Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Баламасы жоқ аппарат ойлап тапқан инженер бойжеткен кім?

0 828

Елімізде әлі күнге дейін “ерлерге арналған мамандық, қыздарға қиын жұмыс” деген түсініктер бар. Дегенмен бұл стереотипті бұзып, STEM (ғылым, технология, инжиниринг және математика) саласында оқып, жұмыс істеп жүрген қыздар саны көбейіп келеді. Солардың бірі – электроника және электротехника мамандығының 4-курсында оқып жатқан, 21 жастағы стартапер, инженер Алуа Жолғазы. 

Қазақстанда баламасы жоқ экоаппарат қалай пайда болды?

Мектепте оқып жүргенде халықаралық қатынастар саласын таңдағым келді. Гуманитария саласын жеңіл меңгеріп кететініме сенімді болдым. Сосын ойладым, неге техникалық мамандықты игеріп көрмеске деп, инжиниринг саласында өзімді сынап көргім келді. Қазір Назарбаев университетінде Электроника және электротехника мамандығының 4-курсында оқып жатырмын. Орта адамға қатты әсер етеді екен. Университетте әлеуметтік, гендерлік теңдік, экология, тұрмыстық зорлық сияқты мәселелерді жиі көтеретін. Сөйтіп қоқысты сұрыптауды әдетіме айналдырдым, әр қоқысқа мән беріп, оны жай тастай салмай, қайта өңдеуге жіберуді қолға алдым. Экология мәселесін ашық айта бастадық, ол туралы  түрлі мақала оқыдым.

Группалас құрбым екеуіміз әңгімелесіп отырып, қоқысты сұрыптау – адамзат қолға алуы керек маңызды мәселе екенін түсіндік. Сосын «Күнде қолданатын тауарлардың қаптамасын қоқысқа тастаймыз. Қалдықты азайту үшін тауарды өлшеп немесе құйылмалы түрде неліктен сатып алмасқа?» деген ойға келдік. Бұрын ата-апаларымыз сүтті өздерінің шыны ыдысына құйып, сатып алатынын еститінбіз. Осы әдет неге қазірге дейін жалғаспаған? Өйткені қазір мұндай қызметті ешкім ұсынбайды, Қазақстанда мұндай қызметтің жоқ екенін білдік. Интернеттен қарасақ, мысал көп екен. Шет елдерде тұрмыстық химия өнімдерін құйылмалы етіп сатады. Ол Zero waste shop (қалдықсыз дүкен) деп аталады. Мысалы, азық-түлік сатып алуға өз пакетіңізбен бару, сұйықтықтарды өзіңіз апарған бөтелкеге құйдырып алу. Ойлана келе, тұрмыстық химия өнімдерін құйып берумен айналысуды жөн көрдік. Неге мұндай өнім десеңіз, бір нәрседен бастау керек болды, әрі басқа тауар түрі тез бұзылады, кей адамдар өзі таңдаған брендтің өнімін ғана қолданады, сол сияқты кедергілерді  жоюға тырыстық. Бұл стартапты refillme деп атап, өз қаражатымызға бастап кеттік. Refillme ағылшын тілінен аударғанда «мені қайта толтыр» дегенді білдіреді. Яғни, бөтелке адамдарға «Мені толтыр» деген үндеу тастағандай болады.

Алуа ЖолғазыАлуа Жолғазы Refillme аппаратымен. Фото жеке архивінен

Бұл істі былтыр ақпанда бастадық. 1 жыл ішінде идеямыздың қаншалықты өміршең екенін тексергіміз келді. Әуелі  Astana Ecoshop-тың басшысымен келісіп, бірінші прототип аппаратымызды орнаттық. Ол басында механикалық сорғысы бар 5 литрлік бөтелке болды. Адамдар таңғалып, қызығып, сатып алатынын көрдік, олардың мұны ашық қабылдағанын байқадық. Кейін Нұр-Сұлтандағы «Невредный» дүкенінің басшылығымен сатылымның белгілі үлесін беретін болып келісіп, онда тағы бір прототипімізді орнаттық. Онда үш түрлі краны (киім жууға арналған гель, ыдыс жууға арналған гель және сұйық сабын) бар аппаратымыз 2 айдай тұрды. Біз экологияны қорғайтын стартап болғандықтан өнім де эко болуы керек деп шештік. Сондықтан өнімді Synergetic деген ресейлік өндірушіден тапсырыс бердік. Кейін жаңа аппарат шыққанда басқа өнімдерді де сынап көреміз. Тұрмыстық химия өнімдерін құйдырып алушылар саны көп болды дей алмаймын. Ең бастысы азаматтардың эко бастамаға қызығатынын байқадық. Осылай 2 жерге қойған прототипті бақылап, қорытынды шығарып, әртүрлі әлеуметтік, экологиялық жобаларды қолдайтын бағдарламаларды іздей бастадық, грант ұттық. Соның көмегімен қазір өзіміз ойластырған бірінші аппаратымыз құрастырылып жатыр.

