٌ فَمِنْهُم مَّن يَقُولُ أَيُّكُمْ زَادَتْهُ هَٰذِهِ إِيمَانًا ۚ فَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُوا فَزَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَهُمْ يَسْتَبْشِرُونَ
«Иман келтіргендер имандары артып, қуанады. Ал жүректерінде дерті барлар, олардың күпірлігіне күпірлік қосылып, кәпір болған күйде өледі» деп қандай жағдайда да мұсылманның иманы артып, қуана берсе, кәпірлердің имансыздығы артып, жек көрініші арта беретіндігі айтылып тұр. Мұның түбірі өмірдегі оқиғаларды дұрыс бағамдамай, күпірлік көзімен қарап, жаман ойлаудан туындайды. Сондықтан дұға еткенде тақуа ғалымдар: «Уа, Алла тағалам, бізге иманды сүйдіріп, жүрегімізде оны арттыра гөр. Күпірлікті жек көргізіп, оны бізден алыстата көр!» деп жиі дұға еткен.
Бірде Мұса пайғамбар Алла тағалаға: «Уа, Раб-бым, сенің жақсы көрген құлдарыңды жақсы көрмеген құлдарыңнан қалай ажыратамын?» – деп сұрайды. Сонда Алла тағала: «Мұса! Мен жақсы көрген пенделерімнің екі сипаты болады. Бірінші белгі, мен оған мені еске алу-ды, зікір етуді жақсы көрдіремін де жер мен көктегілерге оның атын жария етемін. Екінші белгісі, харам істерден оны ұзақ етіп, азабыма ұшыратпаймын», – дейді. Сосын: «Жек көрген пендеме де екі сипат беремін: мені еске алуды, зікір етуді ұмыттырамын және оны нәпсі қалауымен қалдырамын да, ол нәпсінің жетегіне кетіп, харам істеп азабыма ұшырайды», – деп жауап қатады.
«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.
Sunna.kz
[1] «Исра» сүресі, 36-аят.
[2] «Хужурат» сүресі, 12.
[3] «Бақара» сүресі, 216-аят.