Сауд Арабиясында бес парыздың бірі – қажылық құлшылығы тәмамдалды. Биыл қажылық рәсімі екінші жыл қатарынан коронавирус індетіне байланысты қатаң шектеулер жағдайында өтіп отыр.
Бұған дейін жыл сайын қажылыққа 2,5 миллион адам келетін болса, биыл Сауд Арабияның 60 мың адамына ғана парызын өтеуге рұқсат етілді. Олардың бәрі – коронавирусқа қарсы екпе алған, созылмалы ауруларға шалдықпаған 18 бен 65 жас аралығындағы ел тұрғындары.
Биылғы қажылықтың тағы бір ерекшелігі – Қағбадағы қара тасты ұстауға тыйым салынды. Сол үшін Қағбаны айналдыра қоршау қойылды. Ел билігі осындай шектеулердің арқасында биыл да коронавирустың таралуына жол берілмейді деп үміттеніп отыр.