Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тәкаппарлық екі дүние кесірі

0 131

Кейде адам баласы «мен» деген сөзді қаншалықты көп айтатынын өзі де байқамай қалады. Бір кісінің жүрегіне үнемі өзін көрсету, мойындату, өзгеден жоғары екендігін білдіру сезімі ұяласа, онда ол жүректі білдірмей келіп шағатын улы жылан маңайлап жүр деп болжасақ қателесе қоймаспыз. Ол сезімді Ислам шариғатында «тәкаппарлық» деп атайды. Тәкәппарлық – араб тіліндегі «кибр» және «тәкәббур» сөздерінен шығады. Ол «үлкен», «ұлы болу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде ол «менмендік», «өркөкіректік», «кеудемсоқтық», «паңдық» деп те айтылады. Көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, мінез. Бұл, әрине, Алла тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипат. Алайда, бұл ойды адам тез байқап, бірден Алладан кешірім тілеумен жуып-шайып отырса, ол адамға көп зиян келтірмейді. Исламда менмендікті жоюдың маңыздылығы сонша – ол туралы қанша уақыт уағыз айтылса да артықтық етпейді. Өйткені, ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырмақ. Адам бойындағы болатын теріс қасиеттердің ең жаманы, нақұрысы, ең лайықсызы, ол тәкаппарлық, менмендік. Бұл Жаратушыға да, қоршаған орта, қоғам, жұртқа да мүлде жақпайтын қылық. Алла Тағала мұндай қылыққа қатаң түрде тыйым салған.

 ﴿وَلاَ تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحاً إِنَّكَ لَن تَخْرِقَ الأَرْضَ وَلَن تَبْلُغَ الْجِبَالَ طُولاً﴾  

«Жер бетінде алшаң басып жүрме, расында сен жерді тесе де алмайсың, биік таулармен де теңесе алмайсың» («Исра», сүресі 37-аят) .

﴿وَقَالَ مُوسَى إِنِّي عُذْتُ بِرَبِّي وَرَبِّكُم مِّن كُلِّ مُتَكَبِّرٍ لَّا يُؤْمِنُ بِيَوْمِ الْحِسَابِ﴾  

«Сонда Мұса: «Мен өзімнің де сендердің ортақ Раббымыздың атымен Есеп күніне сенбейтін әрбір тәкаппардан сақтанамын», – деді» («Ғафир» сүресі,27-аят).

﴿إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْتَكْبِرِينَ﴾ 

«Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды» («Нахыл» сүресі, 23-аят).

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: الْكِبْرِيَاءُ رِدَائِي، وَالْعَظَمَةُ إزَارِي، فَمَنْ نَازَعَنِي وَاحِدًا مِنْهُمَا أَلْقَيْته فِي جَهَنَّمَ«. رواهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُد وَابْنُ مَاجَهْ.

Пайғамбар (с.а.с.) бір құдси хадисте Раббысынан мынадай хабар жеткізген: «Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын» (Ибн Мәжжә хадистер жинағы).

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إيَّاكُمْ وَالْكِبْرَ، فَإِنَّ إبْلِيسَ حَمَلَهُ الْكِبْرُ عَلَى أَنْ لَا يَسْجُدَ لِآدَمَ«. رواهُ ابْنُ عَسَاكِرَ.

Пайғамбар (с.а.с.) үмбетін былайша сақтандырады: «Тәкаппарлықтан сақ болыңдар! Расында Ібіліс Адамға тәкаппарлықтан сәжде қылмаған болатын» (Ибн Аскир риуаят еткен).

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »كُلُّكُمْ بَنُو آدَمَ، وَآدَمُ خُلِقَ مِنْ تُرَابٍ، لَيَنْتَهِيَنَّ قَوْمٌ يَفْتَخِرُونَ بِآبَائِهِمْ أَوْ لَيَكُونُنَّ أَهْوَنَ عَلَى اللَّهِ مِنْ الْجِعْلَانِ«. رواهُ الْبَزَّارُ.

Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Уа, адамдар! Сендердің барлығың да Адам атаның ұрпақтарысыңдар! Ал Адам топырақтан жаратылды. Ата-бабаларымен мақтанатындар ондай қылықтарынан тыйылсын, болмаса олар Алланың алдында қи қоңыздарынан да төмен дәрежеге душар болады». (Баззар риуаят еткен хадис).

Тәкаппарлықтың адам бойындағы жағымсыз қылық екенін ізгілер де айтып кеткен.

Суфиян Сәури былай дейді: «Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәның кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді».

Хасан әл-Басри: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алла Тағаланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен», – деген. Өз-өзіне есеп беру, өз-өзімен айналысу, өз-өзін сөгу ізгі пенделердің дағдысы, тақуалыққа жетіп, имандарын жаңартудағы һәм жолы.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Халифа хазіреті Омар (р.а) бір күні арқасына үлкен әрі ауыр, кір қапты арқалап Мәдинаның ең үлкен көшелерімен әрең жүріп бара жатады. Оны көрген ұлы Абдуллаһ жүгіріп келіп:

– Әке мұныңыз қалай? Халиф деген атыңыз бар, қапты көтеретін адам таппадыңыз ба?

– Балам, қапты көтеретін адам таппай қалғанымнан емес. Бір мезетке нәпсімнің тәкаппарлығы бой беріп, өзің өзгеден жоғары көргенін сезіп қалдым, соны қайта жерге түсіру үшін осылай істеуім керек болды,- дейді.

Әділ Халифаның бірі болған Омар ибн Абдулазиз бірде үйінде қонақпен отырады, сол кезде Халифа Омар ибн Абдулазиз тұрып, шамды ауыстырып келеді. Халифаның бұл ісіне таң қалған қонақ, мұсылмандардың патшасы бола тұра шамды өзің ауыстырасың ба? Неге қызметшіге айтпадыңыз дейді. Сонда Омар ибн Абдулазиз: «Қызметші күндіз қызмет етеді, түнде демалуға хақысы бар емес пе?»-дейді. Ал мен тұрып шамды ауыстырған кезде Омар едім, қайта орныма отырған кездеде Омар болып қалдым. Еш нәрсем өзгермеді және еш нәрсем кемімеді де.

Құрандағы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы:

رَبِّ هَبْ لِي حُكْمًا وَأَلْحِقْنِي بِالصَّالِحِينَ

«О, Раббым! Маған даналық, парасат бағыштап, мені жақсылар қатарына қоса гөр!» («Шұғара» сүресі, 83-аят).

Мағынасы: «Аллаһым жүрегімде шаңның тозаңындай тәкәппарлық болудан саған сыйынамын!»

Хамзат Қажымұратұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.