Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алматыда Сығанақи институтының филиалы ашылды

0 223

Алматы қаласында «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының Құран ижаза бөлімі ашылды.

Игі іс-шара қасиетті Құран аятымен басталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Өздеріңізге мәлім, жуырда Астана қаласының Сығанақ көшесінің бойынан Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты ашылды. Бұл – рухани саладағы көптен күткен үлкен қуанышты жаңалықтың бірі болды. Мақсатымыз – имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін ашу.

Сондай-ақ бұл бастама діни білім іздеп шетелге кететін жастардың өз елімізде білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Біз Астанадағы институт жанынан жас қариларды жігерлендіру мақсатында Ижаза беру орталығын іске қостық.

Бірнеше бағыттан тұратын Ижаза беру орталығын тәмамдаған шәкірттер ижаза куәлігіне қол жеткізеді. Бұл – терең діни білім алам, Құранды толық жаттаймын деген жас мамандардың, болашақ ғалымдардың рухани әрі ғылыми орталығы болады.

Бүгін Алматы қаласында болашақ қарилардың игілігіне берілген Ижаза орталығының бөлімшесі де осы мақсаттарымызды жүзеге асырады деген сенімдемін. Жаңа ғимарат құтты болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти орталықтың бөлімше директоры болып тағайындалған белгілі қари Ақжолтай Бақытжанұлына ізгі тілегін білдірді. ҚМДБ Төрағасы бөлімше ғимаратын аралап, жаңадан қабылданған шәкірттерге насихат айтты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.