Алла Тағаланың адам баласына берген ерекше нығметінің бірі – тіл. Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ، فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін»[1], – деген. Сол себепті біреудің ашуына тимес үшін әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойған абзал. Өйткені, адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді. Бұл жалғанда кей адамдар сөйлеу барысында боқтықты араластырмаса екі сөздің басын құрай алмайтын жағдайға жетті. Ол оның рухани тұрғыда төмен, жаны да, санасы да лас адам екенін меңзейді. Мұндай әдептен тыс жағымсыз сөздің жат көрінетіндігі соншалықты, оны адамның үлкен дәретінің атымен атайды.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде ондай адамдарға жәннатта орын жоқ екенін жеткізген. Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْجَنَّةُ حَرَامٌ عَلَى كُلِّ فَاحِشٍ أَنْ يَدْخُلَهَا
«Жәннат әрбір әдепсіз (іс-әрекетімен, тілімен) жан үшін кіруіне харам»,[2] – делінген.
Қазақы ортада жосықсыз балағат сөз айтып, адамды немесе адамдарды қорлағандар әдеттік заңның нормалары мен принциптеріне сәйкес жазаланып отырды. Тәуке хан (1678-1718) тұсында қабылданған, қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдар жинағы «Жетi жарғының» бесінші жарлығында «Кәмелетке жеткен баланы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек» деп жаза белгіленген. Осы зандар жинағында діни сенімге байланысты қылмыстың екі түріне, біріншісі — Құдайға тіл тигізуге де жаза белгіленді (келесісі құдайға сенбеу). Онда «жеті кісі куәлік етсе, Құдайға тіл тигізушіні таспен атып өлтіреді. Кәпір болған адамның бүкіл мал-мүлкі оның туған-туыстарының қарамағына өтеді. Сұлтанға не қожаға тіл тигізсе, ол адам бір тоғыз, яғни тоғыз мал айып төлейді, ал сабаса, яғни қол жұмсаса үш тоғыз, яғни 27 мал төлейді» деп көрсетілген[3].
Бүгінде балағат сөздерді аузына алмайтын адамдар кемде-кем.
Біріншіден, балағат сөздер сенің қандай адам екеніңді хабар береді.
Екіншіден, басқалардың сен жайлы жаман пікір қалыптасуына себепкер болады.
Үшіншіден, Балағат сөзді қосу арқылы сен басқалардан мықты болып көрінбейсің. Қазіргі уақытта бұл тек ер балаларда ғана емес, өзін топтың алдында көрсету үшін қыз балалардың да балағатты көп қолданатынын байқаймыз, бұл әрекетімен ол жігіттер қауымына ұнағысы келетін болар, алайда балағаттап сөйлейтін қызға жігіт жағы нәзік жанды, әйел заты ретінде қарамайды. Балағаттаушы қыз ол үшін тек ер балаға тән серігі болып қала бермек.
Төртіншіден, Сөзің анық, дұрыс әрі әдемі сөйлеуге ерінсең, ой-өрісің де соған сай болады.
Адамның балағат сөзін жиі қолдануы өзіне деген сенімсіздігі, психологиялық тұрғыда өзін қорғаудың бір жолы. Ғалымдар апатқа ұшыраған ұшақтағы қара жәшіктегі таспаны қосқан кезде көп жағдайда адамдардың соңғы сөздері балағатпен аяқталатын дәлелдеген.
Біреу сізді әдейі балағаттамақшы болған кезде, ол мұны не үшін жасап жатқандығы туралы ойлаңыз. «НЕГЕ?» деген сұрақ қойыңыз. Мүмкін өзінің дәрежесінің сізден жоғары екендігін көрсеткісі келген шығар…
Бұл жағдайда оған тек жанашырлықпен қарауыңыз керек. Ол осы қылығымен өзін ғана сендіре алады. Мүмкін сіздің көңіліңізге тиетін сөздер арқылы ашуыңызға тигісі келген шығар? Не үшін? Болмаса өзге біреудің өшін сізден алып жатқан болар? Ең әуелі адамның не себепті балағаттап жатқандығын анықтап алыңыз.
Егер сізді балағаттаған адамға бірден ашулансаңыз, қарсыласыңыз жеңістің мерей тойын тойлайтын болады. Оған мұндай мүмкіндікті беріп қойғыңыз келе ме? Ендеше дұрыс жауап қайтаруды үйренейік.
1) Ақымақтың өзі ғана ақымақ. Бұл сөздер таныс па? Бір-бірімен қатты ұрсысып жатқан адамдар туралы осылай деуге болады. Бір адам тәрбие мен ұстамдылықты шетке ысырып қойып ұрысты бастайды, екіншісі оның ырқына көніп ұрысты қостайды. Екеуіне де жанашырлықпен қарауымыз керек.
2) Кейде тіпті өзімізге бағытталған «жаман сөздерге» позитивті жауап қайтарып та үлгермей қаламыз. Ол жаман сөздер жүрекке ине секілді қадалады. Дұрыс жауап беруді білмесек те, артынша кек сақтап, ренжуді білеміз. Енді сәл кідіріп, осы ситуацияны сырттан бақылап көріңіз. Күлкілі әрі ақымақтардың ісі. Асыл өмірімізді не нәрсеге құртып жүрміз? Ашуланып тұрған адам өзгені ренжіткенін бірден ұмытып кетеді, ал ренжіген жанның жайы басқа.
