«Жау жоқ деме, жар астында» демекші, жер бетінде қауіп-қатер көбейіп тұрған кезеңде сақтанбасқа және сақтандырмауға болмайды. Ата дінінен сауаты да, түсінігі де жоқ жастарды жат ағымдарға қарай бұрып, тура жолдан тайдырып жүрген теріс пиғылдылардан арашалағаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді екені анық. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан шаралар да аз емес.
Сондай шаралардың бірі бүгін «Қоғамдық тамақтандыру және сервис» колледжінің студенттерімен өтті. Кездесуде «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков «Жат ағым несімен тартымды?» тақырыбында баяндама оқып, жастардың жат ағымға кетуінің себептерін, осы мәселенің алдын алу шаралары туралы түсіндірді. Жат ағымдардың жетегінде адасқандар бүгінгі қоғамның айықпас бір дертіне айналды. Тағдырдың басқа салған қиындығын оңай жолмен еңсеремін деп, білместіктен немесе діни сауатсыздықтың салдарынан өзге діннің шырмауына түсіп, өрескел қателікке жол беріп жатқандар қаншама. Болашағы бұлыңғыр діни ағымдардың ақ-қарасын ажырата алмай жатуымыздың бір себебі сауатсыздықтан.
– Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, жат ағымның жетегінде кетпеуін, дәстүрлі құндылықтарды сақтауын қолға алуымыз қажет, – деген Хамзат Әбілбеков діни саласында серпінді жұмыстар өз нәтижесін береді, тек ата-аналар өз балаларының күнделікті ғаламторда қандай сайтқа кіріп, жат ағымның жолына түсіп кетпеуін қадағалау керектігін тілге тиек етті.
Өзекті тақырыпта кездесу өткізіп, жат ағымдардың жарға жығар жол екенін, ол тығырықтан қалай шығу керектігі жайлы тереңінен түсіндіріп берген, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Хамзат Әділбековке колледж әкімшілігі мен студенттері алғыстарын жеткізді. Көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алды.
Расында да дін – бұл бір тұңғиық теңіз. Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін рухани құндылықтық идеяларды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. Осы ретте, қазақ қоғамы алдында жастарды рухани тәрбиелік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі тұр. Ал, мұндай мәселелерді шешу осындай шарапаты мол кездесулерден бастау алатынын ұмытпайық.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі