22 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рахымқызы Раиса ана» мешітінің әйел жамағаты арасында Алланың 99 көркем есімін жатқа айтудан интелектуалдық жарыс болып өтті, деп хабарлайды өкілдіктің баспасөз қызметіне сілтема жасаған Sunna.kz сайты.
Айта кетейік, аталмыш сайыс Ислам күнтізбесінде «қасиетті үш ай» деп қосарлана аталатын Ережеп, Шағбан, Рамазан айларының құрметіне орай ұйымдастырылып отыр.
Қасиетті Құран аяттарымен ашылған жарыс кіріспесінде жүргізушілер дәл осы үш айдың маңыздылығы мен қасиеті жайында, бұл айларда атқарылатын сауапты амалдар жайында мағлұмат айтып өтті. Сондай-ақ, көрермендер назарына бүгінгі жарыстың маңызын айшықтай түсетін арнайы бейнероликтер көрсетілді. Тіпті, үш кезеңнен өткен жарыс арасындағы үзіліс кезінде сұрақ-жауап викторинасы ойнатылып, «Ана қадірі» атты көрініс қойылды.
Шара соңында сайысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған қыз-келіншектер Махметтола Саякөз (1-орын), Әуезхан Жансая (2-орын), Баймұхамбетова Әселге (3-орын) ақшалай сыйлықтар табысталды.