Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алладан түскен кітаптар

0 12  417

Алла Тағала адам баласын мұсылман қылып жаратқаннан кейін оларға тура жолды көрсету үшін пайғамбарлар арқылы иләһи кітаптарды түсіріп отырды.

Иманның алты шартының үшіншісі – Алланың кітаптарына иман келтіру. Алла Тағала алғашқы адамзат пен тұңғыш пайғамбар Адам (а.с) Атадан бері адам баласына Өз әмірлері мен тыйымдарын ең бірінші сұхуф (парақ)тар деп аталатын бұйрықтармен білдірген.

Пайғамбарларға түскен кітаптардың кейбірі – бірнеше беттерден тұратын кішкентай кітапшалар. “Парақтар” деген мағынаны білдіретін бұл кітапшалар “сұхуф” деп аталады. Кейіннен адам баласы көбейіп қоғам болып қалыптаса бастағасын әр түрлі мәселелер ортаға шыққасын Өз тарапынан үлкен кітаптар жіберген. Алғашқы жіберген парақтар мен кітаптар өз деуірінің дұрыс кітаптары.

Парақтар қай пайғамбарларға түскендігін атап өтейік:

1) 10 парақ – Адам (алейһиссәләм);

2) 50 парақ – Шит (алейһиссәләм);

3) 30 парақ – Ыдырыс (алейһиссәләм);

4) 10 парақ – Ибраһим (алейһиссәләм).

Ал, үлкен төрт кітап мына пайғамбарларға түскен:

1) Таурат – Мұса (алейһиссәләм);

2) Забур – Дәуіт (алейһиссәләм);

3) Інжіл – Иса (алейһиссәләм);

4) Құран Кәрім – біздің пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед  (с.а.у.)

Алла Тағала Ниса сүресінің 136-аяттында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға, Оның елшісіне әрі сол елшісіне түсірген кітапқа және одан бұрын түскен кітапқа иман келтіріңдер», – деп әмір еткен. Демек, Алладан түскен кітаптарға сену иманның негізгі шарттарының бірі. Онсыз иман толық болмайды. Яғни, ең соңғы пайғамбар Мұхаммедке (ﷺ) түскен ең соңғы иләһи кітап – Құран Кәріммен бірге одан бұрын түсірілген кітаптарға да кәміл түрде сенуіміз қажет.

Парақтардың түскендігі жайлы Алла Тағала Ағла сүресінде «Шындығында бұл алғашқы парақтарда да болған – Ибраһим мен Мұсаның парақтарында» десе келесі, Ниса сүресінде «Біз бұрын Ибраһим әулетіне Кітап пен даналықты берген едік және оларға ұлы билік бергенбіз» деп келеді.

Бірде ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.): «Уа, Расулалла! Алла Тағала қанша кітап түсірген?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (ﷺ): «Алла жүз парақ пен төрт кітап түсірген. Адамға (а.с.) он парақша, Шииске елу, Ыдырысқа отыз және Ибраһимге он. Ал түсірген кітаптары: Тәурат, Забур, Інжіл және Құран», – деген.

Иләһи кітаптардың ұзын санын Алланың бір өзі ғана біледі. Сондықтан да мұсылманға: «Мен Алла Тағаланың түсірген барлық кітаптары мен парақшаларына һәм Құранда айтылған кітаптарға кәміл сенемін», – деп айтуы жеткілікті болмақ.

Алла Тағала баршамызды ізгі құлдардың қатарынан болуын нәсіп етсін!

Жомарт Анарбеков

«Ар-Рахман» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.