Жаңа Refillme аппараты

Жаңа Refillme аппараттарының құрылу процесі

Адамдар тұрмыстық химия өнімдерін өз бөтелкесіне құйдырып алса, қаржысын 40%-ке дейін үнемдейді

Әлеуметтік, экологиялық гранттарға тапсырған кезде біздің стартаптың көп пайда табуын талап етпеді. Дегенмен олар стартаптың қаржылық тұрақтылығын қарайды. Біз қаржы моделін дайындап көрсеттік. Онда аппараттар ай сайын қанша табыс әкелетінін, қашан өз құнын ақтайтынын анықтадық. Бір аппараттың құны ақталуы үшін 11 ай жұмыс істеуі керек. Бір жылда тапқан табыстың жалпы сомасын есептемедік. Табыстың орташа сомасы 150 мың теңгенің көлемінде болады. Себебі өткен жыл ішінде дүкендерге байланысты аппарат қойылмай қалған кездері болды. Дегенмен біздің бастапқы мақсатымыз көп табыс табу емес, эко-аппараттарды қолданатын адамдардың бар екенін анықтап, бақылау болды. Адамдардың қызығатынын дәлелдедік, мұндай жобаның іске асатынына көз жеткіздік, сондықтан бір жылда мақсатымыз орындалды.

Алуа ЖолғазыАлуа Жолғазы. Фото: Айтжан Мұрзанов

Қазіргі жоспар бойынша маусым айына дейін 6 аппарат құрастыруымыз керек. Алғашқы аппаратымызды үйдегі гаражда құрастырдық. Қазір бір тұрғын үйдің жертөлесінде шеберханамыз бар. Командамызда 5 адам бар. Мен бизнес сұрақтарына жауап беремін.

Тұрмыстық химия өнімдерін құйып беретін аппаратты ірі супермаркет желілеріне қою жоспарда бар. Бірақ бір кедергі бар. Сол супермаркеттердің дистрибьюторлары біздің жобамызға жол бермеуі мүмкін. Кішкентай азық-түлік дүкендеріне қоюды да ойладық. Бірақ онда тұрғындар дұрыс түсінбей қала ма деп ойладық. Мұндай гипотезаларды алдын ала тексеріп көру қажет. Себебі бізде аппарат санаулы ғана. Алдын ала қай жерге қоюды зерттемесек, онда қоямыз немесе қоймаймыз деп дөп басып айта алмаймыз. Қазір дайындалып жатқан 6 аппарат тұратын жерді ойластырып қойдық. Оларды эко концепциясы бар дүкендерде орнатсақ, бізді ысырып тастамайтынына сенімді боламыз. Нұр-Сұлтанда 10 шақты экодүкен бар екен. Сосын Назарбаев университетінің кампусына да орнатамыз. Сондықтан әзірге 6 аппаратымызды қоятын жер жеткілікті.

Жобамызды Қазақстанның басқа қалаларында да іске асыру ойда бар, бірақ жуырдағы үш айда жоспарда жоқ. Франшизамызды сатып алғысы келетіндер өте көп. Бірақ біз стартап болғандықтан франшиза тарата алмаймыз. Біздің қазіргі мақсат – астанадағы процестерді ретке келтіру.

«Қазақстандағы 14 электр станциясын араладым»

Былтыр Renewable Energy Trip 2020 білім жолдамасын жеңіп алдым. Энергетика саласына қызығуыма мамандығымның және Refillme жобасының әсері болды. Сонымен бірге электр станцияларының экологияға қаншалықты әсер ететінін зерттегім келді. Сол арқылы Қазақстандағы жел, күн, су энергиясынан қуат алатын 14 станцияны араладық. Олардың ішінен біреуін таңдап, сол туралы жазу керек болды. Станциялардағы технологияны зерттедік, станцияға бөлінген қаржының жұмсалуын, оның қашан ақталатынын білдік. Зерттей келе, Саран қаласындағы күн электр станциясын таңдадым. Ондағы технология ұзаққа шыдайтынын байқадым, сонымен бірге ол жақта өте көп электр энергиясы өндіріледі.

Energy Trip 2020 қатысушыларыФото: Dku.kz

Мен де осы жолдамаға дейін Қазақстанда баламалы энергия көзі дамымаған деп ойладым. Алайда түрлі станцияны аралап, объектілерді көзіммен көріп, қолыммен ұстағаннан кейін ол ойымнан айнадым. Қазақстанда 30 шақты баламалы электр станциясы бар екен, оларда үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Кейінгі шыққан есеп бойынша 2020 жылы Қазақстанда өндірілген энергияның 3%-і баламалы энергия көзі екен. Бұл – Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш. Баламалы энергия көзін 2030 жылы 10%, 2050 жылы 50%-ке жеткізу жоспарланған. Бұл жоспарды орындауға Қазақстанның шамасы жетеді. Бізде қаржы да, технология да, құрал-жабдықтар – бәрі бар, тек мықты мамандар дайындау қажет. Әсіресе, инженер-электриктер, энергияның қайдан келіп, қайда кететінін түсінетін, команданы басқара алатын менеджер көшбасшылар өте қажет.

Болашақта өзімді экология саласынан көремін. Стартабымыз да экологияға байланысты, күннен, желден, судан алынатын электр саласына қызығуыма да соның әсері бар. Болашақта инжиниринг-менеджмент саласында білімімді шетелде жетілдіргім келеді. Бірақ қазір емес. Себебі стартапты қолға алғасын, мойнымда үлкен жауапкершілік тұр, оны жарты жолда тастап кете алмаймын. Қоғамның, бізді қолдаушылар мен қаржылай демеушілірдің алдындағы жауапкершілігімді ұмытып, қалағанымды істеп кете алмаймын.

aikyn.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.