20 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына жасаған ресми сапары барысында Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде болып, студенттерге дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтема жасаған Sunna.kz сайты.
Жастарға насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Асыл дініміз Исламда жастар жайлы айрықша айтылған. Мысалы, Құран Кәрімде «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Сондықтан сіздер ұстамды, байсалды болуларыңыз керек.
Ұстамдылық пен даналық білім арқылы келеді. Білім – Алланың үлкен нығметі. Сондықтан жастық шақта барынша білім алуға ұмтылыңыздар. Сіздерге айтар ағалық кеңесім: ең бастысы, тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, қоғамға пайдалы тұлға болыңыздар. Жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, әуелі халықтың пайдасын ойла, сенің пайдаң соның ішінде. Алла Тағала баршаңызға жар болып, екі дүние бақытын нәсіп етсін!» деді.
Еркін форматта өткен кездесу соңында студенттер көкейінде жүрген сауалдарын Бас мүфтиге қойып, тұшымды жауап алды.