Алматыда өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің XXXI мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қайраткерлерін ақтауға арналған конференция өтетінін мәлімдеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде Мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Қазақстан мұсылмандары дін басқармасы Мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу жұмыс тобымен бірлесіп, дін қайраткерлерін ақтауға арналған республикалық конференция өткізуді қолға алдық.
Конференция мақсаты – Кеңес дәуірі тұсында саяси қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерін анықтау әрі оларды ақтауға үлес қосу. Сонымен қатар ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди сенімін халыққа насихаттау» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары арасында молдалар, ахундар, ишандар, жалпы дін қайраткерлері болды. Біздің ендігі мақсат – жазықсыз өлім жазасына кесіліп, әлі күнге дейін ақталмаған дін қайраткерлерінің мұраларын жаңғыртып, есімдерін елге таныту.