Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АЗАН ДАУЫСЫ АЗАЙҒАН ЖОҚ, КӨБЕЙДІ

0 10  506

Тұрғындар заң аясында айтылып жатқан азанның дауысына төзімділікпен қарағаны дұрыс. 

Азан – ислам дінінің ұраны. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген қанатты сөз бар. Азанның қоғамға берері көп. Мысалы, қазақтың салт-дәстүрі бойынша дүниеге келген нәрестенің құлағына азан айтып жақсы ат қойылады. Ондай баланың жолы болып, өмірде өзінің орнын табады деп күтіледі.

Ал егер бес уақыт азан шақырудың басты мақсаты күрбелең тіршіліктің қамындағы пенделерге Алланы және ақірет күнін еске түсіру екендігін ескерсек, қоғамның рухани өмірін дамытуға үлкен үлес қосары анық. Сондай-ақ, жұма намазына арналған азанның да қасиеті керемет.

Сондықтан да, қасиетті Құранда: 

«Уа, иман келтірген жандар! Жұма күні намазға азан шақырылған кезде саудаларыңды тастап, Алланы еске алуға (құтпа тыңдап, намаз оқуға) асығыңдар! Біле-білсеңдер, сендерге ең қайырлысы осы. Намазды оқып болғаннан соң жан-жаққа тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп-көп еске алыңдар, мүмкін, бақытты боларсыңдар»,– деп адамды өзін-өзі тәрбиелеуге, ерік-жігерін бағындыруға, бақыт жолын іздеуге талпындырады.

Азан – қазіргі Қазақстан қоғамында имандылық пен рухани мәдениеттің маңызды атрибутына айналды.

Десек те, Қазақстан зайырлы әрі көп конфессиялы мемлекет болғандықтан мешіттердегі шақырылатын азан дауысы шектен тыс зорайтылып, сол арқылы мешітпен көршілес тұрғын үйлердегі азаматтарға зарар беруге де болмайды. Осыны ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уақытқа дейін өзіне қарасты барлық мешіттердегі айтылатын азанның дауысы ҚР заңнамасындағы талаптарға сәйкес 30-45 децибелден аспауын қадағалап келген болатын. Алайда, жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен еліміздегі мешіттердегі азан дауысын 70 децибелге дейін көтерген еді. Бұл да мұсылмандар үшін жағымды жаңалықтардың бірі екендігі анық. Дегенмен, осы азан даусына байланысты ақпаратты кейбір БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде бұрыс бағытқа бұрмалап, жоқ жерден кінәрат іздеп, бүлік іздегендер көріне бастады. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан ресми ақпарат алмастан, өз білгендерінше тәпсірлегені көрініп тұр. Аталмыш бұрыс бағыттағы ақпарат бір қараған мұсылмандарға жанашырлық танытқан сипатты болғанымен, материалдың түпкі мақсаты «тырнақ астынан кір іздегендігі», ел ішінде алауыздықты тудыруды көздегені көрініп тұр.

Сөз соңында айтпағым, мешіт қызметкерлері мен мешіттің көршілері бір-бірлеріне түсіністікпен қарап, бірліктерін арттырса екен деймін. Мешіттегі молдалардың азан айтқанда дауыс зорайтқыштарды заңда көрсетілген талаптан асырмауы көршілерге көрсеткен құрметі болар еді. Ал, тұрғындар заң аясында айтылып жатқан азанның дауысына төзімділікпен қараса қасиетті ғибадат орындарына, ислам дініне деген құрметтерінің көрінісі болары хақ.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.