Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әйел бақытының кілті

0 1  387

Әйел: Сәлеметсіз бе?

Имам: Әссәләмуалейкум!

Әйел: Бір жанұялық мәселемен келіп тұр едім.

Имам: Иә, қарындасым айта беріңіз.

Әйел: Күйеуіммен ұрыса беретін болып кеттік, қит етсе болды ұрсып шыға келеді, жүйкесі жұқарған ба білмеймін…

Имам: Ұрысқан кезде сіз не істейсіз? Бірге ұрсысасыз ба?

Әйел: Мен жай тұрамын ба? Мен де адамның баласымын ғой, мен де өзімнен сөз асырғанды көтере алмаймын.

Имам: Қарындасым ол сіздің күйеуіңіз ол сізден бір саты биік тұруы тиіс. Ол дауыс көтерді ме сіз үндемеңіз, әліптің артын күтіңіз. Тап сол мезетте шайтан өзінің жоспарын орындап жатыр, бұл айналасын шарпитын отқа сіз көсеу болмаңыз.

Әйел: Әйел екенмін, ерден бір саты төмен екенмен деп әр кез үндемей қалуым керек пе? Мәселе онымен шешілмейді ғой.

Имам: Ия ондай  кезде сіз бір сәт үндемей қалыңыз… Ашуы тарқайды, өзінің қателігін іштей сезінеді, сол кезде ақырын айтыңыз: «отағасы өткенде сіз маған былай деп айттыңыз, оныңыз дұрыс болмады» деп, байыппен айтсаңыз, ақылды еркек болса сабасына түсіп, қателігін түсінеді, кешірім сұрайды. «Ә» дегенде сіз «мә» десеңіз оның арты не болады? Ол лаулап тұрған отқа отын тастағандай, егер отқа ештеңе тастамаса ол біртіндеп өшеді.

Әйел: Дұрыс айтасыз имам, сізбен келісемін. Сіз имамсыз, діни біліміңіз бар, көпті көргенсіз. Маған бір өмірлік насихатыңызды айтыңызшы, соған амал жасайын, Алла сізге разы болсын!

Имам: Әр адам насихатқа мұқтаж, мұсылман мұсылманның айнасы дейді.

Біріншіден, Әйел адам қанағатшыл бола білуі тиіс, күйеуіңіз үйге не алып келсе, соны көп көріп, тиісінше шүкіршілігіңізді білдіріп, тиісті ризашылығыңызды айтуыңыз – нағыз парасаттылық, көрегенділік. Бала-шағаға киім-кешек алса, «міне әкелерің сендер үшін еңбектеніп, сендерге осыны сатып алды, қанекей, әкелеріңе рақмет айтамыз… Бұл міне Алланың,  одан кейін әкелеріңнің арқасында» деген сөзде жиі айтып үйреніңіз..

Екіншіден, адамдардың алдында күйеуіңіздің жақсы сипаттарын айтып отырыңыз.  Әсіресе туған-туысқандардың, жора-жолдастарының алдында оның мерейін үстем қылыңыз. Күйеуіңіздің жақындарына ерекше құрмет көрсетіңіз, ешкімге жамандамаңыз, әрдайым ашық қабақпен қарсы алыңыз, айтулы мерекелерде хабарласып, құттықтауды ұмытпаңыз. Ондай алтын келінді кім жақтамайды, тіпті күйеуіңізден бір оғаш қылық көрсе, оның әрекетін түзеп, қызындай, әпкесіндей болып кеткен сізге бауырын бұратын болады.

Үшіншіден, ұқыпты әрі жинақы болыңыз, күйеуіңіз, жақындарыңыз үйге келсе, үйдің іші ыбырсып жатпасын, «жанұя» деген ол жанның ұясы, рахат табатын жер болуы тиіс, тазалыққы ерекше мән беріңіз.

Төртіншіден, күйеуіңіздің тамағы тоқ, көйлегі көк болуы тиіс. Тамақты жүре істемеңіз, ұнайтын тағамдарын дайындауға тырысыңыз.

Бесіншіден, ешуақытта біреудің күйеуімен салыстырып, абыройын түсірмеңіз, «жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді» деген сөз бар, керісінше абыройын түсіріп, көрге сүйреп жүрмеңіз.

Алтыншы мәселе, өзіңіздің сыртқы келбетіңізге, киім киісіңізге мән беріңіз, күтініңіз, күлімдеп, шығарып салып, күлімдеп қарсы алыңыз.

Жетіншіден, еркекпен, еркектің орнына таласпаңыз. Жанұяға байланысты бір шешім қабылдамас бұрын  отағасымен ақылдасыңыз. Ол сөйлеп жатқан кезде сөзін бөлмеңіз, осындай тәртіпті көріп өскен, ұл мен қыз да ертең өз өмір жолдарын жеңіл табады.

Әйел: Алла разы болсын имам! Дұрыс айтасыз соңғы кезде бала-бала деп күйеуімізге, тіпті өзімізге қарауды қойдық. Осы айтылған нұсқауларды өмірімде ұстануға тырысамын.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.