3) Ал өзіңізді ренжіткен адаммен енді қалай сөйлесесіз? Егер ол жақын адамыңыз болса, оған барлығын ашып айтыңыз. Өзіңізді ренжіткенін де жасырмаңыз. Артынша міндетті түрде жеңілдеп қаласыз.
4) Бұдан өзге «аквариум» әдісі бар. Көпшілік жиналған жерде байбалам салып, барлығына ұрысып жатқан адамды аквариумдегі балықпен теңестіріп көріңіз. Аузының жыбырлағанын көргенмен, оның дауысын естімейміз.
5) Қазақ атам «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Мұның өзі де жақсы тәсіл. Бірақ, үлкен ұстамдылық пен сыпайылықты талап етеді. Яғни, балағаттап тұрған адамға сыпайы жауап қайтару. Немесе жәй ғана: «Не деген тәрбие көрмеген дөрекі адамсыз» деп айту. Бұл оттың үстіне суық суды құйып жібергенмен бірдей. Қандай жағдай болмасын, оның кідіріп қалуын пайдаланып, «ұрыс алаңынан» кетіп қалуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Ең жаманы – ұрысып тұрған адамға балағаттайтын сөздермен жауап қайтару. Дәл осылай жауап қайтару арқылы екеуіңіз ағайындыларға айналып, оның дәрежесіне түсесіз. Әрине, осылайша ашуыңызды тарқатып алуға болады. Әсіресе, дауысыңызды екі октаваға жоғарылатсаңыз.
Балағат сөзден қалайша арылам?
Мақсат қой. Неге бір ай не одан аз уақыт ішінде былапыт сөз айтпауға тырысып көрмеске? Жетістіктеріңді кестеге не күнтізбеге жазып жүрсең болады. Әр айтылған балағат сөздің артынша кедейлерге садақа берсең, не ораза ұстасаң қысқа уақытта жаман сөзден тыйылар едің. Бұл тек балағат сөзге қатысты емес, жалпы тіл арқылы жасайтын күнәлардан кейін осындай ізгі амалдарды жасап отырса, тілдің тозаққа жетелейтін көптеген ауруларынан құтылар еді.
Санаңды былапыт сөздермен улайтын нәрселерден аулақ бол. Араласатын орта, кино, видео ойындар мен музыка да жатады. Әннің ырғағы құлаққа жағымды болса, оған оп-оңай қосылып айтып кетуің мүмкін. Мұндай жағдайда ондай мәтіндегі өлеңдерді тыңдамау қажет.
Өзіңді ақыл-ойы толысқан адам ретінде көрсет. Кейбір адамдар бейәдеп сөздерді ересек болып көріну үшін айтады. Бірақ, шын мәнінде, бәрі керісінше.
Қоғамдық ортада адамның мәдениеттілігі, өресі биіктігі оның сөйлеуінен байқалады. Сөз арасында қолданылатын: кешіріңіз, мүмкін болса, мақұл көрсеңіз, рұқсат етсеңіз, қалауыңыз білсін т.б. сөздер тілге сыпайылық сипат береді. Мұндай майда сөздер үлкенге де, кішіге де жарасымды болып, адамның кішіпейілділігін көрсетіп тұрады. Шырағым, қарағым, қарындас, інішек, ағай, апай, атай, әжей секілді қаратпа сөздер үлкен мен кішінің арасындағы ілтипат, әдептілік көрсеткіштер. Адамның «сіз» бен «сен» сөзін орынды қолдануы да әдеп сақтауға жатады. Жылы, жағымды сөздер адамның көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Ал балағат сөздер адамның санасындағы қоқыстар. Қоқысқа толы санаға пайдалы мәліметтің де кіруі қиын-ақ. «Жылы жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деген мақалды осы мәселеге айтылғандай.
Осы орайда ойыма ертеректегі қазақ келіндерінің сөз әдебі жайында бір мысал келіп отыр:
Ертеректе бір қарияның балаларының аты Қамысбай, Қасқырбай, Қойбай, Қубай, Субай, Қайрақбай, Пышақбай, Баубай, Балтабай екен. Балтабайы үйге келін түсіріп, сол жаңа түскен жас келінді сынамақ болған атасы өзеннің ар жағынан сасқалақтап жүгіріп келіп: «Судың ар жағында, қамыстың бер жағында қойды қасқыр жеп жатыр. Жылдам ауылға хабар бер. Балтабай пышақ қайрап әкеліп, адал бауыздап алсын. Мен қасқырды қуып кеттім», – депті. Мұнысы – «қысылтаяң шақта келінім көргенсіздік танытып, өзінің қайын аға, қайын атасының атын атап қояр ма екен?» деген ойы ғой. Сөйтсе, келіншек не істеген десеңші, шапшаң төбеге жүгіріп шығып, күйеуіне: «Шапқы-ау, шапқы, шапшаң кел. Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Атам: «жаныманы білеуітке жанып әкелсін» дейді. Өзі ұлыманы қуып кетті», – депті.
Иә, осындай тапқырлығымен ел есінде қалып, аты аңыз болған келіндер баршылық[4].
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1] Бұхари хадистер жинағы
[2] Ибн Әби Дүния хадистер жинағында
[3]https://el.kz/news/archive/content-5158/https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D2%93%D0%B0%D1%82_%D1%81%D3%A9%D0%B7
[4] http://www.halyk-gazeti.kz