Адамның өз ғұмырында қол жеткізген ең асқақ жетістіктерінің бірі – кітап оқуға дағдыланып, пай-далы нәрселермен сананы дамыту. Кітап өмірлік тәжірибелерді бойына жинақтаған, көнеден сыр шертіп, болашаққа бағдар ұсынатын данагөй қария іспетті.
Кітап жайлы оның қадірін білгендердің бірі кітапқұмар шығыстық әл-Жахиз деген жазушы: «Кітап – айнымас дос, жалықтырмайтын серік, ақы сұрамайтын кеңесші, салмақ салмайтын көрші. Әрі сенен еш нәрсеңді алғысы келмейтін дос, алдамайды, екіжүзділік танытпайды, ай-ласын асырып та кетпейді» деген. Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» десе, Бауст: «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол» деген екен. Француз жазушысы Гюго да өз кезегінде:«Кітап – асып-та-спайтын асыл досымыз» деп ой түйеді.
Кітапқа қарасаң көзің тоймайды, жігеріңді қайрап, тіліңді байытады. Сонымен қатар жан дүниеңді тебірентіп, шешендікке баулиды. Өреңді кеңітіп, санаңды дамытады. Кітап арқылы адам басқаларды құрметтеуді үйренеді. Көп адамдар білмейтін нәрселерге қол жеткізесің. Әрі алданып қалудан аман, басқа біреудің есігінде тұрып телміріп білім алудан аулақ боласың. Өзіңнен мінезі нашар біреумен бірге отырудан, жамандармен араласудан, бай-манаптармен байланыс орнатып, оларға жалтаңдап тәуелді болудан ұтыласың.
Кітап күндіз саған қалай бойсұнса, түнде де солай бойсұнады. Сапарда да, жай уақытта да жаныңнан та-былады. Ұйқысырап әлсіздік танытпайды. Сен оған ештеңе бермесең де ол саған пайдасын беруін бір сәт те тоқтатпайтын ұстаз. Қаншалықты онымен бірге болсаң да жалықтырмайды. Оны сөреңнен алып тастамайын-ша, саған ізгіліктің нұрын төге береді.
Кітапқа ұзақ уақыт байлану адамды пайдасыз нәрсеге қараудан, бос сөйлеуден, мінезі жаман кісілермен араласып, жағымсыз қасиеттерін жұқтырудан аман сақтайды. Сонымен қатар ақиқатты танып, одан пайда алуға жәрдемдеседі, олай болмаса да бос қиялдардан қорғап, жалқаулыққа жар беруден, ойын-сауыққа әдеттенуден алыстатады.
Кітап өз иесі үшін аса үлкен нығметтерге жетелеп, болашаққа жол сілтейді. Сонымен, күнді бос күлкімен, түнді ой-ынмен өткізгеннен абзал нәрсе, ол – кітап оқу. Өмірін бос, мәнсіз, ізгіліктен мақұрым өткізгісі келгендер үшін кітап ешқандай пайда бермейтіндей, тіпті ақылына ақыл, тәжірибесіне тәжірибе қоспайтын секілді көрінеді.
Кітаптың артықшылығы жайлы төмендегі мәліметтерді ұсына кетейік:Әбу Ұбайданың айтуынша, Әлмуләһһәб деген кісі балаларына: «Әй, балаларым! Базарда тек қана білім алуға қажетті заттарды сатудан басқа іспен айналыспаңдар» деп өсиет қалдырған екен.
Бір досым маған былай деді: «Шам елінен келген бір ғалымның қасында болып, кітап оқыдым, одан көптеген әсер алдым. Ол кісі: «Бүкіл көркемдік кітапта ғана қалды» деді. Әл-Хасан Лулуйдің: «Қырық жыл бойы жатсам да, тұрсам да, отырсам да қолтығымнан кітапты тастаған емеспін» дегенін естідім.
Ибн Әл-Жаһм былай деген: «Ұйықтайтын уақыттан басқа кезде көзім ілініп, қалғысам даналық кітаптарының бірін қолыма алатынмын. Сөйтіп одан өзімді оятып, ұйқымды ашатын нәрсе табатынмын. Осылай жүрегіме қуаныш ұялайтын». Ибн Әл-Жаһм тағы бір сөзінде былай деген: «Егер бір кітап жайлы өте жақсы екен деп естісем, оны іздеп тауып алатынмын және одан пайда алуға тырысатынмын. Бітіп қалмаса екен деп оның парағы қаншалықты қалғанына қайта-қайта қарайтынмын. Ал, Құранның парағы қаншалықты көп болса, менің де өмірім соншалықты кәміл әрі қуанышты».
Әл-Утби кейбір ғалымдардың кітабына байланы-сты былай деген: «Егер кітап қалың әрі парақтары көп болмаса, оны қайта көшіретін едім».
Хәкім Абай: «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» десе, Ахмет Байтұрсынов: «Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді» деп көштен қалмауға шақырған.
Кітаптың маңызын жақсы түсінген М. Горький: «Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем»,«Кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі» деп сөз қалдырған. Серке Қожамқұлов: «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес», – деп жастарды кітап оқуға шақырған.
«Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» дегендей, кітаптардың ішіндегі ең ардақтысы мына кітап:
كِتَابٌ أُنزِلَ إِلَيْكَ فَلَا يَكُن فِي صَدْرِكَ حَرَجٌ مِّنْهُ لِتُنذِرَ بِهِ وَذِكْرَىٰ لِلْمُؤْمِنِينَ
«(Уа, Мұхаммед!): Бұл саған түсірілген кітап. Сондықтан көңіліңде кірбің болмасын. Бұл кітап саған (Аллаға асылық қылған адамдарды) ескертуің және мүміндерге насихат айтып, Раббыларының оларға деген рақымы мен кеңшілігін естеріне салуың үшін түсірілді» («Ағраф» сүресі, 2-аят).
Қорыта айтсақ, кітап оқудың көптеген пайдалары бар. Олар:
– Уәсуәса мен қайғыны сейілтеді;
– Жалған сөзге кірісіп кетуден сақтайды;
– Жалған айтушылармен араласудан сақтайды;
– Тілді машықтандырады, қате сөйлеуден сақтайды. Шешендікке баулиды;
– Ақыл дамиды, ой ұшқыр және сана таза болады;
– Білім дамып, түсінік кеңейеді;
– Адамдардың тәжірибесінен және ғалымдардың шешімінен пайда алады;
– Білім-ғылымды сараптауға және әртүрлі мәдениеттерді оқып, оның өмірдегі маңыздылығын түсінуге үйретеді.
Ислам жайлы кітап болса, иманның артуына себеп болады. Өйткені кітап көркем уағыз, жамандықтан ты-яды, жақсылыққа шақырады.
Сананың сан-саққа кетуінен, жүректі мазасыздану-дан, уақытты босқа өлтіруден сақтайды.
Сөзді байыппен түсінуге, мәтінді терең зерделеуге, одан мақсат етілген нәрсені түсінуге, сонымен қатар астарлы сөздерді түсінуге көмектеседі.
«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.
Sunna.kz