Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Аллаға мадақ, пайғамбарға салауаттар болсын!
Елімізде шуақты көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесімен басталады. Баршаңызды бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға құт-береке, бақыт пен табыс тілеймін.
Адамгершілік пен имандылықты өмірінің қазығы еткен халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор болды. Тағдыр тауқыметін тартып, зобалаң замандарда қазақ жеріне пана іздеп келген түрлі ұлт пен дін өкілдерін бауырына басып, барымен бөліскен ата-бабаларымыздың бұл жақсылығы ұрпақ үшін мәңгі өнеге. Ендеше, жақсылықты жадымыздан шығармау – адамдық іс.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінездерінің бірі жақсылық жасаған адамға құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп, алғыс айту еді. Осыған байланысты Ислам тарихында мынадай ғибратты оқиға болған. Меккеде Алла елшісіне қатты қысым жасалған кезде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір топ мұсылманға дінді сақтап қалу үшін Эфиопияға көшуді бұйырады. Алла елшісі айтқандай, сол кездегі Эфиопия патшасы Нәжжаши әділетсіздікке жол бермейтін басшы еді.
Сонымен сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанашырлығымен Эфиопияға қоныс аударады. Бұл оқиға Аллаға серік қосушы меккеліктердің ызасын тудырады. Нәжжашиден мұсылмандарды кері қайтаруды сұрайды. Алайда әділ патша Эфиопия жеріне пана іздеп келген мұсылмандарға қиянат жасалғанына көз жеткізіп, оларды қайтарудан бас тартады.
Осы оқиғадан кейін арадан біраз уақыт өтеді. Жағдай тұрақталған кезде Эфиопиядан бір топ делегация келеді. Алла елшісі орнынан тұрып, құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп, олардың ас-суын әзірлей бастайды. Жанындағы сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Біз бармыз ғой» деп ишара білдіріп, дастарханның қамына кіріседі. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар менің сахабаларымды құрметтеген, жақсылық жасаған. Мен де оларға құрмет көрсетуді, жақсылық жасауды жақсы көремін» деген. Біз бұл оқиғадан жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі амалдарының бірі екенін анық аңғарамыз. Өйткені хадистердің бірінде: «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені» делінген. Демек, адамға алғыс айтқаның – Аллаға шүкір еткенің…
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти