Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлылар ұстазын қалай құрметтеген?

0 1  530

Жарық дүниенің есігін ашып, ес кіре бастағаннан әр адам дүниені танып-білуге талпынады. Сұрақ қойып, жауап алғысы келеді. Осы жолда ол бір адамға ерекше қарыздар. Ол – ұстаз!

Дүниеде мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Ұстаздық – барлық мамандықтың анасы» дейді дана халқымыз. Себебі, ұстаз алдынан дәріс алмайтын адам жоқ. Ұстаз берген тәрбие – жол сілтер шамшырақ. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  – бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын ұстазы Аристотельді: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым», – деп еске алатын болса, Жамбыл атамыз: «Менің пірім – Сүйінбай», – деп ұстазын «пір» санап, құрметтеген. Ал Абылай хан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» шайқасында жетім қалып, Төле би оны асырап, тәрбиелеп, оқытады. Сол себепті, хан Абылай да ұстазын сыйлаған. Шәкәрім де Абайды ұстаз тұтып: «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр, баралық», – деп жырға қосқан.

Ұстазды сыйлау – Ислам дінінің бұйрығы

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету – ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» (Хайсами, М. Зәуәид, Илм, 1/129, 30); «Надандардың арасындағы ғалым – өлілердің арасындағы тірі секілді» (Кәшфул-хафа, әл-Ажлуни); «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» (Тирмизи, Илм, 7) деп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.

Ұстазды сыйлау – білім алушының міндетті амалдарының бірі. Бұған оның алдында кішіпейілділік таныту, жүргенде алдына түспеу, есік ашып бірінші кіргізу, жөнсіз сұрақтармен мазаламау, бірінші болып сәлем беру сияқты істер жатады. Мұның барлығы бұрынғы өткен ғалымдардың өз ұстаздарына көрсеткен құрметтерінен алынған. Сол себепті атақты ғалым Тоус: «Ғалымды сыйлау – сүннеттен», – деген (Ибн Абдул Барр, «Жамиғу баян ал – илм», 17-бет). Шәкірт ұстазынан үйренген әрбір әрпі үшін рақмет айтуы тиіс. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де осыны меңзеп: «Адамдарға шүкіршілік қылмаған адам, Аллаға да  шүкірлік етпейді», – деген екен. (Әбу Дауд 4811)

Әбу Убайд Қасыйм ибн Саллям (Алла рақымына алсын): «Мен ешқашан мухаддистен кіруге рұқсат сұраған емеспін. Әрқашан оның өзі шыққанша күтетінмін. Өйткені, Алла Тағаланың: «Егер сен оларға шыққанға дейін олар сабыр етсе, әрине өздеріңе жақсы болар еді», (Хужурат, 5-аят) – деген сөздерін осылайша түсінетінмін», – деген.

Төрт имамның өмірінен алынған өнегелер

Имам Әбу Ханифа (Алла рақымына алсын).

Әбу Ханифаның білім алған қайнар бұлағы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озғаннан кейін Куфаға қоныс аударған Әли ибн Әбу Толиб  пен Абдулла ибн Мәсғудтан бастау алады. Осы сахабалардан білім алған Масруқ ибн Әжда, Алқама ибн Қайс және Шурайх ибн Харистан Әмир ибн Шәрахил әш Шағби мен Ибраһим ән Нахағи сабақ алған. Олардан Хаммад ибн Сүлеймен арқылы Әбу Ханифа білім үйренген (Әбу Заһра, «Әбу Ханифа», 68-бет). Сонымен қатар, Абдуллаһ ибн Аббастың құлы Икрима мен Абдуллаһ ибн Омардың азат етілген құлы Нафиғ арқылы  ілім алған, Меккенің фақиһы Ата ибн Рабахтан ұзақ жылдар бойы сабақ алған.  

Имам Әбу Ханифа мен ұстазы Хаммад ибн Әбу Сүлеймен арасындағы ұстаздық-шәкірттік қарым-қатынас ерекше болған. Имам Ағзам ұстазы Хаммад қайтыс болғанға дейін одан 18 жыл тоқтамастан сабақ алады және оны қатты жақсы көретін. Бұны өзінің: «Мен Хаммадқа кенеше жабыстым», – деген сөзінен байқауға болады.  

Бір сөзінде: «Хаммад қайтыс болғаннан бері әр намаздан кейін ата-анаммен бірге Ол үшін дұға етіп, Алланың рақымына бөленуін тілеп келемін», – деген. Ұстазын құрметтегені соншалық, «Хаммадтың үйі мен менің үйімнің арасында жеті бірдей көше жатқанына қарамастан, ол жаққа қарай аяғымды созған емеспін», – дейді.

Имам Мәлік ибн Әнәс (Алла рақымына алсын).

Имам Мәлік Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне ерекше құрмет көрсетіп, дәретсіз хадис риуаят етпейтін Жағфар Садықты өзіне ұстаз тұтады.  Сол кісі секілді өзі де хадис айтпас бұрын дәрет алып, әдемі киімдерін киіп, әтір себініп алатын. Сонымен бірге, сахабалар мен табиғиндерден де білім алған.

Имам Мәлікке хадис пен фикһ ғылымын үйреткен ұстаздарының бірі – ибн Һурмуз. Одан 13 жылдай дәріс алған. Ұстазы жайлы: «Ибн Һурмузден 13 жылдай дәріс алдым.  Осы аралықта айтып жеткізе алмайтындай білім үйрендім. Ол өз ойы мен нәпсісіне берілген жандарға тұщымды жауап беретін. Талас тудырған мәселелердің шешімін айтуда адамдардың ең білімдісі еді», – деген.

Мухаммад ибн Идрис Әш-Шәфиғи (Алла рақымына алсын).

Имам Шәфиғидің ұстаздары көп. Алайда, ол екі имамды өзіне ерекше үлгі тұтып, ұстаз ретінде құрметтеді. Олар – имам Мәлік ибн Әнәс пен Имам Мұхаммед әш-Шәйбани. Имам Мәліктің «Муаттасын» толық жаттап, имамның көзіне түсті. Одан 9 жылдай сабақ алып, Бағдатқа барған кезінде өзін «Имам Мәліктің шәкіртімін» деп мақтанышпен таныстыратын.

Бағдатта имам Мұхаммад Әш-Шәйбанимен танысып, оны өзіне ұстаз тұтты. Бір сөзінде: «Мұхаммед ибн Хасаннан тікелей өзінен түйе жүгіндей ілім алдым», – деп еске алатын.

Тіпті, өзіне бір рет қана ұстаздық еткен адамды да ерекше құрметтейтін. Мысалы, бір малшыны көргенде имам ізетпен орнынан түрегеледі. Қасындағылар: «Малшыға сонша құрмет көрсеткеніңіз қалай?» – деп сұрағанда: «Бұл кісі кезінде қанша кітапты қарап, таба алмаған бір мәселенің жауабын маған үйретіп еді. Сондықтан бір рет те болса ұстаздық жасаған кісіге құрмет көрсетуді өзіме міндет деп білемін», – деп жауап берген екен.

Имам Ахмад ибн Ханбал (Алла рақымына алсын).

Имам Ахмад өзіне ерекше ұстаз тұтқан екі тұлға бар. Олар – Әбу Юсуф пен имам Шафиғи.

Имам Ахмад 40 жасына дейін шәкірт оқыту, пәтуә беру мәселесімен айналыспаған. Тек білім алған. Себебін сұрағандарға: «Кейбір ұстаздарым әлі аман-есен жүргендіктен  дәріс беруім орынсыз», – дейтін. Тек 40 жасында, яғни 819 жылы алғаш рет дәріс беруге кіріседі. Себебі, сол жылы ұстазы имам Шәфиғи қайтыс болған еді. Бұл да ұстазды құрметтеудің нағыз үлгісі болса керек.

Имам Ахмад Имам Мәлік туралы көп естіп білген. Оның фиқһи үкімдерімен таныс болатын. Оны сыйлайтын. Мысалы, имам Ахмадтың көзқарасы бойынша мұрыннан қан кетсе немесе денеден қан алдырған жағдайда дәрет бұзылады. Бірақ, мұрындарынан қан кетіп, дәрет жаңартпаған имамға ұйыған кезде, шәкірттері оның бұл қылығын түсінбей дал болатын. Оларға имам Ахмад жауап ретінде: «Имам Мәлік пен Саъд ибн Мусаияб секілді имамдардың артынан қалайша ұйымайын?» – деген екен. Себебі, Имам Мәлік пен Саъд ибн Мусаиябтардың көзқарасы бойынша мұрыннан не дененің кез келген жерінен шыққан қан дәретті бұзбайды».

(Шаһ Уәлиуллаһ әд Дәһләуи, «Хужжатуллаһи Балиға», 1/296).

Шәкіртке жарасымды мінез

Шәкірт өз ұстазын сыйлап, есімін қадір тұтуға міндетті. 

«Бойында бекзаттығы бар кісі әмірші болса да, төрт нәрсені жасауға арланбайды: әкесі шақыртса, орнынан тұрады; ұстазына қызмет көрсетеді; білгенін сұрап алады; қонағын құрметтеп күте біледі», – деген ұлағатты сөз қалған.

Әли ибн Әбу Толиб (Алла оған разы болсын): «Ғалым адамнан өздеріңді толғандырып жүрген мәселеде жауап алғыларың келсе, мына нәрселер естеріңде болсын! Жауап бергісі келмесе, оны қыстап, қинамаңдар. Жата-жабысып, есін шығармаңдар.  Қолыңмен не көзіңмен ымдап, ыңғайыссыз жағдайға қалдырмаңдар. Жиналыс үстінде сұрақ қойып, мәжілістің шырқын бұзбаңдар. Қателік жіберсе де, онысын елдің көзінше айтпаңдар. Әрі кешірімін қабыл етіңдер. Оған: «Пәленше мұны басқаша айтты емес пе?» – демеңдер. Оның қасында біреуді жамандаушы болмаңдар. Кімде-кім оны көзінше балағаттап, бетіне айыбын басса  немесе оны жамандап, ғайбаттаса, оған ара түсіп, қорғап, қолдаңдар. Ол қатынасқан жиынның үстінен түссеңдер, барлығына жалпылама және оған арнайы бөлек сәлем беріңдер. Әрдайым оның қасынан табылуға тырысып, оның қандайда бір шаруасы шықса немесе мұқтаждығы болса, оған елдің алды боп көмек қолдарыңды созыңдар. Оның көңілінен шығуға тырысыңдар. Ол сағаттап ұзақ сөйлесе де, сөзін бөлмеңдер және сөзін аяғына дейін тыңдамай тұрып кетпеңдер. Айтарын айтып біткенше күтіңдер», – деген екен (Әл-Һинди, «Кәнзул Уммал», 10/523, 29520).

Шейх Мухаммад ибн Абдул Азиз әл Мәни: «Ұстаз туралы өсек тарату – жақсылыққа жамандықпен жауап берген секілді. Көптеген шәкірттер осылай жасағаны үшін білгенінен айырылады. Қайта, ұстаздың еңбегін бағалап, ол үшін дұға жасаған дұрыс», – деген.

Ибн Жамааъа: «Ұстаздың алдында жаңадан Құран үйреніп жүрген бала секілді басыңды иіп отыр. Бостан-бос жан-жағыңа алақтай берме, басқа жақтан шу шықса да, назарыңды бұрма. Оның алдында отырғанда жеңіңді түрме, сақалыңды сипама, мұрның мен тісіңді шұқыма, ауызыңды керме, тісіңді шықырлатпа, жерді сабалама, түймеңмен ойнама, саусақтарыңды салалама, жерді сызба, әр нәрсені түрткілеп ойнама. Ұстаздың алдында оған сыртыңды беруге не қырыңды қаратуға, жамбастап жатуға не шалқалап қисаюға болмайды. Оның көзінше көп сөйлеп мылжыңдау да, анайы сөз айтып жұртты күлдіру де, көргенсіздік таныту да әдепсіздік. Бос сөзге елігіп күлме, ұстазың қуанбаса, сен қуанышыңды білдірме. Күлкіге булығып, күлу қажеттілік болса, тек жымиюға тырысып бақ. Жөтелме, қақырма, түкірме. Түкіргің келсе жерге емес, орамалға, ол болмаса киімнің шалғайына түкір. Түшкірсең бетіңді орамалмен көлегейлеп түшкір. Ал еріксіз есінейтін болсаң, ауызыңды алақаныңмен жабуды естен шығарма», – деп жазады. (Ибн Жамаға, «Тазкирату самиъ», 97-98-беттер)

Қорыта келгенде, әр мұсылманға ілім үйренуді парыз еткен Ислам дінінде ұстазға деген құрмет жоғары бағаланған. «Мен сіздерге барлық нәрсені үйрететін әке сияқтымын» (Әбу Дауд 1/18) – деген соңғы елші, ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбарымыздың да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлемге үйретуші ұстаз ретінде келгені тегін емес. Олай болса, ертеңгі өмірдің баянды да бақытты болуын қалаған әрбір адам ұстазға құрмет көрсетуді өзіне қастерлі борыш деп білуі тиіс.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.