Алланың жаратқан тіршілік иесі хайуан болсын, мейлі ақыл иесі болған адам болсын, жансыз зат болсын оны қарғауға, лағынет айту мұсылманға жат қылық. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадісінде:
الْمُؤْمِنُ لَيْسَ بِلَعَّانٍ
«Мүмін лағнет айтушылардан емес» (Тирмизи хадистер жинағы), –деген.
Ата-бабамыз өзінің ұрпағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген нақылды құлағына құйып өсірген. Осы сөзді санасына сіңірген қазақ халқы ешкімнің ала жібін аттамай, әр сөзін ойланып айтып, әр қадамын бақылап басқан.
Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан, екінші адамның озбырлығынан, тәкәппарлығынан туындайды. Сол себепті зұлымдыққа ұшыраған адамның, жетім, жесірдің қарғысынан сақ болу қажет, өйткені олар әлемдердің Раббысының ерекше қамқорында. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбарак хадисінде:
اِتَّقِ دَعْوَةَ الْمَظْلُومِ فَإِنَّهُ لَيْسَ بَيْنَهُما وَبَيْنَ اللهِ حِجابٌ
«Зұлымдыққа ұшыраған адамның жасаған (саған) дұғасынан аулақ бол, өйткені Алла мен оның арасында (дұғаның қабыл болуында) перде жоқ» (Бухари хадистер жинағы), – деген.
Өмірде талай жағдай орын алады. Кейде сондай қарғыстан бүтін бір әулеттің тұқымы тұздай құрып кетіп жататынын естиміз. Кезінде халықты адам төзгісіз қиындыққа ұшыратқан кейбір залым адамдардың өміріне зер салғанда ақыры қайғылы жағдаймен аяқталғанын білеміз әрі оны ешкім де жоққа шығара аламайды. Денсаулығы мен күші тасып тұрған шағында әркімге тізесін батырған кейбір залымдардың егде тартқан шағында түрлі қиындықпен тауқыметке ұшырап жатқанын естиміз. Халқымызда «Қара жерді жамандама, қайтып сонда барасың, қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың» деген нақыл осындайда жұмыр басты жандарға ой салар деген үміттеміз.
Бабаларымыз тәрбиенің ең үздік үлгісін көрсете білгені сондай ренжіткен, көңілін қалдырған адамның өзіне «Тұқымың жайылғыр», «Береке тапқыр», «Жәннатқа кіргір» деп айтатын. Өйткені қарғыс адам өмірін өзгертуі әбден мүмкін. Сол үшін жақсы сөз айтуды әдет еткен.
Қазіргі күні қарғысқа алғыс айтуды ешкім ескере бермейді. Мұндай сөзді ес тоқтата қоймаған жастар түгілі оң-солын таныған егде жастағы кісілердің аузынан естімейтін болдық. Керісінше өзінің немересіне ата-әжесі «тұқымың құрғыр», «демің өшкір» деген секілді ауыр сөздерді айтып, балағаттап, қарғап жатады. Әрине бұлай айту дұрыс емес, біреуге лағынет айтудың орнына ол адамға дұға жасап, хидаят тілесек Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін орындаған боламыз. Алла Елшісі ешуақытта қарғамайтын.
Қазақта «Кешірімшілдік көңіл кеңдігі» деген аталы сөз бар. Дінге қара күйе жағу ауыр күнә. Егер адам оның ауыр күнә екенін білсе, оны жасамас еді. Ондай жағдайда кешірімділік жасау көңілдің кеңдігі деп білеміз. Осы орайда адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділігі, кешірімшілдігі еріксіз ойға оралады.
Алланың хақ дінін адамзатқа жеткізу мақсатында Тайф қаласына барған оқиғасын есіңізге түсіріңізші. Тайф халқы исламды қабылдамады, онымен қоймай ардақты Пайғамбарға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тас боратып, қаладан қуып шығарды. Сол кезде мейрімді Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін таспен ұрған қауымға қарғыс жаудырып, лағнет айтқан жоқ. Керісінше, ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Бұл қауымды тура жолға сала гөр. Мен бұлардан мүмін ұрпақ шығуын тілеймін», – деп дұға еткен.
Бойына біткен жауынгерлік тік мінезге ие қазақ халқы қатал бола тұра, «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш!» дей отырып, қажетті жерінде кешірімге де бара білген. Мұндай қасиет он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағаланың діні арқылы келгені анық.
Хамзат Қажымұратұлы
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы