Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Алматыда Мәуліт кешінде насихат айтты

0 411

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы Республика сарайында өткен Мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.

«Мәулiт – пайғамбарлардың сардары Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген, әлемді нұрға толтырған Құдай Тағаланың мейiрiм-рахымын молынан жаудырған тарихи күн. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Пайғамбарға салауат айтқан адам сансыз сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» деген. Біз бұл хадистен сансыз сауапқа кенелу үшін көбірек салауат айту қажеттігін түсінеміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар Бас мүфти рухани кешке жиналған жамағатқа асыл дініміздегі адал еңбек етудің маңызы жайлы атап өтіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маңдай термен нәпақа табуға жігерлендіретін қасиетті хадистерін мысал етті.

Ғибратты кеште Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылды. Сонымен қатар ғибратты сахналық көріністер қойылып, жыр-термелер орындалды.

Кеш соңында Бас мүфти рухани іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған белгілі меценат Бахарадин Аблазимовты «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Сонымен қатар билеттен түскен қаражатты көмекке мұқтаж азаматтарға табыстады. Сондай-ақ мерекелік бағдарламаға үлес қосқан белгілі жыршы Жәкен Омаровқа, «Өнер қырандары» мен «HasSak» ұжымына алғыс хатын табыстап, ризашылық ниетін жеткізді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.